Қоғам

Балдырғандар бақытқа кенелген күн

Балдырғандар бақытқа кенелген күн


Жаңа жыл – жаңа үміт, жаңа арман. Жан біткенге жақсылық аңсататын осы бір мейрамды, әсіресе, балалар қауымы бар ынтасымен күтетіні белгілі. Періште көңілдерді көтеруді ойлаған Елбасы да оларды әр жыл сайын ұмыт қалдырған емес. Биыл да Елбасы сол дәстүр бойынша балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, ақ батасын арнады. Ел Президентінің тілегін облыс әкімі Даниал Ахметов балалармен бірге тыңдады.

– Қымбатты балалар! Баршамыз асыға күтетін жарқын мереке – Жаңа жылға санаулы күндер қалды. Мен сендерді келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Бұл сендердің мерекелерің – қызықты сәттердің, ертегілер мен сыйлықтардың кезі. Барлығың жақсы оқып, спорттық жетістіктерге жетіп, қайырымды істер жасап, жаңажылдық мерекеге еңбек сіңірдіңдер деп ойлаймын. Жаңа жылда бәрі басқаша болады, жаңа табыстарға қол жеткізіп, жаңа білімді игересіңдер. Бұл ретте отбасыңа деген махаббатты, достарға деген адалдықты, ұстаздарға деген құрметті және еліңе деген сүйіспеншілікті сақтап қалу керек, – деп көгілдір экраннан ақ тілегін арнаған Елбасы ел болашағы туралы да ой толғады.

– Біздің еліміз жылдан-жылға қарыштап дамып, сендерге ғаламат болашақ сыйлау үшін жаңа мақсаттарды бағындырып келеді. Дәл осы уақытта өсіп келе жатқан сендер – бақытты ұрпақсыңдар. Сендер үшін барлық жол ашық, бар армандарың орындалады. Айналайын балалар! Жаңа жылда бәріңе мол игілік пен жарқын болашақ тілеймін. Балалық шақтарың базарлы, өмірлерің ажарлы болсын! Жаңа жылда армандарың орындалып, Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп-өркендей беріңдер, – деген ақ батамен түйіндеді.

Президент шыршасының сыйын көруге облыстың аудандары мен қалаларынан 200 бала келіпті. Олардың ішінде оқу озаттары, мүмкіндігі шектеулі балалар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының, балалар үйінің жеткіншектері бар.

Төрт құбыласы түгел балалармен бірге тұрып бақыттың базарынан бал сімірген әлгі балдырғандардың қуанышында шек жоқ. Ертегілер еліндегі ерекше салтанатқа елітіп, ерекше сезіммен ертегі кейіпкерлеріне еріп билеп жүр.

Балдырғандар бақытқа кенелген күн

– Президент шыршасына қатысу үшін Зайсан ауданы, Сарытерек ауылынан келіп тұрмын. Облыс орталығын алғаш рет көруім. Біздің ауданнан он бала қатысып жатыр. Маған ертегі кейіпкерлері ерекше ұнады, – дейді Еламан Серіков атты оқушы.

Металлургтер мәдениет сарайында өткен бұл салтанатты шараның өткен жылдардан бір өзгешелігі – жасыл шыршаны отап әкеліп, қаз-қатар етіп тізіп қоймаған. Жылдағыдай әлем-жәлем ортада танауыңды шыршаның хош иісі қытықтамаса да, адамның жадын жадыратар мейірімнің самалы есіп, шаттықтың нұры тарап тұрғанын аңғарасың. Мұны сәби көңілдер де сезгендей. Жақсылық пен жамандықтың образын сомдаған ертегі кейіпкерлеріне жан-тәнімен беріліп алған. Жалпы, бүгінгі балаларды баяғыдағы жалмауыз кемпірмен алдай алмайсың ғой. Соны ұққан облыстық драма театрдың әртістері бар шығармашылық қуаттарын іске қосқан тәрізді бұл жолы. Өзге ғаламшардан келген бөгде планеталықтар мен почташы жігіттерге айрандай ұйыған балалар, жер шарынан алыстап кеткен Аяз ата мен Ақшақарды асыға күтті. Астана, Жаңа жыл туралы жан тебірентер жақсы әндер орындалып, барлық балалар флешмоб биледі. Өздеріне мол сыйлығын әкеле жатқан қос қонақты асыға күткен балалар қызыл шапанын киіп, жас қыз ерткен атаның төбесін көргенде шаттықтан шарқ ұрды. Тақпағын айтып, тамылжыта ән салды. Елбасының атынан әр балаға ноутбук сыйлады. Бұған тәтті-дәмді толтырылған дорбаларды қосыңыз.

Дәл осы күні түстен кейін аталмыш орында облыс әкімінің шырша мерекесі өтті. Өңірдің әр түкпірінен келген 100-ден астам баланы облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтады.

– Өмірде көптеген тамаша мерекелер болады. Бірақ ең қызықты, жүрекке жақын бақытты мереке – осы Жаңа жыл. Сіздерге Жаңа жылда тек қана қызықты да, бақытты өмір тілеймін. ХХІ ғасыр – білімнің ғасыры. Қазақстанның жарқын келешегі де, бақытты болашағы да, қуанышы да сіздерсіздер. Ол үшін сіздер жақсы оқуларыңыз керек. Біз сіздерді жақсы көреміз, сыйлаймыз, сенеміз. Мерекелеріңіз құтты болсын! – деді аймақ басшысы.

Балдырғандар бақытқа кенелген күн

Бұл тойға қатысқан әр балаға да ноутбук берілді. Он екі жылдың үлгісінде киінген балалар өздері тыңдайтын ертегі кейіпкерлерімен қоян-қолтық бірге жүрді. Ерекше күндерінен естелік сурет қалдырды.

– Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылындағы Кәрім Нұрбаев атындағы мектептен келдік. Өте қызықты болып жатыр. Әсіресе, осы ортада болып жатқан оқиғалар қызықтырды, – деп әңгімесін тамсана баяндады Руслан Ғабдимов есімді қатысушы.

Алуан нұрлы шырақпен безендірілген дәу шырша оқушыларды өзіне баураса, түрлі түспен безендірілген таңғажайып орта онан сайын қызықтырады. Аз уақытта астатөк бақытқа кенелген балалардың бал жүзіне кез келген пенде елжірей қарайды.

Сырттай қарап тұрған бізге дүниенің бар бақыты тек осы жерде тұрғандай сезілді. Маңдайына мезеттік болса да бақ бұйырған балалардың таңдайлары да тәттіге жарыды. Әр баланың басындағы осы бір сәттік шаттық ғұмырларының соңына дейін жалғасса ғой деген арманның жетегінде ертегілер елінен алыстадық.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button