Қоғам

Балдырғандар мәз-мейрам болды

Балдырғандар мәз-мейрам болды


Өскемендегі сәулетті ғимараттардың бірі – «Неке сарайының» ауласына халық көп жиналды. Мұнда ұйымдастырылған балаларға арналған бағдарламалар да өзгеше екен.

Арнайы алаңның бір бөлігінде бүлдіршіндер асфальтқа түрлі-түсті суреттер салса, келесі алаңқайда жеткіншектер «Оптимус прайм» трансформерімен суретке түсіп, мәз-мейрам болды. Жасы кіші балақандарға арналып батут та құрылған.

«Планетарий» шоу бағдарламасында балалар 3D бейнекөріністер арқылы «Ғаламшарға» виртуалды саяхат жасап, өздерінің сүйікті «Кокомонг», «Динозаврлар әлемі» мультфильмдерін тамашалады.

Бұл күні қаламыздағы мәдениет ошағы – «Ертіс концерт» кәсіпорнының ауласында да «Көңілді калейдоскоп» атты балаларға арналған үлкен концерт өтті. Мерекелік ән шашуда вокалдық және хореографиялық байқаулар мен фестивальдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері керемет өнер көрсетті. Бірінен-бірі асып түсетін әдемі сахналық киімдер, хореографиялық қойылымдар мен жас өнерпаздардың әншілік шеберліктері қалың көрерменді бей-жай қалдырмады.
Облыстық байқаулар ғана емес, сонымен қатар республикалық өнер сайыстарында да шеберліктерімен топ жарып, жеңімпаз атанып жүрген «Жалын», «Ақ толқын», «Жалында», «Еркетай», «Арабэск», «Непоседы» би ұжымдары көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, Димаш Бақтыбаев, Саид Ерланұлы, Жансерік Азизұлы, Нұрәли Омарбек, Ника Климова сынды жеке әншілер сахнаны ән-жырға бөледі.

Бұл күндері өңірімізде өткен шаралардың барлығы дерлік балаларға арналды. Өміріміздің гүлі – балаларымыз жайқалып өссін. Өмірлері тыныш, жарқын болсын деп тілейміз.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button