Экономика

Балдың барлық түрі арзанға сатылды

Балдың барлық түрі арзанға сатылды
Облыс орталығында өткен V Алтай балы фестивалі енді Семейде жалғасын тапты. Қаладағы Достық үйінде облыстың барлық омарташылары бас қосты. Шараны Омарташылар одағы мен орыс ұлттық мәдени орталығы ұйымдастырды.
Мұнда келген жұрт ән-жыр мен биге де қарық болды. Бұл жолғы бал мерекесіне алты ірі омарта шаруашылығы қатысыпты. Шара аясында халықтың назарына ұсынылған балдың түрлерінде шек болмады.
-Құрметті жерлестер, – деді Омарташылар одағының төрағасы Павел Сердюк, – осы фестивальді ұйымдастырып отырғандығымыздың мақсаты – сіздерді балды дұрыс таңдауға үйрету. Біздің омарташылардың өнімі ешбір қоспасыз, таза бал. Суық тигенде, иммунитет әлсірегенде пайдасы зор.
Бал ежелден тағам ретінде тұтынылумен қатар, халықтық емдеу дәстүрінде де жиі қолданылған. Оның емдік қасиеті ерекше. Алғашқы аралар Қазақстанға осыдан бір жарым ғасыр бұрын Өскеменнің іргесіне әкелініп, қолға үйретіле бастапты. Сондықтан облысымыз елімізде омарта шаруашылығының отаны саналады. Қазақстанда қазір өндірілетін бал өнімдерінің 90 пайызы біздің аймаққа тиесілі екен. Өңірдегі ежелгі омарташылардың бірі 40 жыл бойы бал өндірумен айналысып келе жатқан семейлік – Павел Сердюк. Өзінің омартасын Бородулиха, Бесқарағай аудандарында ұстайды. Оның айтуынша, алдағы уақытта қарақұмық балы жойылып кету қаупі бар. Себебі, Бородулиха ауданының қожалықтары қарақұмықтың жай түрін егуді қолға алған. Ал қарақұмық гүлдеген кезде ешбір иіс пен нәр бермесе, аралар бұл өсімдікке жоламай кетеді. Тек қарақұмық қана емес, күнбағыс балының түрі де осы себепті жойылып кетуі мүмкін.
Омарташылар одағының мүшесі Александр Танагашевтың айтуынша, қала тұрғындары мен қонақтары осындағы балдардың дәмін татып, риза болысты.
-Байқамай жасанды балды да сатып алған кездеріміз болды,-деді фестивальге келген Ақжол Айманбетов, – сондықтан да біз бүгін жолдасымыз екеуіміз осында келіп, нағыз балды сатып алдық. Балдың осыншама көп түрін бірінші рет көріп тұрмын.
Жәрмеңке-фестивальда балдың келісі – 1000 теңгеден сатылды. Тіпті, прополис, тозаң, ұяшықтардағы балды да алған сатып алушылар өте көп болды.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
Семей.

Осы айдарда

Back to top button