Балаларды тегін емдетіп жүр

Талғат Мұхаметқалиев – Аягөздің тумасы. Бала жасынан ат десе ішкен асын жерге қояр қасиеті бар жігіт жылқы асырап, иппотерапиямен айналысу мүмкіндігі туысымен, бұл іске бел шеше кірісті.
Ол Аягөздің оңтүстік-шығыс жағынан аумағы атшаптырым жер алып, жұмысын бастап кеткен еді. Манеж жасау үшін алдымен төңірегін қоршап, баспана салды, су тартқызды. Қазір мұнда балалардың мініп, серуендеп, емделуі үшін сегіз ат бар. Кемтар, мүмкіндігі шектеулі балалар күніне бір рет келіп жаттығып жүр. Оларды осындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған аумақтық орталықтан арнайы мамандар келіп, қадағалап тұрады. Инструктор, психолог, атбегі секілді арнайы мамандардың үнемі бақылауында болғандықтан, балалар еш алаңсыз ем қабылдауда. Аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалар үшін осындай үлкен істі бастаған Талғат Мәукенұлы қазір осының бәрін еш ақысыз-пұлсыз, тегін жасауда. Оны айтасыз, кәсіпкер жігіт иппотерапияның қыр-сырына қанығу үшін жазда арнайы облыс орталығына барып, оқып та келді. Ол сондай-ақ, қаланың орталығындағы «Абай» демалыс бағының иесі. Бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі мүгедек балалар үшін ойын алаңындағы батут, әткеншек, қайық, арнайы жолдармен жүретін вагондарды осындай балалар үшін тегін беріп келе жатыр.
-Қоғамдағы ондай перзенттеріміз үшін, біз, үлкендер жауаптымыз. Оларға көмек қолын созу әр мұсылманның парызы деп білемін. Сол үшін де осы иппотерапиямен емдеу әдісін қолға алып жатырмыз. Бұл бастамасы ғана. Алдағы уақытта көптеген сауабы мол істерді қолға алмақшымыз. Қала халқы осы жерге келіп емдік қасиеттерге бай саумал, ешкінің сүтін ішіп тұруына болады. Сол үшін қазір биелер мен сүтті ешкілер сатып алып жатырмыз. Әзірге мына балалар мініп жүрген Еркеторы, Жұлдыз, Дарабоз, Қараторғай, Еркежирен деген қылқұйрықтарымыз бар. Рас, бұл үшін қаржы да қажет. Мемлекет тарапынан арнайы ақша бөлінсе деген ойымыз да жоқ емес, – дейді ол.
Сауабы елге тиетін осындай үлгілі іс бастап жатқан жігітке бастаған ісің баянды болғай дегіміз келеді.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.