Балаларды өнерге баулиды

Біраз жыл бұрын аудан орталығындағы спорт модулінде, өңірдің бүкіл спортшылары жиналған сайыс алдында бірнеше ән орындап, қауымның таңдайын қақтырған, дауысы сырнайдай сызылған әншіні көргенім бар.
Зарина Мунисова есімді өңірге танымал бұл әншімен реті келіп, сұхбаттасудың сәті түсті.
Қоңыршәулі ауылдық округіндегі Ақтамберді атындағы мектепті 2007 жылы бітірген жасөспірім қыз Семейдің Мұқан Төлебаев атындағы саз колледжін, Павлодардағы дарынды балаларға арналған саз мектебін тәмамдаған. Содан кейін «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен аудандық мәдениет үйіне жұмысқа орналасады. Әнші бола жүріп, өзінің әртістік өнерін де өңір тұрғындарына таныта білді. Қазір аудандағы «Керуен» жастар мен балалар театрының белді әртісі.
Өнерлі қыз мектепте оқып жүргенде Алматыдағы «Терісқақпай» әзіл-сықақ театрында жұмыс істейтін апайы Әлия Мунисоваға еріп, әртіс болып, біраз облысты аралапты. Әнші болу арманы сол кезден басталған. Апайының қазір «Керемет балалар, балдырған» атты жаңа театры бар. Зарина еңбек демалыстарында отбасымен барып, апайының театрында рөлдерді ойнайды.
– Отбасымыз жан-жақты өнерлі. Кішкене кезімде шешем үйде ән айтса, апайым билейтін. Мен кинолардағы ұнаған рөлдерді ойнап, солардай болуды армандайтынмын. Өнерге деген осы құштарлық мені алға жетелеп келеді, – дейді әнші.
Зарина Семей саз мектебінде оқып жүріп, жазғы демалыста сондағы топ жетекшісі Роза Байдалинамен және оның қыздары Ақерке, Назеркемен бірге ел аралап, ән айтып, талай сахнаға шыққан.
Әншінің ендігі мақсаты – жоғары оқу орнына түсіп, біліктілігін арттыру.
– Қазір өзімнің күнделікті жұмысымнан басқа, аудан орталығындағы «Еркетай» ойын-сауық орталығында балаларды өнерге баулимын. Шоу бағдарламалар жүргіземін. Өзім істейтін Мәдениет үйіндегі ұстаздарыма алғыс білдіремін! – дейді Зарина Мунисова.
Үржар ауданы.