Балаларда тіл мүкістігі неге көп?
Байырғы бабалар баласын сөзге шешен, іске шебер етуді мақсат етеді екен. Ол заманның баласы да соған сай болса керек-ті. Ал бүгінгі таңда «баламның тілі қашан шығар екен» деп уайымдайтын ата-аналардың қатары көп. Істе қорқақтығы, тілге шорқақтығы байқалады. Тілге шорқақ қана емес, сөйлеу-есту қабілетінде кемшілігі бар балаларды жиі кездестіріп қаламыз. Бұл енді «тағдыр ғой» деп қоя салар жай емес. Сондықтан қазіргі кезде логопед-дефектолог мамандарға жүгінетіндер көбейіп келеді. Оны мамандар да растап отыр.
Бүгінгі таңдағы қажеттілікке ие «психолог», «дефектолог», «логопед» қатарлы мамандар мен мамандықтар қазақтың ұғымында жоқ дүние болатын-ды. Енді бұл мамандарға жүгінуге мәжбүрміз. Бір қуанарлығы, осы саланы ғылыми тұрғыдан қазақтың болмысымен байланыстыра зерттеп, зерделеп жүрген жастардың көбейіп келе жатқандығына куә болдық. Дефектология саласында жаңалық ашып, сұраныстағы мамандықты жаңа қырынан зерттеп жүрген жас ғалым, жоғары санатты логопед-дефектолог Рауан Байчиновпен әңгіме өрбіткен едік. Жас ғалым С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті жанынан құрылған «Dana Bala» орталығында балалармен жұмыс істеп, оқу орнында студенттерге дәріс оқып жүр. Өз мамандығын теориялық және практикалық тұрғыдан терең меңгерген озық маман болғандықтан арнайы іздеп келетіндер көп көрінеді. Сондай-ақ өз мамандығы бойынша Қазақстанда баламасы жоқ кешенді әдістеме ойлап тауып, нәтижелі жұмысын тәжірибеден өткізіп жатқанын көріп қайттық.
Сәбиге ең жақыны – ананың дауысы
Елімізде баламасы жоқ кешенді әдістемелік зерттеудің қазақтілді балаларға негізделіп жасалғанын бүгінгі күннің сұранысын қанағаттандыруға қосылған үлкен үлес деуге болады. Жас ғалым өз саласы болмаса да қазақ тілінің табиғатын қоса зерттей отырып, өзінің кешенді әдістемелік зерттеуіне арқау еткен.
– Бұл жоба диссертациялық жұмысымның негізгі бағыттарының бірі болатын. Жоба қазақтілді балаларға арналған. Өйткені бізде қазақ тіліндегі баланы оңалту, дамыту, жетілдіру бағдарламалары жеткіліксіз. Бар болған күннің өзінде мәселені толықтай шеше алмайды. Себебі өзге тілден аударылған және қазақ тілінде зерттеліп жасалған бағдарламаның айырмашылығы өте көп. Тілдің мәйегі мен мәнеріне, сөздің құрылымы мен жасалымына, тілдің табиғатына мән беріле отырып зерттелу керек. Нақтырақ айтқанда, тілдің ерекшелігін ескеруіміз керек. Менің жобамның ерекшеліктерінің бірі – осы, қазақ тілінің ерекшелігін ескере отырып жасалуында. Оның да өзіндік негізі бар болғандықтан әдістемелік зерттеуге арқау еттік. Мысалы, бала құрсақта жатқанда құлағына ананың дауысы көбірек сіңеді екен. Сондықтан кез келген бала ананың дауысына алдымен реакция беріп, жауап беруге құлшынады. Міне, біз баланың есту, сөйлеу қабілетін дамыту барысында осы жағын ескере отырып жұмыс жасауымыз керек.
Жалпы, сөйлеу интонациядан басталады. Баланың туғанда жылауын интонация деп түсінген дұрыс. Ал интонацияны лингвистикалық және паралингвистикалық құбылыс ретінде қарастырамыз. Осы интонацияны анықтау үшін кешенді әдістемелік зерттеу қажет болды. Сондықтан мен өз әдістемелік зерттеуімді бүгінгі таңдағы қажеттіліктен туған дүние деп айта аламын. Ол – кохлеарлы импланты бар балаларға арналған кешенді зерттеу әдістемесі. Бұл әдістеме баланың сөйлеу және есту қабілетіндегі интонациясын зерттеуге арналған. Оның Қазақстанда баламасы жоқ деп айта аламын. Әдістеменің нақты атауы – «Кохлеарлы импланты бар мектепке дейінгі балалардың дауысының интонациялық құрылымдарын зерттеу». Бұл әдістемені біз қазақ тілінің ерекшеліктерін ескере отырып жасадық. Әдістеменің негізгі критерийлері қабылдау, ажырату, түсіну, есте сақтау, қайта жаңғыртып айту қатарлы сатылардан тұрады. Ал зерттеу дыбыс деңгейінде, дыбысқа еліктеу деңгейінде, сөз деңгейінде, сөз тіркесі деңгейінде, қысқа сөйлем деңгейінде жүріледі. Бұның барлығы да қажетті құралдар мен белгіленген әдіс-тәсілдер арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асады. Жалпы, әлемде кохлеарлы импланттан кейін жүрілетін әдіс-тәсілдер бар. Біз соны қазақ тілінің табиғаты мен құрылымына негіздеп жасап шықтық. Тіліміздегі үндестік заңы, эмоция, тағысын тағы, бәрі ескерілді. Мысалы, осы типтес әдістемені қазақтілді балаларға орыс тілінде жүргізетін кейбір әріптестер оларға сиырдың мөңірегенін орысшы «му-у-у» деп үйретеді. Бұны енді қазақтілді отбасында өскен балаға «м-ө-ө» деп үйрету оған әлдеқайда жеңіл болмай ма?! Бұл дыбыстар оның болмысында, тілінің табиғатында бар ғой. Сондықтан мен кейбір әріптестеріме, студенттеріме баланы «қазақша мөңіретіңдер» деп қалжыңдап болсын айтамын. Тіл маманы болмасақ та, осындай тілдік ерекшеліктерді де зерттей отырып, әдістемені іске асырудамыз. Тағы бір мысал, көше деген сөзді «көшө» деп неге айтқызасыз дейтіндер бар. Біз бұл жерде алдымен баланың сөйлеуіне жеңіл, оңайырақ жолды қарастыруымыз керек. Сондықтан сөздің айтылуы мен жазылуын да ескере отырып баланы сөйлеуге бейімдейміз. Бұл енді баланың деңгейіне де байланысты жүрілетінін айта кеткен жөн, – дейді Рауан Байчинов.
Жас ғалым өзінің кешенді әдістемелік зерттеуін тәжірибеден өткізіп көрген. Ол өз жұмысының нәтижелі екенін анықтау үшін мектепке дейінгі жастағы 86 балаға тәжірибе жүргізген. Себебі кешенді әдістемелік зерттеу 3-7 жас аралығындағы балаларға арналыпты.
– Бұл зерттеу әдістемесі болғандықтан алдымен тәжірибеден өткіздік. Бірден сәтті болып кетті деп айта алмаймын. Кезіккен сәтсіздіктер арқылы әдістеменің кемшіліктерін толықтырып отырдық. Әдістеме негізінде тексеруден өткен бірнеше бала төрт сатыдан тұратын оңалтудан өтіп жүр. Әр баланың деңгейі әртүрлі болғандықтан нәтижелері де әртүрлі. Жалпы, жұмыс нәтижелі деуге болады. Осы әдістеме арқылы баланың интонациялық құрылымын зерттей аламыз деп сенімді түрде айтуға болады, – дейді ғалым.
Иә, басына сынақ түсіп, баласы ауырған адам үшін бұл үлкен үміт сыйлайтын зерттеу әдісі деуге болады. Сондықтан осындай әдістемелік зерттеулердің көп болғаны қазақтілді қоғам үшін ауадай қажет.
Цифрлық аутизм деген ауру пайда болды
Бұл саланы тереңдете зерттеп жүрген жас ғалымнан тілдегі кемістіктің болу себептері мен салдарын да сұрап көрдік. Қоғам тарапынан болатын қателіктер мен ата-ана аңғара бермейтін дүниелерді маман тілге тиек етті.
– Бала тілінің кешеуілдеп шығуының екі факторы бар. Оның біріншісі эндогенді, екіншісі экзогенді деп аталады. Біріншісі ата-ананың денсаулығына байланыста болса, екіншісі – сыртқы күштің әсерінен болатын жағдай. Сыртқы күштің түрі көп. Соның бірі – смартфон. Бала тілінің кешеуілдеп шығуына телефонның тікелей қатысы бар деуге болады. Ол – ғылыми тұрғыдан дәлелденген дүние. Телефонға кірген бала өз әлемінде ғана өмір сүруге бейім болып кетеді. Сондықтан баламен сөйлесіп, ойнап, назарын басқа дүниеге аудару қажет. Осындай цифрлық технологияның зияны бар екендігі дәлелденіп, зерттеліп келеді. Соның бір дәлелі ретінде айтайын, соңғы кезде «Цифрлық аутизм» деген ауру атауы, яғни ғылыми термин пайда болыпты. Міне, бұл – қазіргі интернеттің илеуінен тауып алған ауруымыз бар екендігінің көрінісі. Сондықтан балаға тілі шығып, танымы қалыптасқанша телефон бермеу керек. Бұл – бір ғана фактор, – дейді маман.
Дефектолог мамандардың айтуынша, баланың тілінің дамуын ата-ана дер кезінде бақылап отыруға тиіс. Мысалы, 3-4 айлық балада «У», «Ө» дыбыстары шыға бастайды екен. Алты айлығында мағынасы жоқ былдыр сөздер айтса, 8 ай толғанда «мама, папа, ата, апа» қатарлы бірнеше сөзді анық айта алады. Ал екі жастағы баланың сөздік қорында 200 шақты сөз болуы керек. Яғни бұл кезде екі сөйлемнен құрай бастайды. Үш жаста ойында тұрғанын сөзбен айтып жеткізе алады. Міне, бала аталған сатылардан осы талаптарға сай өте бастаса, тілінде ешқандай ақау жоқ деген сөз. Сонымен қатар бала 2-3 жасқа келгенде сөйлеу барысында көп жағдайды ыммен немесе қолымен көрсете бастаса, тілінің кеш шығып келе жатқандығының белгісі екен. Сондықтан баланың эмоциясын ата-ана үнемі бақылауда ұстауы қажет. Ал күнделікті өмірде баланың сөйлеуіне һәм сөйлесуіне қажеттілік туғызып отыру қажет. Бұл – жас ғалыммен сөйлесіп, ақпарат көздерін ақтара отырып тәжірибелі мамандардың кеңесінен түйгеніміз.
Бала елдің – болашағы. Дені сау, денесі ширақ ұрпақты қоғамға қосу – бізге парыз. Сондықтан баланың денсаулығын басты назарда ұстаған абзал.
Алтай Ғали-Асқар