Балам майтабан болмасын десеңіз…

Мамандар сапасыз аяқ киімнің салдарынан адам түрлі кеселге душар болуы мүмкін екендігін айтады. Өйткені жасанды былғарыдан тігілген аяқ киім буын, табан және аллергиялық ауруларға шалдықтырады. Еліміздегі бүлдіршіндердің жартысынан астамы жалпақтабан дертіне шалдығыпты. Әскери борышын өтеуге жарамсыз жастардың басым бөлігінің диагнозы – майтабан. Олардың саны жыл санап артып келеді. Осы орайда «Аяқ киімді қалай таңдау керек және Өскеменде сапалы аяқ киім өндірушілер бар ма?» деген сұраққа жауап іздеп көрдік.
Өткір иісі қолқаны қабатын, түсініксіз шикізаттан жасалған қытайдың аяқ киімдері денсаулыққа зиян екенін білсе де, бағасы арзан деп көпшілік соны алуға мәжбүр. Жасанды былғарыдан тігілген аяқ киім сыз өткізіп, суық тигізеді. Сарапшылар қытай тауарларының көбінде формальдегид қоспасы бар екенін анықтаған. Алайда таза былғарыдан жасалған италиялық аяқ киімдердің бағасын кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Сапасыз аяқ киім бір маусым түгілі, бір айға жетпей киюге жарамсыз болып жатады. Ал етікшілерге жөндету құны сол аяқ киімнің жарты бағасын тұрады.
Аяқ киім таңдағанда нені білу керек?
Балаға ортопедиялық аяқ киім таңдағанда, ол өскенше күтудің қажеті жоқ. Өйткені табанында кемістігі бар балалардың 90 пайыздан астамында бұл ауытқушылығы туа біткен ауру емес, дұрыс аяқ киім кимегеннің салдарынан пайда болғандығын статистикалық мәліметтер дәлелдеп отыр,-дейді облыстағы ортопедиялық орталықтың бөлім меңгерушісі Ирина Хмеляр.
Көп жағдайда ата-аналар аяқ киімнің ортопедиялық сипаттамасына онша мән берместен, балаларына әдемі аяқ киім әперуге тырысады. Ал оның қалыбы ыңғайсыз болып, аяғын қысуы мүмкін немесе табаны мен өкшесі орнықсыз болуы мүмкін. Соның салдарынан баланың аяғы тез шаршап, жалпақтабандыққа ұшырайды. Табанның дұрыс қалыптаспауы аяқ пен буынның әртүрлі ауруларына себеп болады. Статистикаға сүйенсек, кәмелет жасына толмаған балалардың жартысына жуығының табан пішіні өзгерген және оларға ортопедиялық аяқ киім кию қажет. Жалпақтабандыққа ұшыраған балалар саны жылдан жылға көбейіп келеді.
Мамандардың айтуынша, майтабанның да бірнеше түрі болады. Баланың табаны маймақтанып кеткендіктен, ауырлық ортасы өзгеріске ұшырап, аяқтың қызметі, тепе-теңдік бұзылады. Соның салдарынан тірек-қимыл жүйесінің аурулары, жүрек-қан тамырлары және жүйке аурулары пайда болады. Майтабанның алдын алу үшін немесе пайда болған табан ауруын емдеудің жақсы бір тәсілі – ортопедиялық аяқ киім.
Баланың аяқ киімі оның саусағын да, өкшесін де қыспауы керек. Бірақ баланың аяғы тез өседі екен деп тым үлкен аяқ киім де алуға болмайды. Өйткені табан өзінің қолайлы орнын таба алмағандықтан, оған қосымша күш түседі. Мұндай жағдайда балаға жүру, жүгіру қиындық тудырады. Ал бұл дегеніміз тірек-қимыл аппаратының ауруларына әкеп соғады. Сондықтан аяқ киімді баланың өлшеміне сай алу керектігін айтады мамандар. Ары кетсе, қысқы аяқ киімді киетін шұлығының қалыңдығына қарай 1,5 сантиметрге үлкенін алған абзал.
Балаларға арналған ортопедиялық аяқ киімнің басты ерекшелігі – табанның жалпақтануына байланысты туындайтын аяқ, буын ауруларының алдын алу. Балалар аяғын жаңа басқан кезден бастап оларға міндетті түрде аяқ киім кигізу керек. Талапқа сай таңдалған аяқ киім бала табанының дұрыс қалыптасуына оң әсерін тигізіп, табан деформациясының алдын алады, жалпақтабандылықты болдырмайды. Дұрыс таңдалмаған аяқ киім баланың жүрісін бұзып, ширақ қозғалуына кедергі келтіреді.
Өздігінен жүрген кезінен бастап төрт жасқа дейін тобығына жететін ортопедиялық аяқ киім кигізген дұрыс. Ортопед-дәрігердің айтуынша, қысқа аяқ киім баланың аяғын қажетті деңгейде қорғай алмайды. Салдарынан бала тез шаршап, балтыры, табаны, белі ауырып, аяқ саусақтарының пішіні өзгеріп, қисаюы да мүмкін. Аяқ киімнің тұмсығы саусақтарды қыспайтындай кең, жабық немесе жартылай жабық болғаны жөн. Аяқ киімнің табаны жеңіл, икемді, тайғанамайтын болуы тиіс.
Баланың алты жасынан бастап кішкене өкшесі бар аяқ киім алуға болады. Өкшесі биік емес, мықты әрі жалпақ болғаны жөн. Осындай аяқ киім киген кезде баланың арқа, аяқ сүйектері мен бұлшық еттері жаттығып, мүсіні жақсара түседі. Аяқ киімде жақсы желімделген ұлтарағы мен супинаторы болуы керек. Осындай сапалы аяқ киім ғана майтабанның алдын алады.
Сапалы аяқ киім Өскеменде өндіріледі
Балаңыздың аяқ киімі қолайлы әрі денсаулығына зиянсыз болсын десеңіз, ақшаңызды үнемдеп, қытайдың аяқ киімін алуға асықпаңыз. Өскемендегі Тоқтаров көшесінде орналасқан облыстық протездік-ортопедиялық орталық өңіріміздегі балалар мен ересектерге ортопедиялық аяқ киім тігумен айналысады. Балалардың жазғы аяқ киімдерінің бағасы 13 мың теңгеден. Мектепке киетін туфлилер де, қысқы аяқ киімдер де тігіледі. Супинаторы бар арнайы ұлтарақтар жеке де сатылады.
Орталық директоры, өндіріс басшысы Сахан Тұрсымбаеваның айтуынша, ортопедиялық аяқ киімдердің өзі алдын алу мақсатындағы және емдік бағыттағы болып екіге жіктеледі. Аяқ қызметінде ауытқуы бар ересектер мен балалардың аяқ киімдері ортопед-дәрігердің жолдамасы бойынша мемлекеттік тапсырыспен тігіледі. Ал майтабанның алдын алу мақсатындағы профилактикалық аяқ киімдерді сатып аламын деушілерге есік ашық.
– Баланың жасына сай аяқ киім биіктігінің, табаны мен тұмсығының, өкшесінің тиісті параметрлері болады. Ата-аналар баласын осында әкеліп, мамандардың көмегімен табанының ерекшелігіне қарай аяқ киім таңдап алады. Мәселен, аяқ бұлшық еттеріне ыңғайлы болу үшін баланың алты жасынан бастап аяқ киім супинаторы биіктеу болуы керек. Аяқ киімді асығыс ала салмай, балаға кидіріп көріп, табан ерекшелігіне қарай ыңғайлы етіп алу керек. Аяқ киім тар немесе үлкен болмағаны жөн. Өкшені нық ұстап тұру үшін аяқ киімнің артқы тұсы қатты болғаны дұрыс,-дейді өндіріс басшысы.
Орталықтағы аяқ киімдер мемлекеттік стандарт бойынша барлық талаптарға сай өндіріледі. Өндіріс цехында 18 адам жұмыс істейді. Шеберханада былғарыны ойып, пішінге келтіретін, қонышын тігіп, бүгіп, тігісін жатқызатын бірнеше тігін машинасы бар. Аяқ киімдердің іші-сырты таза былғарыдан тігіледі. Өйткені ол аяқты терлетпейді әрі төзімді материал. Былғарыны Ресейден, негізінен Краснодардан тапсырыспен алады.
–Елімізде былғары Шымкентте өндіріледі, бірақ қара, қоңыр, сұр түсті болып келеді. Ал балалар негізінен тоқсары, жасыл, көк сияқты ашық түстерді жақсы көреді ғой. Сондықтан боялған, әдемі былғарыны Ресейден алуға мәжбүрміз. Өйткені сұранысқа ие болу үшін өнім сапалы, ыңғайлы әрі тартымды болуы керек, – дейді Сахан Тұрсымбаева.

Мамандардың сөзіне қарағанда, Қытайда өндірілсе де, «Совенок» дүкендеріндегі аяқ киімдер сипаттамасы жағынан ортопедиялық аяқ киімге жақын екен.
«Башмачоктың» аяқ киімі қолжетімді
Өскемендегі балаларға арналған сапалы аяқ киім өндірушілердің бірі – «Башмачок Ка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Өндіріс басшысы Кенжеғали Саткенов алдыңғы жылы аяқ киім шығаруды жолға қойып, бес миллион теңгенің грантын жеңіп алған болатын. Былтыр Алматы қаласындағы арнайы дүкендерден станоктар сатып алып, цехты жабдықтау жұмыстарымен айналысқан. Бүгінде балаларға арналған аяқ киімдер тігуді бастап кетті. Қазірдің өзінде ұл-қыздарға арналған 15-25 өлшем аралығындағы жазғы, қысқы аяқ киімдер сатылымға дайын тұр. Аяқ киімдердің іші-сырты былғарыдан тігілген, табаны төзімді полиуретан материалынан. Желімі де иіссіз, сапалы. Аяқ киімдердің бағасы да қолжетімді. Жазғы аяқ киімдердің бағасы 6500, етіктер 13 мың теңгеден. Алғашқы тұтынушылар үшін 10-15 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған. Толайым бағамен тапсырыстар да қабылдайды.
Әзірге өндірушінің жеке дүкені болмағандықтан, саудасын инстаграмм желісіндегі «diaskids_kz» әлеуметтік парақшасы арқылы жүргізіп отыр. Тапсырыс берушілерге тауарды жеткізіп те береді.
-Бұрын өзім «Облбытобувь» комбинатында еңбек еттім. Ол мекеме жабылып қалған соң, осы істі қолға алдым. Аяқ киім шығаратын өндіріс орнын ашу бұрыннан бері ойымда жүретін. Енді, міне, жеңіп алған гранттың арқасында ол мақсатқа да қол жеткіздім. Алдағы уақытта ересектердің де аяқ киімін шығару жоспарда бар,-дейді Кенжеғали Саткенов. – Өкініштісі, жастар арасында кәсіпке қызығушылық аз. Қазір жұмыс істеп жүргендердің дені зейнет жасына таяған мамандар. Сондықтан болашақта жеңіл өнеркәсіп саласына жастарды тартып, үйрету ойымызда бар.
Цехта төрт станок жұмыс істеп тұр. Өндіріс орны жылына бес мың жұп аяқ киім шығара алады. Ойша жоспар құрғанда, барлығы оңай сияқты, алайда іске келгенде, басқаша. Мәселен, Пристань маңындағы өндіріс цехының ғимараты жалға алынған. Дайын өнімдерді сату мәселесі де бар. Осы орайда өндіріс басшысы цех жұмысын дамыту үшін әлі де қаржылай қолдау қажеттігін жасырмады.
Еліміздегі ішкі сұранысты өтеу үшін отандық аяқ киім өндірісін дамытуға күш салынса, тұрғындардың денсаулығын сақтап қалуға айтарлықтай ықпал етер еді.
Аяқ киім нарығындағы отандық өнімдердің үлесі ─ 3,5 пайыз. Қытайдың әлемдік аяқ киім шығару саласындағы үлесі 60 пайызға дейін жеткен. Дүниежүзінде шығарылатын 10 миллиард жұп аяқ киімнің 6 миллиардын Қытай өндіреді. Ал қазақстандықтар тұтынатын аяқ киімдердің 75 пайызы қытай тауарлары. Аяқ киімдердің 10 пайызын – Ресей, 14 пайызын Түркия, Италия, Германия, Нидерланды және басқа елдер импорттайды.
Айжанат Бақытқызы