Руханият

Балдырғандардың шат-шадыман қуанышы салтанат құрды

Балдырғандардың шат-шадыман қуанышы салтанат құрды

Бақытты балалық шақтың базары ешқашан тарқамайды. Халықаралық балаларды қорғау күні облыс орталығы Өскеменде де кең көлемде аталып өтті. Мыңнан астам бүлдіршін Өскеменде жаңадан бой көтерген облыстық драма театрының алғашқы көрермендері атанды. Балаларға арналған қойылымды кішкентай көрермендермен облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ бірге тамашалап, бұл күні балаларға арналған бірнеше емдеу мекемелерінің де хал-ахуалымен танысты.

«Нұрлы жол – біздің болашаққа барар жол!». Облыс орталығындағы балалар күніне арналған мерекелік шерулердің барлығы да осындай ұранмен өтті. Мереке жаңадан бой көтерген облыстық драма театрының алдында бастау алды. Тұнық аспан астында балдырғандардың күміс күлкісі мен шат-шадыман қуанышты дауысы салтанат құрды. Мұндағы кішкентай қолөнер шеберлерінің көрмесі де көрген жанның көзін сүйсінтеді. Әсіресе, жас техниктердің жасаған ұшақтары қандай?! Түрлі спорттық жарыстар мен эстафеталарға да бүлдіршіндер зор ықыласпен қатысуда. Сондай-ақ, асфальттағы бүлдіршіндер салған суреттерді де тамашалап жатқандар жетерлік.
– Менің қызым сурет салғанды өте жақсы көреді. Қиялы деген керемет! Бұл жолы да еліміздегі бейбіт өмірдің белгісіндей болған «Бәйтеректі» салып жатыр, – дейді сүйкімді бес жасар Айдананың анасы Сәуле Серікқазы.
Десе де, қаладағы түрлі өнер мектептерінің шәкірттері қатысқан «Балалық шақтың кемпірқосағы» атты фестиваль мерекені одан әрі әрлеп, ажарын аша түскендей болды. Әсіресе, 500-ге жуық оқушы «Салкүрең» мен «Келіншек» күйін күмбірлеткен кезде жиналған қауымның көңіліне қуаныш ұялады. Жалпы, фестивальға қатысқан әнші, күйші, биші балапандардың өнері балаларды ғана емес, ата-аналар мен ұстаздарға да көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Осынау думанды мерекеге облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ куә болып, балаларға арналған спектакльді де тамашалады.
– Жоғары қабаттан мейрамхана ашу керек. Онда түрлі сусындар мен кофелер беріліп, әдемілік пен мәдени атмосфера сезіліп тұрғаны жөн. Сіздер зиялы қауымсыздар ғой, театрға келушілер мәдениет ошағына келгенін сезінуі қажет, – деген кеңес берді облыс әкімі театр директоры Дінмұхаммед Ұябайға. Сонымен қатар, әлемдегі түрлі халықтардың спектакльдерін сахналайтын әртүрлі ұлт өкілдерінің жастарынан құралған труппа ұйымдастыру жағын да ойластыру керек екенін айтты.
Балаларға арналған бөлімге қатысты облыс әкімі жұмсақ орындық пен ойын алаңы үшін кілем жабындысын, сондай-ақ тез сынып қалмайтын ойыншықтар алуға кеңес берді.
– Репертуар мен гастрольдің жоспарын жасаңыздар. Театр гастрольге шығуы керек, – деді облыс әкімі.
Халықаралық балалар күніне тұспа-тұс келген жұмыс сапары барысында облыс басшысы Өскемендегі психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі жанындағы мүгедек балаларға арналған жазғы стационар мен облыстық Ана мен бала орталығына да барды.
– Мені жеті-сегіз айлығында небәрі 600-700 грамм болып шала туатын балалардың күтімі мәселесі көп толғандырады. Оларды емдеу қалай жүргізіледі? – деді аймақ басшысы облыстық Ана мен бала орталығының директоры Рая Жанғалиқызына.
Орталық директорының айтуынша, мұндай шала туатын балалардың басым көпшілігінде соқыр болып қалу қаупі де бар көрінеді.
– Біз «мәселе» деп айтатын дүниелердің бәрі әлемде әлдеқашан шешімін тапқан. Әлемнің барлық клиникаларында 700-800 грамм салмақпен туған сәбилердің барлығы жүз пайызға жетіліп кетеді. Қазақстанда неге олай емес? Мұның себебін анықтау қажет. Лондонда, Еуропада, Дубайда мұндай сәбилерге жүйелі түрде қызмет көрсетіледі. Бұл бағыт бойынша сіздерде қандай жұмыстар атқарылуда? Әлемнің үздік клиникаларында қанша дәрігер біліктілігін көтеріп келді? Шынында, олар шетелге барып оқып келді ме? Менің осыған көз жеткізгім келеді. Кейде ауруханаларға жаңа заманауи жабдықтар әкелгенде проблемалар туындап жатады. Жаңа технологиямен жұмыс істеуге дәрігерлердің білімі, біліктілігі жетіспей жатады. Біз туберкулезге қарсы күрес бағдарламасын жасағанда, дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін оқуға жіберуді де қарастырдық. Міне, мұнымыз дұрыс қадам болды, – деді облыс әкімі.
Облыс басшысы Ана мен бала орталығының бірнеше бөлімін аралады. Ең алдымен офтольмологиялық бөліммен танысты. Мұндағы офтольмолог-мамандар Санкт-Петербургте өз біліктіліктерін көтеріп келіпті. Солардың бірі – Аэлита Байбосынова. Ол облыс басшысына Санкт-Петербургте офтольмолог маман Олег Дискаленкодан көп нәрсе үйренгенін айтты.
– Өз ісін жетік білетін Дискаленко секілді маман әлемде үшеу-ақ. Біз оқыған соң, ең жақсы мамандарды таңдауымыз керек, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, облыс басшысы нәрестелердің қарқынды терапиясы бөлімі мен перзентханаға да бас сұғып, Халықаралық балаларды қорғау күнінде дүние есігін ашқан сәбилердің аналарын құттықтады. Бір атап айтарлығы, бақытты аналардың қатарында «Дидар» газетінің қызметкері Мерей Қайнарұлының жары Мадина да бар. Екінші сәбиін дүниеге әкеліп, енді ғана тыныс алған жас ананың жүзі қуаныштан бал-бұл жанады. Облыс басшысы әріптесіміз, сәбидің әкесі Мерейдің қолын қысып, жас анаға гүл шоғы мен үлкен ойыншық аюды табыс етті.
– Мен хирург ретінде әрқашан балалар кардиохирургиясын ашуды армандап келдім. Біз ота жасату үшін ауруларды Павлодарға жібереміз. Ол жақта медицинаның бұл саласы өте жақсы дамыған. Өз кезегінде біз павлодарлықтарды да осында шақырғымыз келеді. Бізде офтальмологиялық орталық, шала туған балалар үшін реабилитация орталығы бар. Біз оларға ота жасауды да қолға алсақ дейміз. Ол үшін бізге қолдау керек. Өйткені, аяғы ауыр әйелдердің басым көпшілігі бізге аудандардан келеді, – деген орталық директоры Рая Рахимова облыс басшысына дәрігер-мамандардың біліктілігін көтеру үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлінсе деген тілегін де жеткізді.
– Біздің ауруханалардағы медициналық құрал-жабдықтардың керемет екендігіне талас жоқ. Мәселе – дәрігерлердің біліктілігінде. Дәрігерлерміз Еуропа, Оңтүстік Кореядан оқып, тәжірибе алмасуы тиіс. Біз дәрігерлерден қаражат аямаймыз, – деді облыс басшысы.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button