Баламды балабақшаға қалай орналастырамын?
– Баламды балабақшаға орналастырайын деген едім. Соңғы жылдары балабақшаға орналастыру тәртібі өзгеріске ұшырап, талап етілетін құжаттарының тізімі де өзгерді деп естідім. Осы мәселені толық түсіндіріп берсеңіздер.
Раяна Османова Самар ауданы.
Сіздің сауалыңызға еліміздің Оқу-ағарту министрлігі жауап берді:
– Бала балабақшаға баруы үшін алдымен жолдама алу қажет. Мектепке дейінгі білім беру саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер ережесінің талаптарына сәйкес, мектепке дейінгі ұйымға кезекке қою қызметін жергілікті атқарушы органдар көрсетеді. Аталмыш қызмет түрін алу үшін өтінішті осындай қызмет түрін көрсететін ұйымның кеңсесіне автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы тікелей және Халыққа қызмет көрсету орталығы немесе электронды үкімет веб-порталы арқылы беруге болады.
Мемлекеттік қызметті алу үшін баланың туу туралы куәлігі, баланың ата-анасының немесе заңды өкілінің жеке басын куәландыратын құжат, әскери қызметкердің немесе арнайы мемлекеттік орган қызметкерінің жұмыс орнынан анықтама (болған жағдайда), педагогтың жұмыс орнынан анықтама (болған жағдайда), ерекше білімді қажет ететін бала үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңестің қорытындысы (болған жағдайда), дәрігер-фтизиатордың қорытындысы (болған жағдайда) және мектепке дейінгі ұйымға бірінші кезекте жолдама алуға мүмкіндік беретін құжаттар (болған жағдайда) талап етіледі.
Сонымен қатар балабақшаға жолдама алу бойынша сұрақтар туындаған жағдайда тұрғылықты жері бойынша білім бөліміне жүгіну ұсынылады.