Балаңызға базарлығыңыз емес, назарыңыз қажет

Сырттай қалыпты көрінгенімен, бұл отбасының ішкі тіршілігі тым күрделі болатын. Үйде ыдыс-аяқ жиі сылдырлайтын. Ата-анасының ұрыс-керісі жанына батқан оның түн баласы кірпік ілмеген кездері аз болмаған. Ақыры ата-анасы ажырасып тынды. Қайғы мен күйзелістен шешесінің ауызы арақтан босамайтын болды. Ашуын балаларынан ала бастады. Бес жастағы інісі «апалап» жылағанда, көз көрмейтін, құлақ естімейтін жаққа безіп кеткісі келетін.
Өмір сүргім келмейді…
– Осындай күй кешкен өрімдей жас қыз орталықтың сенім телефонына «жасым 15-те, өмір сүргім келмейді» деген хабарлама қалтырған. Осы хабарламаны алысымен, иесінің дауысын естігенше өзіміздің де дегбіріміз қашты. Әрине, сөнген үмітті қайта жағып, күдікті үмітке алмастыру оңай шаруа емес. Тек үлгерсек екен … Бар ойымыз осы болды. Біздің психологтар тек маман ретінде ғана емес, адам ретінде де әрбір жанның мәселесін шешуге барын салады. Бұл мәселе балаға қамқорлық пен мейірім, ата-ана махаббатының жетіспеуінен туындаған. Сырттай қарағанда «жылы ұя» сияқтанғанымен, кейбір отбасыларында әртүрлі «қақтығыстардың» орын алып жататынын көпшілік байқай бермейді. Оның артында жанары жәудіреген перзент тағдыры тұр. Орталықтың ашылғанына он жылдан асты. Осы уақыт аралығында көптеген отбасыларына біріншіден, психологтың көмегі ауадай қажет екендігіне көзім әбден жетті, – дейді отбасы және балалық шақты қорғау орталығының директоры Лилия Куземко.
Өкінішке қарай, орталық тәжірибе көрсетіп отырғандай, арамызда тек өз-өзіне қол салғысы келетін балалар ғана емес, айналасына өшпенділікпен қарайтын жандар да аз емес. Көп жағдайда оған кінәлі бірін-бірі түсінгісі келмейтін ересектер мен балаға талап қойғыш ата-аналар.
«Аузы арақтан босамай, бала-шағасының шырқын кетіретін маскүнем көршіні қалай жөнге салса болады?», «Біз ажырасудың аз-ақ алдындамыз, егер күйеуім тастап кетсе, балаларды жалғыз қалай жеткіземін?», «Баламмен тіл табыса алмаймын, ол мені мүлде түсінбейді». Соңғы уақытта орталыққа тағдырлары сан түрлі болғанымен, мәселелері ұқсас жандар көптеп жүгінетін болған. Ал көмекке ең зәру – қолайсыз отбасылар.

– Қолайсыз отбасыларының саны артып келеді дейміз. Оның бәрі – ересектердің жауапкершілікті сезінбеуі. Оған кім кінәлі? Үйдегі тәрбие, заман. Әсер етуші факторлар өте көп. Тәрбие бермек түгілі, қарапайым жауапкершіліктен жұрдай ата-аналардың кесірінен қаншама бала далада босып жүр. Айта берсең оқиғалар көп, оларға дер кезінде көмек қолын созуға тырысамыз. Алғашқы көмек – моральдық жағынан демеп жіберу. Одан кейін барып қамқоршылық, әлеуметтік қорғау органдарына, учаскелік полиция және өзге де құрылымдарға жүгінеміз. Бірақ адам өз қателігін, жауапкершілігін түсінбейінше, мұның бәрі бос далбаса, – дейді ол.
Сотқар еркек, ішкіш әйел
Есікті ашқанда-ақ іштегі арақ – пен темекі араласқан қолаңса иістен кері шегінгің келеді. Босағадан төрге дейін ыбырсып жатқан үйді, үстелдегі тамақ қалдықтары мен кір ыдысты көргенде, бұл үйдің әйелі жоқ деп ойлайсың. Бірақ әйелге ұқсас шашы дудыраған біреу қорылға басып кереуетте ұйқыны соғып жатыр. Анадай жерде мақтасы шыққан көрпеде бүрісіп бала отыр. Олардың отбасын патронажға алғанда әр барған сайын осындай көрініске тап болатын. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған әрі әкесі тентек суға тойып алып үйде жанжал шығаратын, оған ерегесіп шешесі де ішетін осы отбасын қатарға қосу оңай болмады. Жастары 40-қа таяған ерлі-зайыптылар мен кәмелеттік жасқа толмаған бір баласы бар жанұяға орталық қызметкерлері алғашында аптасына бірнеше мәрте келетін. Психолог «Ата-ана мейірімі» бағдарламасы бойынша жұмыс істесе, заңгер ата-ана жауапкершілігі, баланың құқығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді, тіпті, балаға дұрыс қарамаған жағдайда қандай мөлшерде айыппұл салынып, қандай жаза қолданылатындығына дейін жіпке тізгендей айтып берген. Екінші – тұрмыстық мәселе. Әр апта сайын ол үйдің тазалығын тексеру де олардың міндетіне кірді. Әрине, мұндай тұрмыс пен өмірге үйренген олар бірден түзеле қойған жоқ. Алайда ата-ананың санасына жетті ме, әлде заңмен қудаланудан қорықты ма, отбасындағы жағдай біртіндеп жақсара бастады. Осыны пайдаланып орталықтағылар да арқасын кеңге сала бастаған. Көп уақыт өтпей мектептен бала сабақтан қалып жүр деген дабыл келді. Бұл отбасы қайтадан бақылауға алынды, міне, бес жыл бойы осылай жалғасып келеді.
– Мұндай жағдайда отбасын сақтап қалу, оларға дұрыс бағдар беру маңызды. Қандай болсын туған ата-анаңдай ешкім болмайды. Ішімдікке салынса да – оларға көмектесуге болады, емдеуге жіберу, жұмысқа орналасуға көмектесу, әлеуметтік көмекке қол жеткіздірту – осының барлығы қамтылады. Өйткені бұл арада отбасының ғана емес, баланың тағдыры қыл үстінде тұр, – дейді орталық директоры.
Лилия Куземконың айтуынша, қолайсыз отбасыларының тағдыры да, сол отбасының отанасы мен отағасының психологиясы да көп жағдайда ұқсас келеді. Олармен жұмыс істеу қисық-қыңыр баланы көндіргеннен де қиын.
– Мұндай жандарды қолынан жетектеп жүріп құжаттарын жөндеуге көмектесеміз. Жеке мәселелерін шешуге, ара-қатынастарын реттеуге атсалысамыз. Ол үшін бізде психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен заңгер жұмыс істейді. Көмек тегін көрсетіледі. Әрине, егер адамдар көмектен бас тартып жатса, біз ешкімді мәжбүрлемейміз, – деп атап өтті ол.
Тойып секіре ме?
Лилия Куземконың айтуынша, қоғамда қолайсыз отбасыларының балалары ғана сотқар, тәрбиесіз, қылмыскер деген пікір бар сияқты. Көше кезіп, үйге тоқтамайтын, есірткі шегіп, ұрлық жасайтын балалар үлгілі отбасынан да шығып жатады. Қарны тоқ, уайымы жоқ баланы мұндай іске не итермелейді?
– Психологтар бірнеше себепті алға тартады. Біріншіден, қадағалау мен балаға көңіл бөлмеу. Баланы материалдық жағынан қамтамасыз ету жеткілікті емес екендігін түсінбейтін ата-аналар өте көп арамызда. Баланы жақсы көру – қалаған ойыншығын алып беру емес. Балаға қымбат зат емес, ата-ананың назары қажет. Екіншіден, баланың пікірін сыйламау, өзіңіздің емес, балаңыздың қалауына құлақ түру қажет. Кезінде өзіңіз шыға алмаған шыңнан балаңызды көруге итермелеу дұрыс емес. Үшіншіден, өтірік айту. Балаңызға ешқашан өтірік айтпаңыз, өйткені сеніміне селкеу түсіресіз. Тағы бір себеп – қызғаныш. Отбасында тағы бір бала дүниеге келгенде, балаңыз сізді қызғана бастайды. Бұл – заңдылық. Сіз оны байқамасаңыз да, ол оның басынан өтетін жағдай. Сондай шақта балаңызды қолынан келмеген ісі үшін жазғыра бермеңіз. Бұл әрекетіңіз оның санасында «мені ешкім жақсы көрмейі» деген түсінік қалыптастырады. Ата-ана арасындағы кикілжің де осыған себеп,-дейді Лилия Куземко.

Ата-анасы түсінбегендіктен, өз үйінде өзін қолайсыз сезінетін балаға психологиялық көмек қажет. Бұл көмекке ата-ана да зәру. Мамандардың пікірінше, үйдегі жағдай уақыт өте келе өзі реттеледі деген қате көзқарас. Бала мен ата-ана бір-біріне қарай қадам жасап, мәселенің түп-төркінін таппайынша, жағдай күн өткен сайын шиеленісе береді. Суицид, қылмыс, көше кезу, бұзақылық та осыдан бастау алады.
P.S. Өкінішке қарай, отбасы кикілжіңін шешу жолдары ешбір оқу орындарында оқытылмайды. Оның үстіне біздер «қол сынса, жең ішінде» деген қағиданы ұстанатын халықпыз. Үйдегі жағдайды сыртқа шығаруды ар санаймыз. Осылайша, өмір ағысы бірқалыпты, баяу жылжып жатқанымен, қаншама жандар өз мұңдарымен өздері алысуда. Осындайда тентегін ел болып тезге салатын бұрынғы заман қарияларын аңсайсың. Сол тәрбие тінінің үзіліп қалғанынан да ғой мұндай мәселелердің туындап жатқаны. Әйтпесе, қай атамыз психологқа жүгінді дейсіз. Бірақ заман өзгерді дейміз ғой. Мұндай орталықтың көмегіне зәру жандар да бар шығар арамызда.
Отбасын қолдау мен балалық шақты қорғау орталығының мекен-жайы: Киров көшесі, 63.
Сенім телефоны: 26-68-92, 8-701-707-24-38
Орталықтың сайты: centerpsid.ucoz.ru
Лаура Тілеубайқызы