Қоғам

БАЛАНЫҢ ТАҒДЫРЫНА БАЛТА ШАБЫЛМАСА ЕКЕН

БАЛАНЫҢ ТАҒДЫРЫНА  БАЛТА ШАБЫЛМАСА ЕКЕН
Редакцияның дәлізінде алдымнан жыламсыраған әйел шықты. Қолында бір бума қағаз, ішінде мөр басылған беттері бар, «ресми құжаттар болар» деп топшыладым. «Маған көмек керек. Менің немереме биологиялық шешесінен қауіп төніп тұр» деді көзінің жасын сүртіп. Шынымды айтайын, журналистік тәжірибемде бұрын-соңды кездеспеген жайт болғандықтан, басында абдырап қалдым. Ол кісіні жұмыс бөлмеме алып келіп, бәрін ретімен айтып беруін өтіндім. Алпыс жеті жастағы өскемендік Елена Андреевна Карыповамен менің таныстығым осылай басталды.
Біздің әңгімеміз тастанды немесе тұлдыр жетім балалар жайында деп ойласаңыздар, қателесесіздер. Керісінше, бес жастағы Данил есімді бүлдіршінді тәрбиелеу құқығына оның ең жақын адамдары – әжесі мен анасы таласуда. Дәлірек айтсақ, балғынды тәрбиелеу құқығы заңды түрде анасына берілгенімен, оны туғанынан бағып-қаққан әжесі немересін өзіне қалай да қайтарып алуды қалайды.

Жексенбілік әже

Ол кісі қолындағы құжаттарын жүз ақтарып, әңгімесін бір жүйеге түсіргенше біраз уақыт өтті.
-Мен сіздерден немерем, 2012 жылы 7 мамырда туған Данил Алексеевичті биологиялық анасы Сәуле Нұрғалиевадан төніп тұрған қауіптен құтқаруларыңызды сұраймын. 2013 жылдың қаңтар айынан немерем менімен тұрып келді. Осы уақытқа дейін анасы Данилдың тағдыры жайлы білген жоқ, оның тәрбиесімен айналысқан жоқ. Бес жыл бойы кішкене немеремді өзім бағып-күттім. Ал міне, 2017 жылдың 15 наурызында анасы Сәуле Нұрғалиева келіп, баланы алып кетті. Ішкілікке салынып, теріс жолға түскен әйелді аналық құқығынан айыру керек қой. Ертең баланың өміріне кім жауап береді? Оның тағдыры кімді алаңдатады? -деп эмоциямен бастады әңгімесін жаңа танысым.
Елена Андреевнаның айтуына қарағанда, ұлы Алексей мен келіні Сәуле кішкентай ұлдарының тәрбиесімен мүлде айналыспаған. Алексей Данилды жеті айында шешесінің қолына тапсырып, әйелі Сәулені аналық құқығынан айыруды өтініпті-міс. Сол уақыттан бері әжесі сәбиді жалғыз өзі асырап келеді. Түн ұйқысын төрт бөліп, ауырып-сырқағанда да қасында отырған. Балабақшаға беріп, қолынан келген жағдайды толық жасаған. Беске де толмаған бүлдіршін әлден хат таниды екен. Ал баланың әкесі Алексей былтыр ішімдікке уланып, 44 жасында қайтыс болыпты. Ұлының ащы суға үйір болғанын да байғұс ана келінінен көреді.
-Менің ұлымның түбіне жетті. Енді немеремді құртпақшы. Шешесі бір рет те балабақшаға келіп көрген емес. Тәрбиешілер оны танымайды да. Осылайша мүлде бөтен болып кеткен анасымен немерем қалай бірге тұрады? Мен оның баланы тастап кететініне еш күмәнданбаймын. Сондықтан, қамқоршылық кеңесі маған берсе қайтер еді? Мені кішкентай Данилдың болашағы алаңдатады, – дейді жасқа булыққан әже.
Қарияның айтуынша, қамқоршылық кеңесі немересі мен әжесінің кездесу уақытын белгілеп беріпті. Енді Елена Андреевна Данилды жексенбі күні таңертеңгі тоғыздан кешкі алтыға дейін көре алады. Алайда бұл тәртіппен келіскісі келмеген әже «Нұр Отан» партиясының, депутаттар корпусының, басқа да құзырлы органдардың табалдырығын тоздыруда. Біз бұл жәйттің анық-қанығын анықтау мақсатында Сәуле Нұрғалиеваменде сөйлесіп, ресми орган өкілдерінің пікіріне құлақ салуды жөн көрдік.

Өмірімнің мәні – ұлым

Біз Сәулемен сенбі күні кездестік. Аблакетка кентінде мемлекеттік бағдарламамен берілген бір бөлмелі пәтерде жас ана кішкентай құлыншағымен тұрып жатыр. Бөлмелері тап-таза, ас үйден майға жаңа піскен қатырманың иісі шығады.
Сәуле Зыряндағы балалар үйінде тәрбиеленіпті. Шешесі туа салысымен бас тартқанын, аты-жөнін перзентханадағы дәрігерлер қойғанын ғана біледі. Он алты жасында Өскеменге келіп, училищеге оқуға түскен. Сылақшы-әрлеуші мамандығын алып шығады. Тұлдыр жетім болғандықтан, алдымен, мемлекет оған уақытша баспана ретінде бір бөлме береді. Сосын 2009 жылы осы пәтерді ұсыныпты.
– «Бәрібір бұдан басқа баспана бермейміз» деген соң, келістім. Өзім құрылыста істегендіктен жөндеу жұмыстарын да жасап алармын деп ойладым, – дейді кейіпкеріміз.
Он алты -он жеті жастағы бойжеткен өзінен бір мүшел жас үлкен Алексей Карыповпен жұмысында танысыпты. Прораб болған жігіт көңілін білдіріп, үйленуге ұсыныс айтқан. «Алайда анасы мені бірден ұнатпады. Болашақ келінінің жетім әрі басқа ұлт өкілі болғанын қаламаған болар. Біз үйленбестен, бірге тұра бердік. Сосын Данил келді өмірге. Бірақ Алексей баланы өзінікі деп танып, туу туралы куәлігіне әкесі ретінде жазылған». Сәуле Алексейдің бірте-бірте ішкілікке салына бастағанын айтады. Өзі ғана ішіп қоймай, келіншегін де бірге ішуге мәжбүрлепті, көнбесе соққыға жыққан. Осындай берекесі кеткен бір кеште ұрып-соғуға шыдамаған келіншек көршісіне барып шағымданады. Үйдің аға қараушысы Лариса Данилова дереу Елена Андреевнаға хабарлайды.
-Сәуленің енесі ұлы тас-талқан еткен дүниенің бәрін қалпына келтіріп берді. Коммуналды төлемдердің қарыздарын төлеп, сыртқы есікті, сантехниканы түгел ауыстырды. Осы пәтердің құжаттарын да жөндеп, жекешелендіріп берген де сол кісі. Ол үшін алғысымыз шексіз. Алайда немересін өзіне иемденіп, анасынан алшақтатуы дұрыс емес. Данил оны «мама» деп жүрді. Оның үстіне Алексейдің ішкіліктен бес рет кодталғаны, Сәулеге дейін бірнеше рет наркологиялық диспансерде емделгенін кейін білдік, – деп сөзге араласты Лариса Григорьевна.
Сәуле де ұлынан ешқашан бас тартпағанын, тек күйеуі соққан кезде баласының қауіпсіздігі үшін енесіне бергенін жасырмайды. Кейін баласымен жолыққысы келгенде, енесі маңайлатпай қойыпты.
-Тіпті маған «сәбиіңнен бас тартқаның туралы қағаз жазып бер. Мен Ресейге алып кетемін. Ол жақта жағдайымыз әлдеқайда тәуір болады» деп бірнеше рет айтты. Өзім балалар үйінде өскен мен қалайша бауыр етім -баламды жетім қыламын? Данил – менің өмірімнің мәні. Күйеуім қайтыс болғаннан кейінгі бірінші ойым – енемнен баланы қайтарып алу болатын. Лариса тәтей дер кезінде кеңесін берді, – деп есіне алады Сәуле.
Лариса Григорьевнаның ақылымен ол алдымен «Пенегина» фирмасына мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Сосын алқам-салқам үйін жөндеп, несиеге жиһаз алып, тұрмысын түзеуге кіріседі. Жүйке аурулары диспансерінде, наркологиялық диспансерде, учаскелік полицейде есепте тұрмағаны, өз баспанасы, тұрақты табысы бар екені туралы құжаттарды жинай бастайды. Жұмыс орны, көршілері жағымды мінездеме береді. Тіпті фирманың бастығы, жеке кәсіпкер Елена Пенегина комиссияның отырысына да қатысып, Сәулеге барынша қолдау көрсетуге уәде етіпті. Ал бұл кезде енесі Елена Андреевна да ізденіп, келінін аналық құқығынан айыру туралы қалалық камқоршылық кеңеске арызданыпты.
-Баламның туу туралы куәлігі әлі сол кісінің қолында, бермей жүр. Жексенбі күндері алғанда, қашып кете ме деп те қорқамын. Бірақ учаскелік инспектор «айтқан сағатында баланы қайтармаса, дереу менімен хабарлас, бірден іздеу саламыз» деп көңілімді жәйландырғандай болды. Сонда да қорқамын, – дейді Сәуле.
Өзінің төңірегіндегі дау-дамайдан хабардар болғанымен кішкентай Данил балалығына салып, төрде асыр салып ойнап жүр. Ол сурет салғанды ұнатады екен.
-Бәрінен де анамды жақсы көремін. Әжем де жақсы, бірақ анаммен қалғым келеді, – дейді балғын бүкпесіз.

Татулық керек

Өскемен қалалық оқу бөлімі қорғаншылық және қамқоршылық, баланың құқығы секторының меңгерушісі Юлия Овечкина Карыповтар отбасындағы жағдаймен жақсы таныс. Елена Андреевнадан келіні Сәуле Нұрғалиеваны аналық құқығынан айыру туралы өтініш келіп түскеннен кейін-ақ құзырлы орган жағдайды бақылауға алған. Баланың құқығын қорғау инспекторлары, учаскелік инспектор және қамқоршылық кеңесінің мүшелерінен құрылған комиссия Данилдың анасының тұрмысымен танысып қайтыпты. Үйдің іші мұнтаздай таза, анасы өте ұқыпты әйел екені көрініп тұр. Қысқасы балаға қолайлы барлық жағдай жасалған.
-Осыған орай кәмелеттік жасқа толмағандар және олардың құқықтарын қорғау ісі жөніндегі комиссия 2017 жылдың 15 наурызында Данил Карыповты анасы Сәуле Нұрғалиеваға қайтару жөнінде Қаулы шығарды. Сәуленің өткен өмірінде қателіктер, баласына көңіл бөлмеген кездер болған шығар, бірақ дәл қазір ол дұрыс жолға түскен. Бізде баласымен айналыспағаны үшін ғана аналық құқығынан айыруға жол берілмейді. Отбасындағы психологиялық ахуалға психологтар жағымды деген баға берді. Бүлдіршін анасын жақсы көреді, онымен тұрғысы келеді. Ал әжесі немересімен араласамын десе, бір ғана жол бар, ол – келінімен тіл табысып, татуласуы керек. Баланы әркім өзіне тартуға болмайды,- деген түсініктеме берді Юлия Овечкина.

Етігін өзі әперсін

Елена Карыпованың айтуына қарағанда, зейнеткерлікке шыққанға дейін басшы қызметтерді атқарған, жеке кафе ұстаған. Қызы Мәскеуде тұрады. Немересін үлде мен бүлдеге бөлеп, тәрбиесімен айналысуына келініне қарағанда мүмкіндігі мол екенін алға тартады. Дегенмен 67 жасқа келген қария Данилды бағу үшін Новосібірден Света есімді күтуші алдырғанын, бүлдіршінді соның көмегімен күтіп жүргенін де айтып қалды.
-Өткен жексенбіде немеремді зорға алдым. Келінім тағы да қарсылық танытты. Аяғына қысатын етік кигізіп қойыпты. Ал менің пәтерімде ойыншықтарға толы тұтастай бөлме бар, – деп әңгімесін бастаған қарияға «ендеше неге дұрыс аяқ киім алып бермейсіз? Данилдың аяқтары ауырсынып жүрген шығар» деп едім.
-Анасының тәрбиелеуге құқығы болса, міндеттері де болуы керек. Өзі әперсін керек болса, – деп келте қайырды немересін жанындай жақсы көретін әжесі.

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button