Баламды медресеге біл деп бердім…
Азаттықтың ақ таңы ағарып атқанда бөркін аспанға лақтырмаған қазақ қалмаған. Аягөздегі Мұхтановтар отбасы да сол кезде бақыттан бастары айналған. Дегенмен, бұл әулеттің қуанышы өзгелерден тіпті ерекше болатын. Өйткені, олардың шаңырағында дәл осы жылы сәби дүниеге келіп, ата-бабасы аңсаған тәуелсіз елдің Мәди есімді азаматы атанған.
Содан бері міне, 25 жыл өтіпті сырғып. Кешегі кішкентай нәресте бұл күнде ер жетіп, елінің руханиятына еңбегін сіңіріп жүр. Кеңес дәуірінде үзіліп қалған ұлтының дәстүрлі дінін қайта жалғап, халықтың діни сауатын арттыруға шама-шарқынша үлесін қосуда.
– Менің дінге келуіме анам ықпал етті. Ол кісінің өзі де бес уақыт намазын қаза қылмайтын жан. Жастайымнан адамгершілікке, ізгілікке, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсетуге, жақын адамыңа жәрдемдесуге үйретті. Жамандықтан аулақ жүріп, жақсылықты үйренуді ұдайы айтып отырды. Ең бастысы, Алланың хақ, Құранның ақиқат екенін, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) оның сүйікті елшісі екенін қаршадай кезімнен санама құйып өсірді. Бәлкім сондықтан да болар, өмірдегі өз жолымды мен діннен таптым, – дейді Мәди Мұхтанов.
Бірақ та оның исламға келуіне тағы бір үлкен себеп әсер еткен сияқты. Мектепте оқып жүрген кезінде ол көлік апатына ұшырап, бір ажалдан аман қалады. Ұлының өмірін сақтап қалған Жаратушысына сансыз шүкіршілік айтып, мадағын жаудырған Гүлзия Бимұхаметқызы осы жағдайдан кейін-ақ Мәдиге дін ұстануға кеңес береді. Онсыз да ес білгелі жұдырықтай жүрегіне иман ұялап, исламның мөлдір кәусарынан бір жұтымдап ішіп өскен жеткіншек анасының сөзін жерге тастай алмайды. Сөйтіп, ол Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш медресесінен бірақ шығады. Бұл 2007-2008 жылдар болатын.
– Алғаш медресеге барғанда бір аптадай үйренісе алмай жүрдім. Ауылды, ата-анамды сағындым. Бірақ мұның өзі көпке созылмады. Алланың қалауымен, ұстаздарымның оқытуымен исламды танып, біле бастаған соң бәрін ұмыттым. Ислам дінінің кереметтігіне көзім жете бастаған сайын, шөліркеп келіп, тастай мөлдір бұлақтан су ішкен адамдай құныға түстім. Қазір анамның сол кездегі шешіміне алғыстан басқа айтарым жоқ, – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Мәдидің діни білімге ұмтылысы мұнымен тоқтап қалмайды. Сарыағаштан кейін 2009 жылы Астана қаласындағы медреседе оқуын жалғастырады. Бірер жыл Ақтөбе облысындағы Жаңабұлақ ауылында, кейіннен Шалқар ауданында имамдық қызмет атқарған кездері де болыпты. 2013 жылдан бастап биылға дейін Түркия мемлекетінде діни білімін тереңдеткен. Шетелден мол тәжірибе мен білім алып қайтқан жас маманды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің туған өңірі Шығыс Қазақстанға бағыттайды. Қазір Мәди облыстық «Халифа Алтай» мешітінде наиб имам болып қызмет атқарып жүр. «Ауылда дін мамандары жетіспей жатыр ғой, неге бармадыңыз?» деген сұрағымызға ол былай жауап берді:
– Алтын бесік ауылдан, ондағы ақжарқын ағайындардан ешкім қашпайды ғой. Егер жіберіп жатса, бас тартпаймыз, әрине. Дегенмен өз басым әлі де білімімді жетілдіріп, ары қарай дамыта түсуді қажет санаймын. Сол себепті әзірше орталыққа жақын, білім алуға, тәжірибе жинауға мүмкіндік бар қалалық жерде қызмет істей тұрғаным дұрыс болар деп ойлаймын. Біраз білім жинап алған соң ауылға ат басын бұрып, исламды халқыма үйретуден тартынбаймын.
Білім демекші, кейіпкеріміз алдағы уақытта мүмкіндік туып жатса, ары қарай тағы оқуға барудан кет әрі емес көрінеді. Оның пікірінше, бүгінгі имамдар мен молдалар заманның талабына сай келетін, бұқара халықтың сұранысына жауап бере алатын жан-жақты білімді болуы керек. Өйткені, халықтың діни сауаттылығы, исламға бетбұрысы егемендіктің алғашқы жылдарындағыдай емес күшті. Әсіресе, сәждеге маңдай тигізген жастарымыз көп. Сондықтан олардың талап-тілегін қанағаттандыру үшін әуелі білім керек.
– Тәубе. Тәуелсіз ел атанғалы тарихымыз түгенделіп, дәстүр-салтымыз қайта тірілді. Ата дініміз өзінің мәртебесін тапты. Бейбіт мемлекетімізде көптеген ұлттар мен діндердің өкілдері татулықта өмір сүріп жатыр. Осының бәрі айналайын азаттығымның арқасы. Елдің көшін алға бастап келе жатқан Елбасының еңбегі. Бүгінгі менің құрдастарым осыны түсініп, бағалай білсе екен. Көп жағдайда адамдар басына қонған бақытты ұшқан кезде ғана біліп жатады. Сондай күйді кешпесек екен. Алладан тілейтінім осы, – деген тәуелсіздік құрдасы кейбір адасып жүрген өзінің қатарластарына айтар сөзін де ұмытқан жоқ.
Тәрбиешісі интернет болған қазіргі кезде жастардың жат ағымның жетегіне еріп кетіп жатқаны Мәдидің де арқасына аяздай батады екен. Күш-қайраты толысып, білімі жетілген шағында елге қызмет қылудың орнына айдаладағы бір соғысқа аттандап кеткен отандастарын ол да түсінбейді.
– Ислам бейбітшіліктің діні. Ал «жихад!» деп ұрандап, қолына қару алып жүргендердікі нағыз исламнан алыс дүние. Олардікі ешқандай да сауапты іс емес, керісінше қарғыс атқан тірлік. Осыны кейбір жастарымыз түсінбей жататыны қинайды. Мен айтар едім. Егер Алла жолында сауапты іс істегісі келсе, алдымен ата-анасына, еліне қызмет қылсын. Отанын сүйсін. Шынайы исламды, қасиетті Құран Кәрімді үйретсін білмегендерге. Міне, нағыз мұсылманшылық! – деп сөзін түйіндеген Мәди Мұхтанов әңгімеміздің соңында хәкім Абайдың бір шумақ өлеңін жастайынан жадында бойтұмардай сақтап жүргенін айтып қалды.
Ауылынан алғаш рет медресеге аттанар алдында анасы Гүлзия ұлын құшақтап тұрып Абай Құанбайұлының: «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын шен алсын деп бермедім…» деген өлең жолдарын күбірлеп айтқан екен. Анасының аузымен айтылған ұлы ақынның сөздерін Мәди ұл жүрегіне мәңгілікке жазып алған.
Серік Әбілхан