Қоғам

Балалардың бастамасын бағалады

Кейде біз елдің әлеуметтік мәселесін шешу үлкендердің ғана қолынан келеді деп ойлаймыз. Шындығында, бұл мәселе балаларды да қатты толғандырады. Әлі кішкентай болса да, олардың да бастамалары, өздерінің идеялары бар. Жақында Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының ұйытқы болуымен онлайн режимде «Еліміздің еркіндігі – Тәуелсіздік» тақырыбында «Балалар бастауы-2021» әлеуметтік бастамалар байқауы өтті. Шараға облыстағы жалпы білім беретін мектептердің 5-11 сынып оқушылары қатысты.

 

Шараның негізгі мақсаты – әлеуметтік маңызы бар бастамаларды іске асыруда балалардың белсенді азаматтық ұстанымдарын дамытуға жәрдемдесу, өз қала, ауылының тыныс-тіршілігіне араласу құқықтары мен дағдыларын қалыптастыру, өмірлік бағдарына дұрыс таңдау жасау, балалар бастамаларын іске асыру алаңын құру. Байқаудың облыстық кезеңінде 40-тан астам оқушы  өз жобасын қорғады. Бір атап айтарлығы, ZOOM бағдарламасы арқылы өткен байқауға  мүмкіндігі шектеулі балалар да қатысты.  Ауылдағы  әлеуметтік жағдайды жақсартуға, ондағы өмір сапасын арттыруға қатысты оқушылар өз ойлары мен ұсыныстарын айтты. Мысалы, Аягөз ауданы, Ақши орта мектебінің 6-сынып оқушылары Нұрбек Ильясов пен Шырай Хамит «Қалдықтарды қайта өңдеу арқылы мал шаруашылығында пайдалану» тақырыбында жоба қорғады. Көктемде есіктің алды, малдың қорасы езіліп, лай-батпақ болатыны белгілі. Нұрбек пен Шырай малдың асты құрғақ болуы үшін арнайы қоспа ойлап тауыпты. Бұл қоспаны төсесе, малдың асты құрғақ болады әрі малға да өте пайдалы. Қоспаның құрамы – кәдімгі қалдық заттар. Ол үшін  аттың қиы, күл, полиэтилен қапшықтары, сары топырақ, тас қажет көрінеді. Бұл жобаның жүзеге асуына Нұрбектің әкесі қол ұшын созыпты.

Жалпы, бүгінгі таңда тұрмыстық қалдықтар мәселесі өте маңызды. Қайда көз салсаңыз да, шашылып жатқан целлофан қапшықтар, пластик бөтелкелер және т.б.

Алтай қаласындағы мектеп-лицейінің 5-сынып оқушысы Анастасия Амельченко да өзінің жобасын тұрмыстық қалдықтарды жою мәселесіне арнапты. Ал жармалық оқушы Дилназ Орынбай заманауи қоқыс жәшігін қалай пайдалану қажет екенін қазылар алқасына көрсетіп, дәлелдеп берді. Демек, қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау мәселесі балаларды да өте қатты толғандырады деген сөз.

Жалпы, жоба тақырыптары әртүрлі. Балаларды қоғамның әр саласы қызықтырады. Бала құқығы, жолдағы тәртіпті сақтау, шоколадтың зияны, туған жерді аялау, иесіз қалған жануарларды қорғау, энергияны үнемдеу… Бір қызығы, балалар  кейде үлкендер көзге ілмейтін, ұсақ-түйек саналатын мәселелерді де байқап, өз жобаларына өзек еткен.  Оқушылардың жұмысын аймақтың жоғары оқу орындарының ғалымдарынан, жергілікті атқарушы орган өкілдерінен жасақталған қазылар алқасы сараптап, өз бағасын берді.

– Мұндай  байқау балалар үшін де, мұғалімдер үшін де өте қажет деп санаймын, өйткені өз кезегінде мұғалімдер балаларды кішкентай кезінен ғылымға, ізденушілікке, бір нәрсені табуға, талпынуға сараптауға, бағалауға үйретсе,  балалардың да білім-ғылымға деген қызығушылығы артып, өз бетімен ізденуге, шынайы деректермен жұмыс істеуге дағдыланады. Бұл шараның балаларға да, мұғалімдерге де берері көп, – дейді қазылар алқасының мүшесі, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы Аяулы Бұлғынбаева.

Байқау қорытындысы бойынша, 28 қатысушы жүлделі  орындарға  ие болды.    Төрт оқушы І орын, сегіз оқушы  ІІ орын, 16 оқушы ІІІ орынды иеленді. Ең үздік жобалар «Балалар бастауы-2021» әлеуметтік жобалар жинағында жариялануға ұсынылады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button