Қоғам

Балалар тамағының бағасы қанша?

Қызырбек Дүргінбайұлы

Біз өмірдің өлшемі өнер мен білім деп білетін жұртпыз. Сол себепті де ішкен-жегенді сөз еткенді аса жақтыра қоймайтын халықпыз. Алайда ас-адамның арқауы екенін де ұмытпаған абзал. Әсіресе балалардың салауатты өмір салтына сай өмір сүруіне мүмкіндігінше көңіл бөлген жөн. Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Ел Прзеиденті өз Жолдауында: «Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» деген болатын. Иә, әр баланың дені сау, денесі ширақ болса ғана болашағымыз баянды болмақ.

Қазіргі таңда бала уақытының ұтымды сәттері балабақша мен мектеп қабырғасында өтіп жатқандығы ақиқат. Үй мен жұмыстың арасында жүрген жұрт кеш қараңғысымен келіп, таң бозымен кетеді де балаға көңіл бөлуге уақыт жетпейді. Баланың қолына қажетті қаражат бергеніміз болмаса не ішіп, не жеп жүргенін көп жағдайда қадағалай бермейміз. Кей кейде «бәлен мектепте тамақтан балалар уланыпты» дегенді естігенде ғана баланың қал-жайын жөн ғана сұрап қоятынымыз бар. Десе де ата-аналар арасында мектеп асханасына, онда берілер тағам сапасына қатысты алаңдаушылық білдіріп жататындары да баршылық. Осындай аз-кем олқылықтарды толықтыру мақсатында жуықта Оқу-ағарту министрлігі «Тамақтандыруды ұйымдастыру» ережесіне өзгерістер енгізілгенін хабарлады.

– Бұған дейін мектеп асханаларындағы өнімдердің қымбаттығына байланысты проблемалар туралы жазған болатынмын. Буфет өнімдерінің бағасы көрші дүкенге қарағанда екі есе қымбат болатын жағдайлар да кездеседі. Біз мамандардың қатысуымен жұмыс тобын құрып, қажетті түзетулерді әзірледік, – деп жазды өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Иә, осыған дейін болған олқылықтар оңалып, ереже талаптары орындалса алаңдаушылықтың азайып қалары анық.

Баға мен сапа бақылауда болады

Бұл жолы Оқу-ағарту министрлігі енгізген өзгерістер бұрынғы кемшіліктерді толықтыруға бағытталыпты. Ережеге сай ендігі жерде кез келген кәсіпкер мектеп асханасына тауарын қалаған бағада сата алмайды. Ережеде енгізілгендей қызметтерді жеткізушілер мен азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы жаңа шарттар жасалғаннан кейін мектеп асханаларындағы бағалар, оның ішінде буфет өнімдері, сусындар және т.б. қызмет көрсетушілердің қалауы бойынша емес, орташа нарықтық бағаларды ескере отырып қалыптастырылмақ. Осыдан былайғы уақытта мемлекеттік сатып алу порталындағы деректер базасы мен статистика органдарының ақпараты негізге алынады. Осылайша бағаның өсуінің алдын алмақ. Біз осы орайда Шығыс Қазақстан облысындағы мектеп асханаларындағы ас мәзірінің  оқушыларға арналған ортақ бағасын сұрап білдік.

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 Қаулысы негізінде тегін тамақпен әлеуметтік аз қамтылған оқушылар қамтылған. Аталған санаттағы облыс оқушыларын бір реттік тамақтандыру құны – 429 теңге. Басқа оқушылар мектеп асханаларында 450-600 теңгеге тамақтана алады, – дейді  облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алима Ақылбек.

Бағаны сұрап білерсің, сапаны қалай бақылай аларсың?! Бұл жолғы ережеге енгізілген өзгерісте осы мәселе де қарастырылыпты. Ендігі жерде жеткізушілер тендерді ұйымдастырушының конкурс құжаттамасында көрсеткен ас мәзірі мен бағаларға сәйкес қатаң жұмыс істейді. Соның нәтижесінде тыйым салынған өнімдерді өндіру және өткізудің жолын кесу, сондай-ақ бірге буфет өнімдерінің бағасын белгілеу мүмкіндігі реттелмек. Сонымен қатар ережеде ата-аналарды тамақтану туралы хабардар ету немесе оның сапасын бағалай алуы үшін білім ресурсына кезең-кезеңімен норма енгізілетіндігі туралы тілге тиек етілген. Оның ішінде ас мәзірінің, бағалардың фотосуреттерін жариялау нормасы қарастырылған. Алдағы уақытта сатушы мен сатып алушы арасындағы шартқа өзгеріс енгізілетіні айтылған. Сол арқылы балабақшаларда, балалар үйлерінде балаларды үздіксіз тамақпен қамтамасыз етудің тетіктерін оңтайландырмақ. Нақтырақ айтқанда жергілікті атқарушы органдардың инфляция деңгейін ескере отырып, азық-түлік бағасының өзгеруі бөлігінде сатып алу туралы шарттарға өзгерістер енгізу мүмкіндігі көзделген. Оқу-ағарту министрі оның қажеттілігін де нақтылап кетіпті.

– Бұл не үшін қажет? Азық-түлік бағасының өсуіне байланысты қаңтар айында мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша, мысалы, картоп 100 теңге тұратын келісімшарт жасалған жағдайлар жиі кездеседі. Кейін бірнеше ай өткен соң жеткізуші тауарды жеткізуден бас тартып, нәтижесінде ұйым азық-түліксіз қалады. Сот процедурасына енгізілген жауапсыз жеткізушілердің тізімі бар екені түсінікті, бірақ көптеген жеткізуші мұны елемейді, сөйтіп жаңа ұйым ашылып, жұмысын жалғастыра береді. Бірақ бұл уақытта балабақша бүлдіршіндерді тамақпен қамтамасыз ете алмай отырады. Енді жаңа норма бойынша әкімдіктер мұндай жағдайларда осы өнімдердің орташа бағасына сәйкес ұйымдарды үздіксіз қамтамасыз ету үшін қосымша келісім жасайды, – дейді.

Осыдан былайғы уақытта баға мен сапа қатаң бақылауда болып, ережеге енгізілген өзгерістер олқылықтарды оңтайлындыра алса болғаны. Өйткені баланың тамақтануы ең өзекті мәселелердің бірі екені түсінікті.

Көңіліңіз толмаса қоңырау шалыңыз

Көзбен көрмеген соң көңілде күдік жүрері анық. Баланың мектепте қандай тамақ ішіп жүргені өзіне ғана аян. Көзбен көріп, дәмін сезіп қайтқың келгенімен кез келген мектеп асханасына кіргізе бермейді. Оны тек ата-аналар комитеті  бақылай алатын көрінеді.

– Екі балам мектепте оқиды. Қандай тамақ ішіп жүргенін үнемі сұрай бермейміз. Ол тамаққа тоя ма, жоқ па, ол жағы да белгісіз. Бір рет асхана мәзірін көруге ниеттеніп едім, болмады. Өйткені оны тек ата-аналар комитеті  тексере алады екен. Ең бастысы дұрыс тамақ берсе болғаны. Салыстырмалы түрде кейбір тамақтарының бағасы қымбат секілді, – дейді Альмира есімді қала тұрғыны.

Алдағы уақытта білім басқарамысына қатысты қандай да бір келеңсіздікке тап болсаңыз арнайы номерге қоңырау шалуға болады. Жуықта  Оқу-ағарту министрлігі 1450 Бірыңғай байланыс орталығын іске қосты. Айта кетерлігі, өңірлік білім басқармалары Бірыңғай байланыс орталығына екінші желі арқылы қосылғандықтан жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жататын мәселелер оны шешу үшін бірден білім басқармаларына жіберілетіндігі ескертілген. Сондықтан да сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін толғандырған мәселе бойынша телефон шалып, жауап алуға болады.

– Бүгінгі таңда байланыс орталығына 1200-ден астам қоңырау түсті. Көбінесе азаматтарды балабақшадан орын алу үшін кезекке қалай тұру керегі қызықтырады. Бұл мәселе бойынша түсіндірме жұмыстарын жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жүргізеді. Сондай-ақ ең өзекті тақырыптар білім туралы құжаттарды қалпына келтіру, мектептегі тамақтандыру мәселесі, балаларды бір мектептен екіншісіне ауыстыруға қатысты, – деп хабарлады  Оқу-ағарту министрлігінен.

Баласы үшін ата-ана көңілі қашанда алаңдаулы болғандықтан болар орталыққа телефон шалатындардың қатары көп көрінеді. Әсіресе, біз тілге тиек етіп отырған мектеп асханасы мәселесін қозғайтындардың қатары көп екен. Иә, әр баланың қандай тамақ ішіп жүргенін біз де білгіміз келіп, тізімін сұратқан едік. Алайда облыстық білім басқармасынан сүйейсалды ғана жауап алдық.

– Мектеп асханаларының ас мәзірі «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 Қаулысына,  сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қазақ тағамтану академиясының  Ұлттық салауатты тағамтану орталығының «Мектеп оқушыларының тағам рационы бойынша бірыңғай стандарттар» әдістемелік ұсыныстарына сәйкес әзірленеді, – дейді Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алима Ақылбек.

Әр баланың қарны тоқ, киімі көк, уайымы жоқ болса ғана білмінің биігін бағындырмақ. Сондықтан да балаға ата-ана көңіл бөліп, мемлекет білім алуға мүмкіндік жасауы міндет. Бала біздің болшағамыз екенін естен шығармайық.

Осы айдарда

Back to top button