Балаларға арналған бірегей бағдарлама әзірленіп жатыр
Аймақ басшысы Даниал Ахметов атақты Олимпиада чемпионы, танымал жеңіл атлет Ольга Рыпаковамен кездесіп, балаларды спортқа ерте жастан тарту жөніндегі бірегей бағдарламаны талқыға салды.
Қазіргі кезде жерлес спортшымыз жас өрендерді жаттықтырып жүр, олар талай байрақты бәсекеде топ жарған тәжірибелі атлетті өздеріне үлгі тұтады. Сонымен қатар Ольга қоғамдық жұмыстарға да барынша атсалысып келеді.
Өңір басшысы мен Олимпиада чемпионы өскелең ұрпақтың спорттағы белсенділігін ерте жастан, яғни балабақшадан дамыту жөніндегі арнайы бағдарламаны іске асыру мүмкіндігін жан-жақты талқылады.
– Бүгінде балалардың дені бос уақытта қолдарынан смартфондарын тастамайды, олардың физикалық белсенділігі төмен, қозғалмалы ойындарды көп ойнамайды. Бұл бағдарлама жеткіншектерді ойын арқылы спортқа қызықтыруды мақсат етеді. Бапкерлерге де өз болашағын белгілі бір спорт түрімен байланыстыруды түбегейлі шешкен баламен жұмыс істеу оңайырақ болады, – дейді аталған бағдарламаның тиімділігі жөнінде облыс әкімі.
Оның айтуынша, белсенді балалар – дені сау ұлт пен бұқаралық спортты дамытудың кепілі.
Ержан Кеңесұлы