Балалардағы ковидті қалай ажыратуға болады?
Пандемия басталғалы өңірде 410 оқушы осы қауіпті індетті жұқтырған болатын. Қазір ауруханаларда жатқан балалар жоқ. Балаларда ауру қалай басталады? Семей қаласындағы балаларға арналған жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист-дәрігері Анастасия Стукачева балаларда болатын инфекциялық аурулардың алдын алу туралы айтып берді.
–Біздің стационар күшейтілген режимде жұмыс істеуін жалғастыруда. Жіті респираторлы вирустық инфекция белгілерімен, не болмаса жай дене қызуы көтеріліп келген пациенттердің барлығы міндетті түрде фильтр арқылы өткізіледі. Стационарда науқастар бокстарға, яғни, жеке-жеке оқшауланған палаталарға жатқызылады. Олардың барлығы вирустарға тексеріледі, –деді Анастасия Стукачева.
Маусымдық тұмау мезгілінде суық тию жағдайлары жиі кездесетінін ескерткен инфекционист-дәрігер кәдімгі ЖРВИ мен тұмауды қалай ажыратуға болатынына тоқталды.
– Жіті респираторлы вирустық инфекция кезінде дене температурасы ақырындап көтеріліп, дене қатты қызуы мүмкін. Мұрын бітелуі, жөтел тән. Бірақ жөтел құрғақ емес, қақырық жақсы түседі. Ал тұмау кезінде дене қызуы өте жоғары көтеріледі, басқа белгілер онша көрінбеуі де мүмкін, – деп түсіндірді маман.
Анастасия Стукачева балаларда ковидті анықтау қиын екенін атап өтті.
–Балаларда КВИ жіті респираторлы вирустық инфекция сияқты басталады, жоғары температура, мұрын бітеліп, жөтел шығады. Бір ғана ерекшелік – балаларда көп жағдайда сырыл болмайды, – деп нақтылады инфекционист.
Дәрігер сонымен қатар коронавирустың таралуына жол бермеудің барлық шараларын сақтаудың маңыздылығын тағы бір рет еске салды.
–Коронавируспен ауырып тұрғандарға ЖРВИ мен тұмаудан қатты сақтанып жүру керек. Өйткені бұл инфекциялардың ковидтен әлсіреген ағзаға қалай әсер ететінін, қандай асқынуларға әкеліп соғатынын біз білмейміз. Сол себепті қол жуу, бетперде тағу, арақашықтықты сақтау сияқты барлық сақтық шараларын мұқият орындап жүрген абзал, – деп түйіндеді Анастасия Стукачева.
Айна Ескенқызы