Қоғам

Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Жұмаділовтің төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның кезектен тыс отырысында екі маңызды мәселе талқыланды. Оның бірі суға шомылу маусымы кезінде балалардың қауіпсіз демалысын ұйымдастыру болса, екіншісі су тасқыны кезеңінің қорытындыларына арналды.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әлима Ақылбектің айтуынша, жазғы маусым алдында облыстағы өзен-көлдердің жанында орналасқан балалар лагерьлерінің акваторияларын кешенді тексеру және тазалау жұмыстары жүргізілген-ді. Осы ретте, Шығыс Қазақстан аумағында барлығы 35 қала сыртындағы лагерь (24 мемлекеттік және 11 жекеменшік) бар екенін айтқан жөн. Оның 13-інде өз жағажайлары бар болса, тағы алты лагерьдің демалушылары бассейнде шомыла алады екен. Қалған лагерьлерде шомылу орындары жоқ.

Белгілі болғандай, 2022 жылы облысымызда 185 374 оқушыны жазғы демалыспен және сауықтырумен қамту жоспарлануда. Бұл жұмысқа 855 тәрбиеші, 881 тәлімгер, 1 250 қосымша білім беру педагогы және 546 медицина қызметкері, сондай-ақ колледж білім алушылары мен облыстың жоғары оқу орындарының студенттерінен құралған педагогикалық жасақтар тартылған.

Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Арман Тоқанов жағажайларды патрульдеу жұмыстарына 5 600-ден астам құтқарушы мен полиция қызметкері, сонымен қатар 700-ге жуық ерікті жұмылдырылғанын мәлім етті. Соған қарамастан, қауіпсіздік ережелерін елемейтіндер азаймай тұр. Кей жағдайда мұның соңы адам өліміне әкеп соғуда. Мамандардың хабарлауынша, жыл басынан бері облыста 11 адам суға кеткен, оның екеуі бала.

Газетіміздің өткен сандарында жазғанымыздай, бүгінге дейін қауіпті учаскелерде 157 тыйым салу белгісі мен 288 ақпараттық стенд орнатылған. Жалпы, Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының аумағында жаппай демалуға арналған 16  жағажай бар екенін айтқан абзал. Бірақ олардың бәрі бірдей демалушыларды қабылдауға дайын емес екен.

Жиында қаралған тағы бір маңызды мәселе су тасқыны маусымының қорытындыларына арналды. Облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Алексей Штыкельдің айтуынша, қыс және көктем айларында облыстағы қауіпті аймақтардан 400 мыңға жуық текше метр қар шығарылған. Жалпы алғанда, биыл аймақта қызыл сумен күрес жоспардағыдай жүргізілді. Соған қарамастан, кей аудандарда жағдай шиеленісіп, алты тұрғын үйді су басыпты. Облыстың елді мекендерінен жергілікті атқарушы билік органдары және департамент мамандарының күшімен барлығы 131 мың текше метр еріген қар суы шығарылғанын да айтқан орынды. Сондай-ақ қауіпті аймақтарда инертті материалдармен толтырылған 5 509 қап төселген. Айналып келгенде, осының бәрі елді мекендерді су басудан қорғап, материалдық шығынның барынша аз болуына септігін тигізді, дейді мамандар.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button