Қоғам

Балалық шаққа жетелейді

Балалық шаққа жетелейді


Зырян ауданының тұрғыны Ольга Торопчанина бір күнде бірер сағат қолына қармақ бізін алып, кесте зерлемей отыра алмайды. Шебердің бай шеберханасын көрсеңіз, сөзіміздің шындығына көз жеткізер едіңіз. Алыстан көз тартар түрлі-түсті қуыршақтар күнделікті күйбең тіршілікті бір сәт ұмыттырып, балалықтың балғын әлеміне сүңгітіп әкете барады.

Бала бойындағы қандай да бір өнерге деген құштарлықты оята білу – ұстаз үшін өте маңызды. Иә, ұстаздық еткен жалықпас демей ме?.. Ольганың бір кездері өзі түлеп ұшқан №6 мектепте еңбекке баулу пәніне ұстаздық еткеніне 20 жылдың жүзі болды. Ұстаз бүлдіршін қыздарға үй шаруасын ұршықтай иіруді үйретіп қана қоймай, қол өнердің небір қыр-сырын меңгертпек. Сүйікті ісімен шұғылданған адам, өмірдің әлдеқандай қиын сәттерінде жол тауып кетуге бейім болады екен. Сол себепті де, Зырян мектебінде оқушылардың сыныптан тыс жұмыстармен айналысуларына барлық жағдай жасалған.

– Қолөнер маған қашан да қызықты болды, – деп бастады сөзін ұстаз. Әуелде майлық тігумен шұғылдандым. Кейінірек тоқыма ісіне ден қоя бастадым.
Соңғы бес жылда қуыршақ тоқуға білек сыбана кіріскенім рас. Алғашқыда интернет желісіндегі сызбаларды пайдалансам, қазіргі уақытта әлдебір өзіндік туынды жасамақпын.

Балалық шаққа жетелейді

Шебер-ұстаз жұмысының сапасына сын жоқ. Түрлі жануарлар бейнесінде тоқылған қуыршақтар дүкендерде сатылса, сұраныстың аз болмайтыны да ақиқат.

– Кейбір қуыршақтарды тоқуға апталап уақыт жұмсаған кездерім болды. Қуыршақ арулардың шашын әсемдеуге де бірнеше күн сарп ету керек. Жалпы мұның барлығына аз қаражат кетпейді. Дұрысы желге ұшар ақшаны емес, өз қызығушылығыңды ойлауың керек. Шәкірттерімнің жетістіктері мен адамдардың көзінен біздің жұмысымызға деген қызығушылықты көргенде кәсібімнің бар қиындығын ұмытамын – деп ағынан жарылды ұстаз Ольга.
Ұстаз бен оның шәкірттері қалалық және аудандық сайстарға неше мәрте қатысып, түрлі көрмелерде қолөнер бұйымдарын ұсынды. Әр жолы өз табынушыларын тауып қайтады. Осы кәсіптің басы-қасында жүрген жандардың да келіп лебіз білдіргендері бар. Басты жетістік те осы.

Жаңа жыл қарсаңында Ольганың пәтері Аяз атаның шеберханасына ұқсап кеткен. Баспана шебер қолынан шыққан алуан ойыншықтарға лық толы. Алда келер 2018 жылдың символын жасауға байланысты тапсырыстар да шеберде шаш етектен. Ольга бар жұмысты уақытында бітіру үшін әуелі «көмекке келер» деп сиқырлы бұғыларды жасаудан бастаған.

– Шынымды айтсам, үйде ойыншықтарды қояр жер қалмады… Бағыма қарай жақындарым мені қолдап отыр. Алғашқы шеберлік сабағына қатысуыма өз шәкірттерім қаржылай көмек көрсетті. Жолдасым да мені мақтан тұтады, – дейді ұстаз.

Қолөнер шебері өнерге құштарлық – өзіндік қалыптасудың басты шарты екенін атап өтті. Тоқыма ісі оның денсаулығын қалпына келтіріп, өміріне тың серпіліс берген.

Оксана Сосновская
Арнайы бет Зырян аудандық ішкі саясат
бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button