Қоғам

«Балапан» қоғамдық бірлестігі құрылды

«Балапан» қоғамдық бірлестігі құрылды

b]Өңірдегі белсенді әлеуметтік желі қолданушыларының бірі – Ринат Халиков халықаралық блоггерлер күніне орай Өскеменде «Балапан» қоғамдық бірлестігін құрды.
Ағымдағы жылы казнетте трендке айналған #шарапат жобасын ұйымдастырушылар қайырымдылық шарасын жалғастыру мақсатында ұйымдарын заңдастыруды қолға алды. Осыған дейін facebook әлеуметтік желісінде «fb_16_uka» қауымдастығы арқылы түрлі игі шараларды ұйымдастырып жүрген топ мүшелері қазір үкіметтік емес ұйым құрып, қайырымдылық жасауға түбегейлі бет бұрды.
Аталмыш бірлестік қазақстандықтардан келіп түскен қаржыны жинау арқылы жетімдер үйінің бес жасқа дейінгі тәрбиеленушілері мен тұрмысы төмен отбасылардың балаларына қажетті заттарды алып беруге жұмсамақ. Ринат Халиковтың айтуынша, олар «Билайн» ұялы байланыс операторымен бірлесіп осы жобаны қолға алыпты. Бірлестікке «Билайн» компаниясы 3540 нөмірін табыстаған. Аталған нөмірге құны 200 теңгені құрайтын смс-хабарламаны жолдаған әрбір қазақстандық игі шараға атсалысып, қайырылымдылық жасауға үлесін қоса алады. Осы орайда айта кетейік, байланыс операторы нөмірге жұмсалатын шығынды өз мойынына алып, түскен қаржыдан комиссиялық төлем алмайтын болады. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар 3540 нөмірі жазылған санаулы брелокты да қала тұрғындарына тегін таратын жатыр.
– Брелокты тарата жүріп халыққа бұл шараның мақсатын түсіндіріп жатырмыз. Шарт бойынша, брелокты алған адам оны екі-үш күннен соң туыстары мен дос-жарандарына беріп, оларды қайырымдылық шарасына атсалысуға шақыруы тиіс. Қасиетті рамазан айында осындай игілікті іске бәрімізге бірге бір адамдай қатыссақ екен, – дейді Ринат Халиков.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button