Балаларын бассейнге әкелетін ата-аналар көбейіп келеді

Соңғы жылдары шырайлы Шығыста су спорты ерекше қарқынмен дамып келеді. Осыдан төрт жыл бұрын Өскеменде «Казцинк» пен «Қазатомөнеркәсіп» сияқты алып компаниялардың қаржылай қолдауымен үш бірдей ірі спорт кешені бой көтерген болатын. Соның бірі – бассейн.
Аталмыш бассейннің жалпы аумағы бір мың шаршы метрге жетсе, спорт кешенінің өзі 5 343 шаршы метр жерді алып жатыр. Ұзындығы 50 метр болатын, бір трамплині, үш және бес метрлік секіру алаңдары бар кешен заманауи талаптарға сай салынған деуге болады. Бұл сөзімізге кешенде соңғы төрт жылда ұйымдастырылған бірқатар халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстар дәлел. Жақында облыстық мамандандырылған су спорты түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің директоры Мерхат Болатханұлымен кездесіп, Шығыстағы су спортының ахуалы жөнінде сөйлескен едік.
– Қазір мектебімізде бір мыңнан астам бала жаттығуда, – деп бастады әңгімесін спорт мектебінің басшысы. – Тек балалар ғана емес, кез келген қала тұрғыны бассейнге келіп, суда жүзіп, денсаулығын түзей алады. Бүгінде мектепте су добы, суға секіру, жүзу, байдарка мен каноэде ескек есу сияқты спорт түрлеріне арналған бөлімдер бар. Спортшыларымыз қала сыртындағы «Эллинг» байдарка мен каноэде ескек есу базасында көктем мен күз айлары аралығында қызу жаттығу жүргізеді. Шәкірттерге 30 білікті бапкер сабақ береді. Олардың қатарында Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушылар Любовь Красавина мен Мария Григорьева да бар. Аталмыш бапкерлердің шәкірттері халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарда үздіктер қатарынан көрінуде. Байдарка мен каноэде ескек есуден Лариса Лукичева деген тәжірибелі жаттықтырушымыз дәріс береді. Оның қызы әрі шәкірті Екатерина Смирнова (тегін өзгерткен) 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында алғашқы ондықтан көрінген болатын. Қазір Лариса қызын 2020 жылғы Олимпиадаға дайындауда. Сонымен бірге В.Афанасенков, М.Филимонов, Қ.Мұқамеджанов та жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Суға секіру, су добы мен жүзуден Қарағанды және Теміртау қалаларынан тәжірибелі бапкерлер Е.Сизинцев, А.Рейманды арнайы шақыртып, оларға барлық жағдай жасадық.
– Шәкірттеріңіздің арасында Азия мен ел чемпионаттарында топ жарған саңлақтар бар ма?
– Үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Испанияда су спорты түрлерінен 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама үлестіретін лицензиялық Әлем чемпионаты өтеді. Оған бізден бес бірдей спортшы қатысады. Джакартадағы Азия ойындарында бақ сынап, қола медаль иеленген талантты спортшы Александр Куликов, сондай-ақ төртінші орынды қанағат тұтқан Камилла Сафина, Қуаныш Еренғайыпов, Петр Волков пен Екатерина Смирнова жарыс жолына шығатын болады. Егер қажетті ұпайға қол жеткізсе, спортшыларымыз Олимпиадаға қатысу мүмкіндігіне ие болмақ.
– Былтырдан бастап Өскеменде суда жүзуден 14, 15 жастағы және одан да кішірек балалар арасында «Алтай жұлдызы» атты республикалық турнир өткізілуде. Аталмыш жарысты өткізу бастамасын өзіңіз көтеріпсіз. Құптарлық жәйт. Бұл сайыс дәстүрлі бола ма?
– Сиқыры мол су спорты бізге қарағанда Еуропа мен мұхиттың арғы жағындағы елдерде жақсы дамыған. Бір ғана мысал, австралиялық Ян Торп пен америкалық Майкл Фелпс бір Олимпиада ойындарында ғана 5-8 алтын медаль жеңіп алғаны белгілі. Ал көптеген мемлекеттер бір медальға да қол жеткізе алмай жатады. Риодағы Олимпиадада алматылық Дмитрий Баландин сенсация жасап, алтын алғанда бөркімізді аспанға лақтырып шаттандық. Сол-ақ екен, жер-жерде балаларын бассейнге жетектеп әкеле бастаған ата-аналар қарасы көбейді. Біздің бассейнге де келушілер саны едәуір артты. Шынында да, қашанғы су спортынан есеміз кете бермек? Ойлаңызшы, Олимпиада ойындарында су спорты түрлерінен 48 медаль комплектісі сарапқа салынады екен. Демек, су спортына елімізде ерекше назар аударылуы тиіс. Облыс әкімі Даниал Ахметов аймақта су спортының өркендеуіне ерекше көңіл бөлуде. «Алтай жұлдызы» турнирінің ашылуына арнайы келіп қатысып, болашақ чемпиондарға сәттілік тіледі. Алғашқы турнирде шәкірттеріміз Нұрәлі Советханов чемпион атанса, Елизавета Чернышева мен Никита Арепьев үшінші орынға ие болды. Ал биылғы қараша айында өтетін кезекті жарысқа танымал спортшыларды шақырсақ деген ойымыз бар. Чемпиондар балалармен жүздесіп, шеберлік бақтарын өткізуге, жастармен тәжірибе бөлісуге қарсы болмас деп үміттенеміз.
Осы ретте мына бір жайға назар аударайықшы. Су спорты дами бастағалы бері Өскеменнің іргесіндегі өзен-көлдерде балалардың суға кетуі фактілері бірнеше есеге азайыпты. Мұны облыстық статистика басқармасы хабарлайды. Демек, басқа қалалар мен аудандардың басшылықтары да жылдың төрт мезгілінде су спортымен шұғылдануға мүмкіндік беретін жабық не ашық бассейндер салса, одан ұтарымыз көп. Қазір біздің бассейнде төтенше жағдайдар жөніндегі департамент мамандары аудандар мен қалалардан келген нұсқаушыларға арналған курстар өткізуде. Әр сенбі сайын «Үміт» балалар үйінің, «Ақ ниет» мектеп-интернатының балалары бассейнге келіп, суда жүзеді. Оларға білікті мамандар дәріс береді.

– Шәкірттеріңіздің арасында ел құрамасына қабылданған спортшылар көп пе?
– Біздің мектептің 46 оқушысы ұлттық құрамаға мүше болып қабылданды. Олардың 13-і негізгі, екеуі жастар, ал 31-і жасөспірімдер құрамасында өнер көрсетуде. Жеті өкіліміз халықаралық дәрежедегі спорт шебері болса, 31-і спорт шеберлігіне үміткер, 22-сі бірінші разрядты спортшы. Түлектеріміз соңғы бірнеше жылда 500-ге тарта медаль жеңіп алды, оның 139-ы алтын. Бапкерлерімізді жыл сайын еліміздің өзге қалаларында ұйымдастырылатын семинарларға жіберіп тұрамыз. Ал жазда шәкірттеріміз Алакөл мен Бұқтырмаға барып, денсаулықтарын түзеп қайтады.
Оңдасын Елубай
Өскемен.