Қоғам

Балалар үйіне бір миллион теңге табыстады

Балалар үйіне бір миллион теңге табыстады


Кеше Өскемендегі мамандандырылған балалар үйінде сонда өсіп, тәрбиеленіп жатқан 78 бүлдіршін мен қонақтарға арналған «Жаңажылдық үйшік» атты мерекелік ертеңгілік өтті.

Балалармен қатар ересектер де асыға күтетін Жаңа жыл мерекесіне арналған ойын-сауық бағдарламасында бүлдіршіндердің өздері Қоян, Түлкі, Аю, Тышқан, жыл иесі Қораз болып киініп, «Жаңажылдық үйшік» ертегісінің кейіпкерлеріне айналды. Мерекенің сәнін келтірген талантты бүлдіршіндер оларды құттықтай келген Аяз Ата мен Ақшақарға әсем әндері мен мың бұралған билерін, көңілді ойындарын көрсетіп, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Жаңажылдық шыршаның шамы жағылып, бүлдіршіндер үшін әсем безендірілген зал шат-шадыман сәбилердің жарқын күлкісіне толды.

Балдырғандарға үміт сыйлайтын осынау мерекеге «Прозрение» емханалар желісінің бас директоры В.Ким, «Қазцинк» ЖШС қорғасын зауытының директоры Тимур Тоқжігітов, осы мекемеде 20 жылдан артық дәрігер болып еңбек еткен ардагер Валида Мұзафарова, «Қазмұнайгаз» ЖШС, «Жылу жүйелері» АҚ, «Билайн» компаниясы, қалалық Ішкі істер басқармасы мен Ахмердегі 27943 әскери бөлімінің басшылары мен өкілдері арнайы келіп, киімдер мен ойыншықтар, тәтті сыйлықтар тарту етті. Ал «Көз микрохирургиясы» облыстық орталығының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Зарина Камасова бір миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Балалар үйінің директоры Гүлнар Даниярованың айтуынша, бұрындары жылына 70-80 бала қабылданса, бір қуанарлығы, биыл олардың саны азайып, 22 бала ғана түсіпті. Олардың көбі түрлі патологиямен, салмағы жетпей туған балалар. Жеті мүгедек бала Аягөздегі балалар үйіне ауыстырылған.

– Бүлдіршіндеріміздің ешқандай уайым-қайғысыз, шаттықта өмір сүруі мемлекетіміздің қамқорлығы мен сіздердің арқаларыңызда. Бүгінде мемлекетіміз балалар үйін болдырмауды, олардың жанұяда тәрбиеленуін мақсат етіп отыр. Сондықтан жаңа 2017 жылы балаларымыз өздерінің жаңа отбасын тапса екен деп тілеймін. Демеушілеріміздің сыйлығы – бір реттік акция түріндегі көмек емес. Аталған азаматтар балаларды қорғау күнінен бастап бірде-бір мерекені атаусыз қалдырмай, сәбилерді қуантып келеді. Бірі ауламызды қардан тазартып берсе, енді бірі денсаулығында кінәраты бар балалардың Астанада өзге де қалаларда емделулеріне қол ұшын берді. Келер Жаңа жылы да береке-бірлігіміз нығая берсін. Балалардың жүзінен қуаныш кетпесін, – деді демеушілерге алғысын айтқан Гүлнар Боранғалиқызы.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button