Қоғам

Балық шаруашылығының мамандарын даярлаймыз

Балық шаруашылығының мамандарын даярлаймыз


Балық шаруашылығы – әлемдегі ең ежелгі және ең маңызды саласы. Қазіргі кезде дүние жүзі бойынша ауланатын балық пен өндірілетін теңіз өнімдері жылына 100 миллион тоннадан асып отыр. Бірақ біздің елімізде бұл сала кенжелеу қалып отыр. Өте өкінішті. Балықтан бағалы тағамдар жасалады. Балық еті ғана емес, ұны, майы да адам денсаулығына аса пайдалы. Семейдегі Қазтұтынуодағы агробизнес және экономика колледжінің директоры Тұрсын Жандыбаев облыстағы кенжелеу қалған балық шаруашылығын дамытуға септігі тисін деп арнайы бөлім ашқанына біраз уақыт болды. Осы саланың жетістігі мен олқылығы жайында әңгімелеп берген-ді.

– Балықтың оннан тоғызы теңіздер мен мұхиттардан, ал қалған бөлігі тұщы сулардан ауланады. Балықтың және басқа теңіз өнімдерінің маңыздылығы – олардың құрамындағы нәруыз мөлшері мал мен құс етінен кем түспейтіндігінде. Сондықтан қазіргі таңда дүние жүзілік су айдындарында 20-30 мыңға дейінгі ірілі-ұсақ балық және басқа да теңіз өнімдерін аулайтын кемелер жүзіп жүрсе керек. Олардың басым көпшілігі ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерімен жабдықталған. Балық аулаудан бастап, дайын өнімдер шығаруға дейін, мәселен, әртүрлі консервілер дайындап, кептірілген балық және көптеген технологияларды толық жүзеге асырады. Балық шаруашылығы – еліміздегі әлі де болса дамытуды қажет ететін сала. Себебі, технология дамуы керек және осы салаға оқытатын мамандар санын көбейту қажет. Бұл «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңмен бекітілгендігін айта кеткен жөн. Үкіметтің 2013 жылғы 18 ақпандағы қаулысымен «Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасы» бекітілді. Балық шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында шаралар әзірлеу жөнінде жұмыс тобы құрылды. Біздің Қазтұтынуодағы агробизнес және экономика колледжі балық шаруашылығы мамандығын аштық. Білікті, бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауға колледжімізде барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Мамандықты игеруге білікті оқытушылар тәжірибелік дәрістерді өткізуге арналған қажетті құралдармен, зертханалармен жабдықталған. Сондай-ақ, колледж ішінен зертханалық кабинет ашылып, керекті құралдармен толықты. Бұл да осы саланы дамытуға қосылған үлестердің бірі деп есептеймін.

– Білімді тәжірибемен ұштастыру аса маңызды, олай болса балық шаруашылықтарымен және осы сала кәсіпкерлерімен байланыстарыңыз қандай?

– Әрине, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру үшін келісім шарттар жасалуда. Атап айтсам, Өскемендегі «Бұқтырма балық өсіру шаруашылығы басшылығымен, Зайсан – Ертіс облысаралық балық шаруашылығының бассейндік инспекциясымен келісімшарт жасасып, ал Көкпекті, Жарма аудандарындағы шаруашылықтармен балық өндірісі жайында, көлдеріне ұсақ майшабақтар жіберіп, өсімін молайту негізінде біршама жұмыс жүргізілді. Астана қаласынан балық шаруашылығы саласының арнайы маманын шақырып, тәжірибе алмастық. Әлі де алда сала кәсіпкерлерімен байланысымызды кеңейтсек деген жоспарымыз бар. Білім алушылар оқу барысында «Балық шаруашылығы» мамандығының кәсіби қыр-сырына қанығып, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып отыру мақсат етіп қойылған. «Балық шаруашылығы» мамандығын игеру қиын да қызық. Өсіп келе жатқан жас перзент сияқты балық шаруашылығының да болашағы зор, осы саланы меңгеру, кадрлар даярлау арқылы біз мемлекетіміздің көркеюіне де, болашақ жастардың жұмыспен қамтылуына да үлес қоспақпыз.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button