Қоғам

Балаларға естен кетпес демалыс сыйлайды

Жаз келді. Балаларға нағыз мереке басталды. Суға шомылып, табиғат аясында серуендеп, демалыс лагерінде тынығып, жаз маусымын тамаша өткізуге барлық мүмкіндік бар. Әсіресе Ұлан ауданы, І.Айтықов ауылының балақайлары бұл жайдары шақты тағатсыздана күтті.

1 маусым – Балаларды қорғау күні осы ауылдағы Қасым Қайсенов орта мектебінің жанынан ашылған «Сәулетай» жазғы лагері жұмысын бастады. Мұнда оқушылар уақытты тиімді өткізіп, жан-жақты дамып, денсаулығын нығайтады.

– Бүгінгі таңда мемлекетіміз жас ұрпақтың білімді де өнерлі, тәрбиелі болып өсіп, қалыптасуына барынша қолдау көрсетіп, жағдай жасап отыр. Әр баланың қоғамда өз орны, құқығы бар, әр бала бақытты болуға, отбасында өсіп, тәрбиеленуге, білім алуға құқылы. Сондықтан біз «Сәулетай» мектеп жанындағы лагерьде жүрген әр бүлдіршінге ерекше қамқорлық көрсетіп, еліміздің болашағы өсіп келе жатқан ұрпақтың қолында екенін іс-әрекетіміз арқылы жеткізуге тырысамыз. – дейді мектеп директоры Архат Рахымбердинов.

Иә, еліміздің ертеңі бүгінгі жастардың қандай тұлға болып қалыптасуына байланысты екені сөзсіз. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың тәрбиесіне жете көңіл бөлуді тапсырып, ағымдағы жылды Балалар жылы деп белгілеп берді. Қазақстанның жарқын келешегі ел тағдырына бейжай қарамайтын, нағыз отаншыл, ниеттес, мүдделес азаматтардың қолында екеніндігін жеткізді. Сонымен қатар жастарға артылғын үміт зор екенін, олардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Бүгінгі таңда Президент жүктеген міндеттер өңірлерде, оның ішінде Айтықов ауылында жоғары деңгейде іске асырылып жатыр десек артық айтқандық емес.

«Сәулетай» лагерінің ашылу салтанатына орай ұйымдастырылған мереке жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асты.

– Мектеп жанындағы лагерьдің ашылуы жоғары деңгейде өтті. Ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен өткен бұл мерекеде балалар ертегілер еліне саяхаттап, өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар Тұрсағат Қабылғазықызы бастаған ауыл кәсіпкерлері балаларға тәттілер таратып, ізгі тілектерін білдірді. Болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру – біздің қолымызда, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Арай Жобалаева.

Лагерьге барлығы 53 оқушы қабылданған. Олар төрт топқа бөлінген.  Әр топқа екі жетекшіден тағайындалған.

– Тәрбиешілер әр топқа арналған жеке жоспар бойынша жұмыс істейді. Онда балалардың қызығушылығын арттыруға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, отбасылық құндылықтарды нығайтуға жете көңіл бөлінген. Баламен жұмыс істеу бір жағынан қызықты болғанмен, бір жағынан жауапкершілігі жоғары. Сондықтан бәріне мұқият қараймыз. Ең бастысы, балдырғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жазғы демалысты тиімді өткізуіне септігімізді тигізсек дейміз, – деп түйді сөзін топ жетекшісі Балжан Маратбекқызы.

«Сәулетай» лагері әрбір оқушының көңілінен шығып жатқаны жеткіншектердің жүзіндегі пәк күлкісінен айқын байқалады. Алдағы он күнде лагерь балаларға естен кетпес көңілді демалыс сыйлары анық.

Дидар Ерболатқызы, студент

Ұлан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button