Қоғам

Балды да баптай білеміз  

Облыс орталығында Қала күніне орай Бал фестивалі ұйымдастырылды. Балдың алуан түрін бабына келтіріп баптаған шаруалар өскемендіктерге өзгеше өнім ұсынды.

Жәрмеңкеге келушілердің назарына таңқурай, жөке, шайқурай мен түйебұршақ сынды балдың түр-түрі ұсынылды. Шығыстың барлық ауданы қатысқан фестивальға омарташылар 51 тонна бал алып келген екен.

– Бүгін, міне, Қала күні құрметіне орай дәстүрлі Бал фестивалі өтіп жатыр. Жалпы айтқанда, жәрмеңкеге барлық ауданнан омарташылар қатысты және сатуға 51 тонна бал әкелді. Қала жұртшылығы қолайлы бағаға табиғи өнім ұсынған шаруаларға ризашылықтарын білдіріп жатыр, – деген қала әкімі Жақсылық Омар орталық алаңға жиналған шаһар жұртшылығын Қала күні мерекесімен құттықтады.

Малдың жайын жақсы білген біздің қазақ балдың бабын келтіруде де кем түспеді. Бұл сөзімізге Риддер қаласы, Қатонқарағай, Алтай, Үржар, Күршім, Көкпекті, Шемонайха, Бородулиха, Ұлан аудандарынан жеткізілген табиғи өнімдер дәлел.

– Жәрмеңкеге жылда қатысамыз. Осы жолы бір тонна бал және қымыз алып келдік. 165 ұямыз бар. Биылғы жаздың басы жаңбырлы болғандықтан, төрт-ақ тонна бал жинадық. Егер ауа райы қолайлы болғанда тоғыз тоннаға дейін бал аламыз. Алдағы уақытта да осындай жәрмеңкелер өте берсін, біз қатыса берейік, – дейді Катонқарағайдан келген «Сәуле» шаруа қожалығының өкілі Айгүл Төлемісова.

Айтпақшы, жәрмеңкеде ара балынан жасалған түрлі дәрі-дәрмек пен бальзамдар да болды. Бальзамның өзі Шымкентте шығарылғанмен қажетті шикізат, яғни бал мен емдік шөптер Шығыстан жеткізіледі екен.

– Балдың емдік қасиеті туралы жұрт айтпаса білетін шығар. Бүгін, міне, жәрмеңкеге келіп, біраз бал мен бальзам сатып алдым. Әрине осындай шаралардың жиі өтуі біз үшін жақсы. Ән тыңдап, би билеп, демалып қалдық, – дейді қала тұрғыны Назым Даукаринова.

Араның балын аңсаған ел-жұрт сауда-саттықтан бөлек қаладағы «Нон-стоп», «Арабеск», «Бест войс» шығармашылық топтары мен Ш.Мұхамедқалиев, Ф.Исмаилов, А.Қуанышева сынды жас өнерпаздардың өнерін тамашалады.

Балауса Қожаева

Осы айдарда

Back to top button