ӨзектіТОП

Балаңыз интернеттің илеуінде жүрген жоқ па?

 

Біз баламыздың күніне мыңдап адам өлтіріп, жүздеп қылмыс істеп жатқанын біле бермейміз. Олар сол бір әрекетін ойын барысында істеп, түсінде қайталайды. Тіпті өмірде де қайталап жатқандар бар. Экранның ар жағындағы атыс пен шабыс, жеңіс пен жеңіліс баланы безбүйрек қылып бара жатқаны дер кезінде біліне қоймайды. Себебі телефонға телміріп отырған баланың не ойнап отырғанын көбіміз тексере бермейміз.

Тегеуіріні берік технологиялық ғасыр адамзат санасына тырнағын күн сайын батыра түсуде. Минут сайын мүмкіншілігі арта түскен технология тетігін меңгеруге шамамыз жетпей жатқан жайымыз бар. Күллі ғаламшар ғаламторға шырмалғандықтан болашақ ұрпаққа дұрыс жол тауып беру қиындай түсуде. Өмірдің баспалдағын енді басқан жасөспірімдер мен балалардың келешегіне үрейлене қарайтын болдық. Өйткені интернеттің игілігімен қатар зиянын да көрудеміз. Көптеген баланың көзін аша сала көргені атыс пен шабыс, қантөгіс пен боқтық, зұлымдық пен қатыгездік, жеңіліс пен жеңіс болғандықтан, олардың психологиясы өзгеріп жатыр. Кейбір жеткіншектеріміздің ойында көрген әрекетін өмірде істеп жатқандары да бар. Ұл мен қызымыз қылмыскер атанбас үшін әр әрекетін қадағалап отырғанымыз жөн секілді. Қазіргі таңда компьютер мен телефон баланың досына, серігіне, сырласына айналып үлгерді.

– Зерттеушілер  жаһандық технологияның адам денсаулығына зияны мен пайдасын әлдеқашан зерттеп тастаған. Оның, әсіресе бала психологиясына зиян екені көбірек айтылады. Баланың миына қонған артық ақпарат оны енжар етеді. Іздегенін интернеттен тапқаннан кейін айналасындағы адамдардан алшақтай бастайды. Ал жалғыздықты жанына серік еткен бала өзімшіл болып, пікір алмасу қабілеті нашарлай түседі, – дейді психолог Калима Жайлыбай.

Расымен де, бүгінгі балалар енжар, саяқ, өзімшіл болып барады. Бойларында бойкүйездікпен қатар қатыгездік те жоқ дей алмаймыз. Дер кезінде балаға уақыт бөлмеген ата-ана оның тәрбиесін уыстан шығарып алмақ. Гаджетті тиімді түрде қажетке жарата білмесек, баламыздың көңіліне күдік, өміріне қауіп ұялатары анық.

 

Кибербуллингтің кесірі мен кесапаты

 

Арамдықтан ада ойын баласының басын айналдыратын бүгінгі қоғамның қитұрқылығы жетерлік. Соның бірі – кибербулинг. Бұл психологиялық шабуылдың баланы өзіне бағындыратын жолы мен айласы көп. Кибербулинг жасаушылар интернетте түрлі әлеуметтік желілерді пайдалана отырып қорқытып, зорлық-зомбылық көрсетеді. Оның құрығына кез келген адам ілініп, тұзағына түсіп қалуы мүмкін. Басты шарты шабуылшының айтқанын екі етпей істеуі керек. Ойын бір емес, бірнеше кезеңнен тұрады. Интернетті ақтарып қараған адам әлемде 13-15 жас аралығындағы 150 млн-ға жуық бала жылына бұл жағдайды басынан өткеретіні жазылған. Бұндай әлімжеттіктің әлеуметтік желіде қайталануы жыл сайын, тіпті, күн сайын көбейіп келеді. Біздің еліміздегі 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 12 пайызы кибербуллингтің кесірін көріп, зиянын шеккен. Бала санасын улап, тұзағына түсірушілердің көбі педофилдер көрінеді. Олар әлеуметтік желіге өзге атпен тіркеліп, балалардың тағдырын ойыншыққа айналдыруды мақсат етеді. Осындай ойындардың қатарында «Көк кит», «Қызыл жапалақ», «Мені сағат 4.20-да оят», «NaN», «F57», «Тыныш үй», «Үй жағдайында Винкс мультфильміндегі періге қалай айналуға болады» дегендер бар. Бұл ойындардың барлығының да бастауы балаға жағымды болғанымен, соңы сұмдыққа бағытталған.

Мысалы, «Үй жағдайында Винкс мультфильміндегі періге қалай айналуға болады» деген ойында балаға түнде тұрып ас үйдегі газды қосып қоюын талап етеді. Содан кейін қайта барып жатып қалсаң періге айналасың деп басын айналдырады екен. Жоғарыда аталған өзге де қауіпті ойындар осы ойынмен мүдделес екені жазылып та, айтылып та жүр. Халықта оған қарсы тұрар қауқар аз. Баланы көндіретін дәрмен болғанымен, ойынға шектеу қоя алатын пәрмен жоқ.

Ал біздің елде осындай онлайн ойындардың зардабына қарсы қолданылатын заң баптары қарастырылмапты. Дәл осындай шабуыл жасаған қылмыскерлерге қарсы қатаң заң шығарған әлемде 21 ел бар көрінеді. Олар елінің болашағы саналатын бүлдіршіндерінің бала шағын заңмен қорғап, интернеттегі қауіпті ойындарға шектеу қойып отыр. Ал біздің ата-аналар бесіктегі баланың өзін телефон арқылы тыныштандыруға тырысады. Қазіргі таңда үш жастағы баланың телефон ұстауы әдеттегі жағдайға айналды. Кейбір деректерге сүйенсек, Қазақстанда 4-6 жас аралығындағы балалардың 54%-да жеке смартфоны бар көрінеді. Ал он жастан асқан балалардың түгелінің қолында телефон, өздерінің тіркелген әлеуметтік желіде жеке парақшасы бар. Қай баланың қандай ойын ойнап жатқанын қадағалап жатқан адам аз. Соның кесірін көріп те жатырмыз. Жуықта Алматы облысындағы өзіне қол жұмсап бақилық болған қыз  күнделігінде «Мен өлімнен қорықпаймын, ең қымбат адамдарымнан айырылып қалудан қорқамын» деп жазып, кейбір жеріне қанмен сурет салғандығы туралы ақпарат көздерінде жазылды. Ал қыздың ағасы: «Бір секта сияқты. Сосын ертесі күні бес қыз келді. Киген киімдерін көрсеңіздер. Біреуінің артында табыт, крест, біреуі қолын қап қара қылып бояп алған. Оң қолында періштенің суреті сызылып тұр», деп көргенін айтып, қарындасын интернет арқылы өлімге итермеледі деген күдігін жеткізді.

Осындай әрекеттерден опық жеп қалмас үшін барлығының алдын алғанымыз абзал. Бала өмірі мен көңілін бақылауда ұстаған жөн.

 

Ұрпақ санасын улаған ұрыс алаңы

 

Бабамыз жауынгер болғанымен, баламызға енді жауынгерліктің қажеті жоқ екендігі  түсінікті. Алайда интернет әлеміндегі соғыстан құтыла алар емеспіз. Балалар ойнайтын үш ойынның екеуі атыс пен шабыстан жасақталған. Сондай ойындардың бірі – PUBG. Бұл ойынның қазақша мағынасы «ұрыс алаңы» дегенге саяды. Ойынды компьютерде ойнаушылардың саны артқандықтан телефон тетігіне орналастыратын PUBG Mobile нұсқасын жасап шығарған. Бұл ойынның артықшылығы һәм қауіптілігі ойыншылар бір-бірімен еш қиындықсыз сөйлесе алады. Ал екі ойыншының не сөйлесіп отырғаны өздеріне ғана мәлім болмақ. Балаларының ойын барысында боқтасып жатқанын да көрген ата-аналар бар.

– Балаға телефон бермесең, қатарынан қалып қалатындай көрінеді. Ал берсең, ойнайтындары атыс пен шабыс. Қайбір күні сыртынан бақылап отырсам ойын барысында бір-бірін боқтап жатыр. Ертең танымайтын біреумен ойнап, ол өлімге итермелеуі де мүмкін ғой. Баламыздың мінезі де өзгеріп барады. Жалғыз жүруге құмар болып кетті. Енді олармен үнемі сөйлесіп, ойнатып, сырласып отыруға уақыт тағы жетпейді. Жалпы бала тәрбиесін ойласам ойға қорқыныш ұялайды, – дейді Глубокое ауданының тұрғыны Нұрбек Бекмұратов.

Сонымен қатар аталған  ойын барысында өлтірген кісіңе, соғысқан ерлігіңе қарай қару-жарақтың қалаған түрін алуға мүмкіндігің бар. Бала ойнап отырғаны болмаса, санасы өлім мен өмір үшін күресіп жатады.

– Адамның бала күнгі бойында қалыптасқан әдеттері кейінгі өмірдегі іс-әрекетінде қайталанып қалатын кездері болады. Сондықтан бүгін ойын арқылы болса да кісі өлтіріп, атыс пен шабыс көрген баланың психологиясына жауыздықтың коды ұялайды. Ол кейінгі өмірінде оянатын болса, өзгеге қауіп төндіреді. Оған дәлел бүгінгі таңда жетіп жатыр. Сондықтан баланың көзі мен құлағын кішкентайынан жақсылыққа үйір ету керек, – дейді психолог Кәлима Жайлыбай.

Мұндай әрекеттің қайталануының бір мысалы жуықта ғана болғаны ел есінде. Татарстан астанасы Қазан қаласындағы мектептің оқушысы өзі оқыған мектептің оқушыларына оқ атты. Қару қолданған оқушының санасындағы қатыгездік интернеттің илеунінен пайда болғаны айтылды. Ол Telegram каналында өзін «құдай» деп атап, «бүгін мен био қоқыстарды өлтіріп, өзімді атып тастаймын» деген жазба жариялаған.

Біздің де ертеңгі күні баламыздың санасындағы «био қоқысқа» айналмауымызға кім кепіл?! Сондықтан да балаңыз ертең бұл әрекетті қайталамасын десеңіз қазірден бастап бақылауға алған абзал.

Дәл осы сияқты соғұсқұмарлыққа баулитын ойындардың қатарында Free fire, Clash of Clans ойындары да бар. Олардың да балаға үйретер оңып тұрған тәрбиесі мен тәлімі жоқ. Соңғы шыққан ойыншықтардың қатарында «сипл-димпл»-дың дауы өршіп тұр. Бұл ойыншықтың түр түсін біреулер «ЛГБТ»-ның туының жарнамасы десе, енді біреулер ойыншықты ойнаған бала бір әрекетті қайталай беретін болып қалады екен десті.

Интернеттің қай қуысына кіріп қалсаң да қатыгездікке толы қанды шайқас, қызылды-жасылды көз арбайтын ойындар. Телефон тетігіне ата-ана өзі тыйым салмаса, бала тәрбиесінің басқа арнаға бұрылып кетуі бек мүмкін.

Қызырбек Дүргінбайұлы

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button