Қоғам

Балалы үй – базар

     «Адам өміріндегі ең үлкен қуаныш бала сүю», деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, балалы болу бақыт, ал көпбалалы болу одан да үлкен бақыт. Сондықтан да мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсету қолға алынды. Өйткені ұрпақ жалғастығы қай ұлт үшін де өте маңызды.

        Қазіргі нарықтық жағдайда көптеген отбасылардың екі-үш баламен ғана шектелетіні рас. Дегенмен, өңірімізде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері атанып отырған алтын құрсақты аналарымыз да аз емес. «Қой егіз туса, шөптің басы айыр шығады» деп үлкендер тегін айтпаса керек.

Осындай ұрпақ жалғастығын бірінші орынға қойып, көпбалалы отбасы атанып отырған үлгілі жанұялардың бірі – Өскемен қаласының тұрғындары Ермековтер отбасы. Бұл отбасының Жарма ауданы, Қалбатау ауылынан облыс орталығына көшіп келгеніне он жылға жуық уақыт болды.

Отағасы Ержан Ермеков слесарь-сантехник болып еңбек етеді. Ал көпбалалы ана Гауһар Ермекованың медбике болып еңбек еткеніне 15 жылдың жүзі болыпты. Отбасында бес бала бар. Шаңырақтың тұңғышы Аида Семей қаласындағы медицина университетінде оқиды. Екінші ұлы Ертемір – Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенті, болашақ металлургия саласының маманы. Ерасыл – Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы, сабақтан бос уақытында домбырамен күмбірлете күй шерткенді ұнатады. Нұрасыл – «Білім-Инновация» лицейінің 9 сынып оқушысы, ол гитарада ойнап, қолөнермен айналысады. Ал үйдің кенжесі Нұралы биыл үшінші сыныпқа барды, онымен қоса күреспен айналысып жүр. Енді отбасының Соградан Жібек маталар комбинаты ықшам ауданына көшіп келуіне байланысты маңайдағы №46 немесе №48 орта мектептің біріне ауысады.

Бала тәрбиесімен айналысу – оңай шаруа емес. Сондықтан ата-анасы балаларының сабақтан тыс уақытта пайдалы іспен айналысуларын қадағалап отырады. Үйге кіргеннен балалардың жылы жымиып амандасуынан-ақ олардың қазақи тәрбие алғандығы, биязылығы мен ұқыптылығы байқалып тұр.

Өнегелі отбасы жуықта ғана баспаналы болды. Бұған дейін жеті жыл бойы үй кезегінде тұрған.

– Согра кентіндегі саяжайымыз да берекелі болды. Жер үй болғандықтан бау-бақша ектік, балалар бізге қолғабыс етіп, бақшаны суару, жеміс-жидектерді жинау, ағаш жару сияқты жұмыстарды меңгеріп алды. Өзім тосап қайнатып, көкөніс тұздап, қысқы азықты дайындап алдық, – деді Гауһар.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша алған үш бөлмелі пәтер жылына екі пайызбен рәсімделген екен. Бұл – әдеттегі ипотекалық несиелерге қарағанда өте тиімді әрі үлкен көмек.

– Үйді берер алдында әкімдікке шақырып, бізге жалдамалы баспана керек пе, әлде «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы алғымыз келе ме, сол жағын егжей-тегжейлі түсіндіріп, ақылдасып-кеңестік. Алатын пәтеріміздің алғашқы жарнасы ретінде облыс әкімі Даниал Ахметов бір миллион теңгенің сертификатын бергенде, тіпті қуанышымызда шек болмады. Өйткені ондай қаражат қолымызда дайын тұрған жоқ еді. Сондықтан да осы баспанаға қол жеткізуге көмек берген облыс әкімі Даниал Кенжетайұлына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшылары мен мамандарына аналық алғысым шексіз, – деді көпбалалы ана Гауһар Ермекова. – Негізі, отбасылық-демографиялық жағдай қай мемлекетте болмасын алаңдатарлық мәселелердің бірі ғой. Сондықтан жас отбасылар балалы болудан қорықпауы керек.         Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қазір мемлекетіміз көпбалалы отбасыларына барынша қолдау көрсетіп отыр. Он сегіз жасқа дейінгі балалар жәрдемақы алады, жоғары оқу орнына түссе, оны бітіргенше жәрдемақы алады. Әлемдегі індетке байланысты жарияланған карантин кезінде азық-түлікпен, тұрмыстық заттармен қамтып отырды. Табысы аз отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алады. Жұмыспен қамтуға, баспана алуға үнемі қолдау білдіріп келеді. Мектеп жасындағы балалар тегін тамақтанады, оқу құрал-жабдықтарын, әр балаға мектеп формасын тегін береді, түрлі үйірмелер тегін. Әлеуметтік қолдау түрлері жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан барыма қанағат деймін. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Айта кету керек, өңірдегі көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Былтыр 523 көпбалалы отбасы баспаналы болса, биыл 271 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтылды. Жыл соңына дейін тағы 766 көпбалалы отбасы қоныстойын тойлайды.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button