Балғын хоккейшілер барын салып жатыр

Қазақстан хоккейінің қара шаңырағы – Өскеменде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай оқушылардың облыстық «Жұлдызша» турнирінің жалауы желбіреді. Жыл сайын өткізіліп келе жатқан дәстүрлі жарыстың ашылу салтанаты Борис Александров атындағы Спорт сарайында өтті. Бұл күні «Жұлдызша-2016» жарысының бір матчын облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ те тамашалады. Ал турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бастаған құрметті қонақтар қатысты.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған спорт мерекесінде өңірдің аудан-қалаларынан келген 16 команда наурыздың 23-іне дейін бақ сынайтын болады. Атап айтқанда, Өскемен, Семей қалаларының, Бородулиха, Күршім, Көкпекті, Зырян, Жарма, Ұлан аудандарының өкілдері жас ерекшеліктері бойынша екі топқа бөлінген. Жеңімпаз болғандар республикалық сайыста Шығыс Қазақстанның намысын қорғайды.
– Шығыс Қазақстанды отандық хоккейдің ұстаханасы деп мақтанышпен айтамыз. Біздің облыстан Б.Александров, Е.Паладьев сынды даңқты хоккейшілер шыққан. Сондықтан осындай дүбірлі жарыстың Өскеменде өтуі заңдылық. Бүгінгі жарыста мықты команда жеңіске жетсін. Облыс басшылығының атынан барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деп турнирдің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Жақсылық Омар мұз айдынға конькимен және 88 нөмірлі хоккей киімін киіп шығып, алғашқы ойынды өткізгелі тұрған қос команда капитандарының ортасына шайбаны тастады.
Жас өрендердің ойынын сонымен қатар, «Торпедо» хоккей командасының капитаны Евгений Фадеев, белді ойыншылары Александр Шин, Досжан Есіркепов және басқа да мәртебелі меймандар тамашалады.
– Бүгінгі жарысқа қатысушылардың арасынан ертеңгі күні мықты спортшылар шығатынына сенім мол. Осындай турнирлер жасөспірімдердің талантын ашып, танылуына мүмкіндік береді. Облыс әкімі орынбасарының осылайша айдынға хоккей формасын киіп, салауатты өмір салтын насихаттауы кейінгі өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі, өнеге, – дейді «Торпедонің» капитаны Евгений Фадеев.
Жібек маталар комбинаты ықшам ауданында орналасқан хоккей модулінде алғашқы кездесулерін өткізген Өскеменнің қос командасы тартысты ойын өрнегін көрсетті. Қарсыластардың біреуі облыс орталығындағы жалпы білім беретін орта мектептердің намысын қорғаса, екіншісі былтыр күзде ашылған спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың атынан сынға түсті.
– Мұндай жарысқа бірінші рет қатысып тұрмын. Аягөз ауданы, Ақтүбек ауылының тумасымын. Жетінші сыныпта оқимын. Былтыр қыркүйек айында емтихан тапсырып, мектеп-интернатқа оқуға алындым. Содан бері шайбалы хоккейдің қыр-сырын үйренудемін. Өзім осы спорттың түрін қатты ұнатамын. Келешекте елімнің атын шығаратын хоккейші болу үшін барымды салып жаттығып, жоғары нәтижелер көрсетуге тырысамын, – дейді Әли Қабдианов.
Мектеп-интернаттың оқушылары шынымен де дарынды екен. Айналдырған алты-жеті айдың ішінде табандылық пен қажыр-қайратты, шеберлікті қажет ететін шайбалы хоккей сынды күрделі спортты еркін меңгеріп алғандықтары айдындағы ойындарынан, қимыл-қозғалыстарынан анық аңғарылады. Қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, жанкүйерлердің зор қошеметіне бөленуі сондықтан болар.
– Тіл-көзден сақтасын. Шәкірттерімнің барлығы да осал емес. Үйренуге, білуге деген талпыныстары күшті. Азғана уақытта хоккейді меңгерді. Шынын айту керек, кейбіреуі алғаш келгенде конькимен әупірімдеп әрең жүретін. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай, мұз айдында зулайды. Соққылары, қимыл-қозғалыстары қандай десеңізші. Отандық хоккейдің болашағы осылар ғой, – дейді спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп интернаттың қызметкері (бас бапкер), бұрынғы «Қазцинк-Торпедо» хоккей командасының қақпашысы болған Владислав Андрианов.
Серік Әбілхан