Балалар «Шуаққа» барады

Азамат Темірбеков
Абай ауданында жүзден астам оқушыны жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтитын арнайы алаң ашылды.
Бүгінгі күні аудан әкімдігі, аймақта балалардың жазғы демалысын қызықты әрі денсаулыққа пайдалы етіп өткізуге бағытталған іс-шараларды қолға алуда. Осындай игі істердің бірі – Қарауыл ауылындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернаты жанында ашылған «Шуақ» жазғы сауықтыру алаңы болды.
Құзырлы органның ақпаратына сүйенсек, салтанатты түрде ашылған жазғы сауықтыру алаңына жүзден астам оқушы қатыса алады. Бүгінгі күні олардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласынан қонақ болып келген оқушылар да бар. Жазғы алаңның ашылу салтанаты барысында оқушыларға тәтті балмұздақтар таратылып, он оқушыға осыдан он жыл бұрын мектеп тәмамдаған түлектер спорттық киімдерді сыйлыққа тартты.
«Шуақ» жазғы сауықтыру алаңы өз жұмысын маусым айының бірінші жұлдызынан бастап 17-ші маусымына дейінгі аралықта жүргізбек. Оқушылардың келіп-кетуін ыңғайлы ету мақсатында алаң таңғы сағат 09.00-ден 12.00-ге дейінгі аралықта күнделікті жұмыс істемек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұнда балаларға арнап спорттық ойындар, көкке шығу, концерттік бағдарламалар, саяхаттар сияқты көптеген көңілді іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
Жалпы, аталмыш іс-шарадан бөлек, елді мекендердегі мектеп оқушыларын аудан аумағындағы киелі, тарихи аумақтармен таныстыруға бағытталған басқа да іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, бұған дейін жалпы орта білім беретін мектептің 6А сыныбы оқушылары «Жазғы мектеп» аясында заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай Бөрілі елді мекеніндегі Мұхтар Әуезов музейін аралап қайтты. Сонымен қатар олар жаратылыстану мен биология пәнін меңгеру мақсатында Семей қаласындағы биологиялық орталықта болып, саяхат сабақтары барысында арнайы экскурсиялар ұйымдастырылып, танымдық ақпараттар алды. Ал Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің төртінші сынып оқушылары «Сыртқасқабұлақ-Еңілік-Кебек-Ақшоқы», «Құнанбай қажы» мұражайына саяхат жасап қайтты.