Қоғам

Балаларын енді «Берікке» апарады

Балаларын енді «Берікке» апарады


Серебрянка қаласында «Берік» атты балабақша ашылды. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің нәтижесінде іске қосылған бұл мекеме осы шаһарда кейінгі ширек ғасырдан астам уақытта бой көтерген тұңғыш тәрбие ошағы.

Осыған дейін қалада жалғыз балабақша мен екі шағын орталық ғана жұмыс істеп тұрғындықтан балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен жүз пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік болмаған. Сол себепті бұл күнді қала жұрты асыға күтіп жүрді. Енді міне мәселенің түйіні шешілетін түрі бар.

– Бұл бөбекжай-бақшаның ашылуы шаһар тұрғындары үшін нағыз мереке болды. 120 орынға шақталған балабақшаға бүлдіршіндер бір жарым жастан бастап қабылдануда. Соның арқасында мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету мәселесі түбегейлі шешілді. Оған қоса 30 шақты адам жұмысқа алынды, – дейді аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова.

Серебрянка қаласының әкімі Сергей Гордиенконың айтуынша, әлеуметтік мекеменің жөндеу жұмыстары айналдырған бірнеше айдың ішінде тас-түйін аяқталған. Бастысы сапалы жүргізілген. Ғимараттың іші жайлы, әрі жылы. Балғындарға барлық жағдай жасалған.

Жаңа балабақша жергілікті атқарушы билік пен өскемендік «Берік К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бірлескен жобасы екен. Кәсіпкер Венера Мусина бұрын Бұқтырма гидроэнергетикалық кешеніне тиесілі болған, кейіннен аудандық білім бөлімінің балансына берілген бос ғимаратты сенімді басқаруға алған.

– Серебрянкаға біз аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовтің шақыруымен келдік, – деп түсіндіреді кәсіпкер. – Қаланы аралап шықтық, ұнады. Орналасқан жері, табиғаты, ауа райы, жергілікті тұрғындары бәрі де көңілімізден шықты. Содан бос тұрған ғимараттарды сенімді басқаруға алу үшін конкурсқа қатысып, жеңіп алдық. Жөндеу жұмыстарына өзіміздің қаражатымызды салдық. Серіктестік танытып, қолдау көрсеткен ауданның, қаланың басшыларына алғыс айтамыз.

Аудандық мәслихаттың хатшысы Лариса Гречушникованың сөзіне қарағанда, нысанды жөндеуге жұмсалған қаражат бизнеске салған ақша ғана емес, еліміздің болашағы – өсіп келе жатқан ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне бағытталған қайтарымы мол инвестиция.

Балабақшаның лентасын қию құрметі Серебрянка қаласының білім саласына еңбегі сіңген педагогтар Александра Туембаева, Мария Угрюмова және Галина Яковенкоға тапсырылды.

– Бұл жерде балақайлар төрт топқа бөлініп тәрбиеленеді. Ғимараттың іші жайлы, тиісті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Барлық талаптарға, санитарлық нормаларға сай келеді. Жиһаздары жаңа, балалардың жасына қарай ойыншықтар және ойын кешендері сатып алынған. Көктемде мекеме ұжымы ауланы абаттандырып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Оған біз де қол ұшын береміз, – дейді Серебрянка қаласы әкімінің орынбасары Наталья Баженова.

Балаларын енді «Берікке» апарады

«Беріктің» тойына жиналған қонақтардың ешбірі құр қол келмепті. Тарту-таралғыларын ала жетіпті. Аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовтің арнайы жіберген түрлі-түсті үлкен теледидарын орынбасары Жанна Асқарова салтанатты түрде тапсырса, қала басшысы Сергей Гордиенко түрлі-түсті принтерді сыйға тартты. Жергілікті әскери бөлімнің өкілдері алуан түрлі ойыншықтар мен басқа да дүниелерді әкеліпті.

– Қазірдің өзінде ата-аналар тарапынан 90-нан астам өтініш келіп түсті. Біздің бұл салада тәжірибеміз аз болғандықтан, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашылған зыряндық «Марат-Сұлтан» балабақшасының қызметін негізге ала отырып жұмыс істейтін боламыз. Бүгінгі мерекеге еңбегі сіңген педагогтардың келуі, бізге қолдау көрсетуін жақсылыққа балап отырмыз. Біздің иығымызға артылған жауапкершіліктің салмағы ауыр екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан балабақшамыздың өркендеуі үшін барымызды саламыз, – дейді Венера Мусина.

Осы шараға қатысқан Кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалының директоры Игорь Шацкий өз сөзінде «Берік К» ЖШС-нің бұл бастамасы көптеген кәсіпкерлерге үлгі болатынын айтты. Кәсіптен нәсіп табуды көздегендерге мол табыс көзі тек қалада ғана емес, сонымен қатар аудандар мен шағын шаһарларда да бар.

«Беріктің» тәрбие ақысы кәдімгі мемлекеттік балабақшалардағы сияқты айына әр балаға 11 600 теңге көлемінде. Тамаққа жұмсалатын шығын осының ішінде. Сол сияқты ата-аналардың өздерінің сұрауы бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін топ ашу да алдағы жоспарда бар көрінеді.

– Қуаныштымыз. Балабақшаның іші таза, жинақы, жайлы. Әсіресе, мұнда бүлдіршіндерді бір жарым жастан бастап қабылдайтыны тиімді болып тұр өзіме. Жұмысқа шығайын десем баланы қарайтын адам жоқ. Амалдың жоқтығынан үйде отыруға тура келген. Енді міне қызымды «Берікке» әкелемін. Тәрбиешілер де өз ісін жақсы білетін мамандар көрінеді. Балалардың тілін тез тауып алды. Осындай мүмкіндік сыйлаған басшыларға алғыс айтамын, – дейді екі жасар Дашаның анасы Ольга Плискина.

Оксана Сосновская
Арнайы бет Зырян аудандық ішкі саясат
бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button