«Балдәурен» туралы білесіз бе?

Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында 140 орындық балаларға арналған «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасы ашылғанына көп бола қойған жоқ. Еліміздің болашағы жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші орында отбасы, ата – ана тәрбиесі болса, екінші білім беру мекемесі.
Мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие – адамның қалыптасуының алғашқы баспалдағы, дейді «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Мәдина Қарақабақова. Оның айтуынша, балабақшадағы тәрбие бала табиғатына ерекше әсер етіп, оған өмір бойы өшпестей із қалдырады. Заман талабына лайық тәрбие мен білім беру жұмысын кешенді ұйымдастыру жаңа технологияларды, идеялар мен шығармашылық, инновациялық жаңашылдықты қажет етеді. Жас ұрпаққа білім беруді жетілдіру мәселесі толассыз күн сайын өзгеріп тұрған әлеммен бірге жүрері анық. Осы тұрғыда «Балдәурен» балабақшасы оқу жылында жоспарлы түрде жылдық міндеттер мен мақсаттарға сай жұмыс істеп келеді.
– Мектепке дейінгі жастағы балалардың денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыруға тәрбиелеу біздің басты мақсатымыз, – деді Мәдина Доғалбекқызы, – танымдық, шығармашылық-эстетикалық тұрғыда мектепке дейінгі жастағы балаларда түрлі қимылды ойындар арқылы баланың қабілетін дамытуға тырысамыз. Осы талаптарды жүзеге асыра отырып педагогикалық кеңес, семинар, дөңгелек үстел, тақырыптық тексерулер ұйымдастырылады. Жаңадан ашылып жатқанымызға қарамастан ата-аналарымызға «Балабақша туралы білесіз бе?» атты шара өткіздік. Ондағы мақсат – жаңадан келген балаларды балабақша өмірімен және күнделікті күн тәртібімен таныстыру. Алдағы уақытта Тәуелсіздік күніне арнап «Тәуелсіз елдің шаңырағы» атты отбасылық сайыс ұйымдастырып, «Біз бақытты елміз» бұрышын ашып, онда «Жасай бер, Тәуелсіз Қазақстан!», «Елін сүйген – Елбасы» тақырыбында ашық сабақтар өткізуді дәстүрге айналдырамыз. «Егеменді ел» балалар сурет көрмесі, «Тәуелсіздікке – 26 жыл» мәнерлеп оқу байқауы сияқты, тағы басқа шаралар легі тұр.
Педагогтар балаларға жас ерекшеліктеріне сай үш тілді игеру мақсатында түрлі жұмыстар жүргізіледі. Жыл бойына балабақша педагогтары мен тәрбиеленушілері аудандық, қала, облыс көлемінде ұйымдастырылған барлық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Облыстық «Балапан», «Пони», «Адам және табиғат» сияқты байқауларғақатысқан бүлдіршіндер І орынға ие болса, «Балбөбек» бишілер тобы республикалық «Айгөлек» би байқауында «Көбелек» биін үздік билеп, жүлделі І орынды жеңіп алыпты. «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасы жаздық маусым кезінде «Үздік аула» байқауына қатысып, аудан, облыс көлемінде «Бас жүлдені» жеңіп алғаны тағы бар.
Міне, «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасының атқарған жұмыстарының және жеткен жетістіктерінің нәтижесі осындай.
Балабақшада берілетін тәрбие бұл өмірлік тәрбиенің бастамасы. Бала бойындағы жақсы қасиеттері мен мүмкіндіктерді аша отырып, олардың өнегелі, тәрбиелі болып өсуі жолында балабақша ұжымы ерекше ынта-жігермен еңбек етуде.
Раушан Нұғманбекова
Абай ауданы.