Балаларының болашағы жарқын

Тәуелсіздіктің бізге бергені көп. Азды-көпті қиыншылықтар мен жетіспеушіліктерге, кейбір тізгін ұстап отырған алақол шенеуніктердің келеңсіз қылықтарына бола әлдебір қандастарымыздың өткенді аңсап отыратыны көңілге кірбің түсіреді. Не нәрсеге болмасын дұрыс баға беріп, сергек пікір білдіріп отырғанға не жетсін!
– Өз басым Тәуелсіздікке дән ризамын, – дейді Күршім ауылының тұрғыны Тұрғанбай Қонақов. – Бұрынғы қалыптасқан кеңестік жүйе бұзылып, аласапыран шақ туғанда төрт баламызбен бірқатар қиыншылықтарға ұшырағанымыз жалған емес, бірақ келешектен үмітімізді үзбей,тынымсыз еңбектендік. Зайыбым Мәрия екеуіміз қандай жұмыстың ыңғайы келеді, ешбірінен тартынған жоқпыз. Өйткені желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектеріміздің болашағын қамтамасыз етуге тиіс едік. Ақырында, дегенімізге жеттік, балаларымыз да талаптанып, ынтамен білім алып, сенімімізді ақтады. Бүгінде олардың әрқайсысы егеменді елдің елеулі азаматы болып, көздеген жерден көрініп отыр.
Осылай деп ағынан жарылған отағасының сөзін жолдасы Мәрия Әдікенқызы да қостап, бүгінгі тірліктеріне разы екендігін ортаға салды.
– Сонау бір кезеңдерде қарын тоқ болғанымен, «аға» ұлт өкілдерінің астамшылығын көріп, қай жерде, қай салада болмасын, солардан кейінгі орынды місе тұтып келгеніміз өтірік пе? – дейді ол кісі. – Ал бүгінде өз еліміз, өз Отанымыздың туын көтеріп келеміз. Қайда барсақ та, кеудеден итеріп отырған ешкім жоқ. Тек ерінбей еңбектеніп, жалықпай білім алу керек. Өзіміз оқи алмасақ та, балаларымыздың қалауынша ізденіп, тиянақты білім алуы үшін қолдан келгеннің барлығын жасадық. Құдай қолдағанда, олар да мұны жақсы ұғынып, сенімімізді молынан ақтады. Оның үстіне, барлығы бірдей білімге ынталы, ыждағатты болып, мемлекет тағайындаған грантпен оқыды. Мұның өзі ата-анаға үлкен көмек болып табылады емес пе?!
Шынында да, Қонақовтардың төрт баласы да өздері қалаған жоғары оқу орындарына түсіп, оларды жақсы оқып бітірді. Өмірлеріне азық болатын мамандық таңдағанда да қателескен жоқ. Бүгінде бәрі бірдей бақуатты тұрмыс кешіп, ата-аналарын аялап-құрметтеп, үнемі қуантумен келеді. Мысалы, үлкен қыздары Фарида – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ол сонымен қатар компьютер техникасының жетік маманы. Қазіргі уақытта Фарида Мөнекей ауылында тұрады, сондағы орта мектепте ұстаздық етеді. Оның жолдасы Ержан – кеме басқару училищесін бітірген, сол саланың бүгінде сирек кездесетін мамандарының бірі. Екеуі екі бала тәрбиелеп отыр.
Екінші қыздары Жанар ШҚМУ-дың бастауыш сынып мұғалімі факультетін үздік бітіріп, қазіргі кезде Өскемендегі бір орта мектепте жас буынға сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Оның жолдасы Ерік – капитан шеніндегі әскери қызметші, Ахмер кентіндегі гарнизонда қызмет атқарады. Олардың шаңырақтарында да екі бала өсіп келеді.
Ұлдың үлкені Айдынның мамандығы – бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, бірақ ол әскери қызметті таңдады. Сөйтіп, бүгінде Күршімдегі шекара отрядында ауыр да абыройлы қызметтің үздігі атанып жүр. Оның жолдасы Құралай ШҚМУ-дың математика және заң факультеттерін бітірген білікті маман. Олардың үш балалары бар.
Кенже ұл Бейбіт бастапқы әскери дайындық пен заң факультеттерін тәмамдап, екі бірдей мамандықты игерген болатын. Ағасы сияқты әскери қызметті таңдаған ол өз білімін жас жауынгерлерді даярлауға арнап, Күршім шекара отрядында қызмет атқарып жүр. Оның жолдасы Айдана – медицина саласының маманы, Күршім аудандық орталық ауруханасында жұмыс істейді. Ол әзірше кішкентайын өсіріп, арнайы демалыста жүр.
Қазақ айтқандай, би болмаса да, би түсетін үй болып, өмірден лайықты орындарын тауып отырған балаларының жетістіктерін қос зейнеткер орынды мақтан етеді. Осы перзенттерінен сүйіп отырған сегіз немере – ата-әжелерінің көз қуанышы, өмірден көрген ең қымбат сыйы. Күн сайын солардың бірін мектепке, екіншісін балабақшаға жетелеп апарып, енді бірін қарсы алып жүретін Тұрғанбай қария мен Мәрия әжей үшін осыдан артық бақыт та, байлық та жоқ. Тек заман тыныш, бала-шаға аман болса екен деп тілейді.
– Халқының саны көп болғанымен, мемлекеттігі жоқ, дербес ел атана алмай жүргендер аз ба? – дейді бұл саладан хабары мол Тұрғанбай қарт. – Мысалы, ана курдтар мен ұйғырларды ал. Тәуелсіздік сұрап, жер талап етіп, алуан түрлі әрекеттерге барып жүрсе де, не туы, не шекарасы жоқ солармен салыстырғанда біздің жағдайымыз көш ілгері емес пе? Ұлан-ғайыр жеріміз, тату-тәтті тірлік кешіп жатқан берекелі еліміз бар. Қазақстан Республикасы деген әлем мойындаған атымыз, желбіреген көк туымыз бар. Ұландарымыз спортта, өнерде топ жарып, айбынды Әнұранымызды Жер шарының әр түкпірінде шырқатып жүр. Осының бәрі білген адамға аз жетістік емес. Тек қанағат пен тәубеден жаңылғаннан сақтасын!
Осы сөздерді сабырмен ғана ортаға салғанымен, біз қарияның көңіл түкпіріндегі мерейлі мақтаныш пен қанағатты қуанышты қапысыз сезіндік.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.