Қоғам

Балалар неге өз-өзіне қол жұмсайды?

Ержан Әбіш

Жыл басынан бері облыста үш бала өз-өзіне құл жұмсап, өмірмен қош айтысты. Былтыр 11 жеткіншек суицид құрбанына айналған еді. Аталған өзекті мәселе облыс прокуратурасында жан-жақты талқыға салынды.

Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында кәмелетке толмағандар арасындағы суицид мәселесі, олардың алдын алу бойынша мемлекеттік органдар қабылдаған шаралардың тиімділігі қарастырылды.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчинов, денсаулық сақтау, полиция органдарының басшылары, Өскемендегі мектептер мен колледждердің директорлары қатысты.

– Балалардың өз-өзіне қол жұмсау мәселесі өзекті. Облыста 2020 жылы 9, 2021 жылы 11 суицид фактісі, 2020 жылы 48, 2021 жылы 64 суицид жасау әрекеті тіркелді, – деді облыс прокуроры Алмат Байшолақов. Жыл басынан 3 суицид және 11 суицидке әрекет орын алды.

Облыс прокурорының орынбасары Азамат Тілешев атап көрсеткендей, көп жағдайда суицидті 15-19 жасар жеткіншектер және қыз балалар жасайды. Себептері әртүрлі – отбасындағы жанжал, құрдастармен кикілжің, жауапсыз махаббат және басқалар. Жасау әдістері де түрлі, әдетте дәрі-дәрмек ішу, жіпке түсу жиі кездеседі.

Аяқталған суицидтер саны бойынша Семей, Курчатов қалалары мен Аягөз ауданы көш басында. Жалпы облыс бойынша барлық суицидтер мен әрекеттердің жартысынан көбін толық және бақуатты отбасылардан шыққан балалар жасаған.

– Өз-өзіне қол жұмсау көбіне кәмелетке толмағандардың психоэмоционалды жағдайына байланысты, бірақ талдау барысында оларды уақтылы болжауға кедергі келтіретін мемлекеттік органдардың жұмысындағы бірқатар кемшіліктер анықталды, – деді облыс прокуроры.

Мәселен, мектептерде штаттық психологтар жетіспейді, олардың кей жұмыстары формалды сипатта, диагностика әдістемелері жетілдірілмейді. Балалар арасында суицидті насихаттайтын сайттарды анықтау және бұғаттау бойынша полиция сылбыр жұмыс атқарады.

Білім, денсаулық сақтау басқармаларының, полиция департаментінің басшылығы мәселені бірлесе шешуге дайын екендіктерін білдірді. Азамат Мұхамедчинов балалар суицидінің алдын алу үшін қосымша шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

Үйлестіру кеңесі білім министрлігіне мектеп психологтарының санын көбейту туралы хат жолдауды, білім басқармасы мен мектеп директорларына психологтар жұмысына бақылауды күшейтуді ұсынды. Полиция департаментіне суицидке шақыру белгілері бар интернет ресурстарды анықтап, бұғаттау міндеті қойылды.

Осы айдарда

Back to top button