Қоғам

Балаларға қыстық киімді тарту етті

Балаларға қыстық киімді тарту етті


Өскемендегі «Жерұйық» мейрамханасында әлеуметтік жағынан аз қамтылған, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен көпбалалы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан оқушыларға арналған жаңажылдық шырша мерекесі өтті. Оған 50 бала қатысты.

Мерекеге қатысушыларды «Әкелер қоғамының» мүшесі Ертісбек Садуақасов құттықтады.

– Құрметті балалар! Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, мықты денсаулық, ұзақ өмір, бақытты ғұмыр тілеймін. Оқуларыңды жақсы оқып, ата-аналарың мен ұстаздарыңның, сондай-ақ қатарластарыңның мақтанышы болып жүре берулеріңе тілектеспін, – деді Ертісбек Сәдуақасов.

Мерекелік шара барысында «Қайырымдылық шыршасын» өткізушілердің бұл мерекеге ерекше дайындалғандарын байқадық. Есіктен кірген бетте ертегілер әлеміне еніп кеткендей болған балалардың қуанышында шек болған жоқ.

– Аяз атаға көрсететін өнерім де бар. Бұл мерекеге ерекше дайындалдым, күн санап тосқан жаңа жылға да жеттім. Бізге осынша сыйлық беріп жатқан мейірімді жандарға рақмет айтамын, – дейді Мақсат Шәкәрімов.

Бұл күні Аяз ата мен Ақша қар да аянып қалған жоқ. Олар қамкөңіл балаларға жан жылуын сыйлады. Балалар жыл бойы күткен аталарына өз өнерлерін көрсетіп, жаттаған тақпақтарын айтты. Ал өз кезегінде Аяз ата мен Ақша қар оларға тәтті-дәмділер мен сыйлықтарды беріп, бүлдіршіндерді қуанышқа кенелтті.

– Бұл шараны өткізуге 26 кәсіпкер демеушілік етті. Олар балаларға қыстық киімдер мен тәтті-дәмділерді әкеліп берді, – дейді Ертісбек Сәдуақасов.
Сондай-ақ бұл күні шырша мерекесіне денсаулық жағдайына байланысты келе алмаған балаларды ұйымдастырушылар өздері барып құттықтап қайтты.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button