Балаларды қорғауға ерекше мән береді

Биыл еліміздің Ішкі істер министрлігі тарапынан балаларды қорғауға ерекше мән берілуде. ІІМ ағымдағы жылды «Бақытты балалықты қорғау» жылы деп жариялады. Соған орай облыстық ІІД тарапынан да жыл басынан бері өміріміздің жас жеткіншектерімізді қамқорлыққа алуға, олардың құқықтарын қорғауға қатысты іс-шаралар көптеп ұйымдастырылып келеді.
Айталық Халықаралық балаларды қорғау күнінде облыс орталығындағы Республика алаңында балалар ұжымдарынан құралған үлкен шеру ұйымдастырылды. Атап өтерлігі, шерудің алғашқы легінде өзгелермен қатар жолдар мен көшелердегі жол қауіпсіздігін насихаттаған жас қозғалыс инспекторлары да жүрді. Жас құқық қорғаушылар мереке күні салтанатты саптық жүріспен үлкендердің және балалардың алдында жүріп отырды. Бірнеше мәрте халықаралық, республикалық және облыстық жас инспекторлар слетінің жеңімпаздары атанған олардың сәнді қимыл-қозғалыстары мен ресми костюмдері жиналғандардың назарын аударып қана қоймай, жолдағы тәртіпті де еске салып тұрды. Жас инспекторлар қозғалысы қалалық штабының жетекшісі Галина Дроздованың айтуынша, оларға әдеттегідей облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің басшылығы, сонымен қатар Өскемен қалалық білім бөлімі материалдық көмек беріп, үлкен қолдау көрсеткен.
Сондай-ақ жылдағы дәстүр бойынша Халықаралық балаларды қорғау күнінде Өскемен қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері Сәбилер үйінде болып, өздерінің қамқорлықтарындағы балақайлар үшін ең қажетті деп саналған киім-кешектерді, ойыншықтарды және әдемі шарларды сыйлап қайтты. Бұл күні балалар үйінен шыққан соң, ішкі істер саласының қызметкерлері үйлерінде мүгедек балаларды қарап отырған әріптестерінің баспаналарына да бас сұғып, балаларды төл мерекелерімен құттықтады. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін мереке күнінде мұндай айрықша назар аса қажет екендігі белгілі. Құқық қорғау саласының өкілдері әр балаға қаржылай көмек салынған конверттер тапсырды. Ал олардың ата-аналарының қуанышында шек болмады.
Сонымен бірге, полицейлер «Ашық есік» күнін ұйымдастырып, онда жеткіншек ұлдар мен қыздар жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және қоғамдық тәртіпті күзетуде полицейлер қолданатын техникалық жүйенің мүмкіндіктерімен танысты. Бұдан бөлек, Қазақстан полициясының дамуы мен құрылу тарихы жайлы қызықты мәліметтерге қанықты.
Тәртіп сақшылары атаулы күн аясында Крупская атындағы патронажды мектеп-интернатта қонақта болды. Кездесу барысында самбодан Азия ойындарының жеңімпазы – облыстық ІІД қызметкері Райхан Мәди жеңісті жолының құпиясын, спорттағы жетістіктерін мектеп оқушыларымен бөлісіп, спортқа қызығушылық танытқан жасөспірімдерге кілем үстінде өзін-өзі қорғаудың бірнеше әдіс-тәсілдерін көрсетіп берді.
Кездесудің соңында барлық балаларға тәтті сыйлықтар таратылды, өз кезегінде оқушылар спортшы полицеймен естелік суретке түсті.
Мұнымен бірге облыс полицейлері жазғы демалыс маусымындағы оқушылардың қауіпсіз жол қозғалысына баса назар аударып келеді, қаладағы мектептерде болып, арнайы форма киіп, жол қозғалысының жас қатысушыларын жолдағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға үйретеді.
Тәртіп сақшыларының балаларға арналған іс-шаралары бұлармен ғана шектелген емес. Өскемендегі «Жастар» саябағында «Палитра» балалар көркемөнер студиясы ювенальді полиция өкілдерімен бірге кезекті ашық сурет сабағын балаларға арнап өткізді. Бұл күні қуаныштан жүздері бал-бұл жанған жас суретшілер полиция қызметкерлерімен бірге таза ауада «Біз бақытты балалықты саламыз» тақырыбында өз армандары бойынша сурет салды.
– Біз жұлдызша, жүрекше және әдеттегі дөңгелек форма түріндегі түрлі-түрлі шарларды салдық. Дәл осы шарлар адамдарға қуаныш және күлкі сыйлайтыны рас қой, – дейді Өскемендегі № 39 мектептің 2 сынып оқушысы Даяна Нәбидолла.
Полицейлер мен педагогтар балалардың бұл шығармашылығын әрі өздерінің бірлескен жұмыстарының нәтижесін алда «Біз қауіпсіз балалық үшін» ұранымен кітапша етіп шығаруды ойластыруда.
Сондай-ақ, облыс полицейлері жол-көлік оқиғаларында зардап шеккен балаларды да ұмытпай, балалар ауруханасына барып, оларға да мерекелік тамаша көңіл күй сыйлайды. Балалар полицейлерден түрлі жұмсақ ойыншықтарды, блокноттарды, жол ережесі туралы жадынамаларды сыйға алды бұл күні. Тәртіп сақшылары ертегі кейіпкерлері – барыс пен аюдың кейпіне еніп, балаларды мерекелерімен құттықтады. Балалар да белсенді болып, жол қозғалысына қатысты қойылған сауалдарға жауап беріп, тапсырмаларды орындады. Балаларды қорғау шаралары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Дәурен Аллабергенұлы
Мақала облыстық ішкі істер департаментінің
тапсырысы бойынша әзірленді