Балалардың жүздері бал-бұл жанды

Өскемендегі «Жасұлан» ұйымының мүшелері таңғажайып мерекені кең ауқымда атап өтті. Бұл күні жап-жасыл шыршаның түбіне жиналған балалар бір-біріне шын жүректен жылы лебіздерін арнап жатты.
Ұйымдастырушылар оқушылар шығармашылық сарайының кіреберісінен көрермендер залына дейінгі аралықтың барлығын жасыл шыршамен қоршап, түрлі-түсті ойыншықтармен безендіріп қойыпты. Тіпті көздің жауын алатын шырақтардың арасынан балалардың жарқын жүзін аңғару қиын емес.
– Жаңажылдық шырша мерекесінің осында өткеніне қуаныштымын. Оның үстіне, іші де керемет безендіріліпті. Қатарластарымның киімдері қандай ғажап! – дейді №33 орта мектептің оқушысы Еликай Серікбол.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан жасұландықтардың биылғы жаңажылдық шыршасы ерекше көңілді өтті. Оған 250 бала қатысты.
– Баршамыз асыға күтетін жарқын мереке – Жаңа жылға санаулы күндер қалды. Мен сендерді келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Бұл сендердің мерекелерің – қызықты сәттердің, ертегілер мен сыйлықтардың кезі. Барлығың жақсы оқып, спорттық жетістіктерге жетіп, қайырымды істер жасап, жаңажылдық мерекеге еңбек сіңірдіңдер деп ойлаймын. Жаңа жылда бәрі басқаша болады, жаңа табыстарға қол жеткізіп, жаңа білімді игересіңдер. Бұл ретте отбасыңа деген махаббатты, достарға деген адалдықты, ұстаздарға деген құрметті және еліңе деген сүйіспеншілікті сақтап қалу керек, – деп ақжарма тілегін жеткізді ұйымдастырушылардың бірі Регина Сембаева.
Мерекелік шара барысында әр мектептен келген балалар әсем ән мен күйден шашу шашып, мультфильм кейіпкерлеріне пародия жасады. Осылайша, жасөспірімдер жаңа жылдың шырайын одан әрі әспеттей түскені анық.
Іс-шара соңында балалар Аяз ата мен Ақша қарды ортаға алып, естелік суретке түсті. Ал біз болсақ, барлық баланың жүзіндегі осынау бір қуаныш пен бақыттың лебі ғұмырларының соңына дейін жалғасса ғой деген арманның жетегінде ертегілер елінен алыстап кете бардық.
Ажар Сағатбекова