
Биыл Алтай ауданында балалар туризміне ерекше көңіл бөлініп, 150 оқушыға арнап көшпелі шатырлы лагерьлер ұйымдастырылады.
Аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарованың айтуынша, үстіміздегі жылы балалар туризмін дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасын тауып, №8-ші және Михайл Бикетов атындағы орта мектептер жанында 150 оқушыға арналған көшпелі шатырлы жаздық лагерьлер ұйымдастырылатын көрінеді.
– Бір және үш күндік ұзақтықта ұйымдастырылатын шатырлы жаздық лагерьлер барысында балалар ауданымыздың Кутиха, Тұрғысын ауылдары сияқты көрікті жерлері мен Катонқарағай ауданында болып қайтады. Сондай-ақ тауға шығу ұйымдастырылып, «Жас сарбаз» жобасы аясында Жаңа Бұқтырма кентіндегі «Саяхат» лагерінде әскери-патриоттық жиындар өткізіледі, – деді Жанна Асқарова.
Бұдан бөлек, жаз маусымында ауданда жас натуралистер станциясы, Алтай және Серебрянка қалаларындағы музыкалық мектептер және әлеуметтік желілерде ашылған «Онлайн каникул» акаунты арқылы балаларға қосымша білім беру үрдісі жалғасады.