Қоғам

Балалар мен жасөспірімдер театры – Өскеменде

Балалар мен жасөспірімдер театры - Өскеменде


Өскемендік өнерсүйер көрермендер үшін тағы да тосын сый. Асқақ Алатау бауырындағы әсем қала Алматыдан Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры шырайлы Шығысқа гастрольдік сапармен келді. 73 жылдық тарихы бар театр ұжымы төрт күн бойы қала тұрғындары мен қонақтарының назарына шоқтығы биік туындыларын паш етпек. Кеше гастрольдік сапардың ашылуына орай облыстық драма театрында баспасөз конференциясы өтті.

Аталған театр ұжымы Шығыс өңіріне соңғы рет 2002 жылы гастрольдік сапармен келген екен. Араға 17 жыл салып өскемендік көрермендермен қайта қауышып отыр.

– Біз гастрольдік сапарымызды көрші Павлодар облысынан бастадық. Ол жақта бес күн болып бес спектакльді қойдық. Жалпы, Қазақстанда мемлекеттік академиялық деген мәртебесі бар балалар мен жасөспірімдер театры біреу-ақ. Ол біздің театр. 1992 жылы Ғабеңнің атын алдық. Бір қуаныштысы, биыл жолымыз Шығысқа түсіп отыр. Бұл жақтағы көрермендерімізге таптаурын болған қойылымдарды емес, су жаңа туындыларымызды алып келдік. Әкелген гастрольдік дүниелерімізде негізінен жастар көп қамтылған. Өйткені биыл – Жастар жылы ғой, – деді сөз тізгінін бірінші болып алған Қазақстан Республкасының еңбек сіңірген артисі, «Тамаша» әзіл-оспақ театрының актері Кәдірбек Демесін.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының белді артисі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Гүлжамал Қазақбаева да өз сөзінде театр – адамды рухани әлемге жетелейтін, адамның жанын байытатын, тәрбиелейтін орын екенін ерекше баса айтты. «Кейде кейбір адамдар көкейіндегі сауалдың жауабын осы театрдан тауып жатады» дейді театр майталманы.

– Менің өзім де өнердегі жолымды облыстан бастағанмын. Сондықтан да облыстағы актерлердің жай-күйін мен өте жақсы түсінемін. Алматыдағы актерлер мен облыстағы актерлердің жағдайын салыстыруға әсте болмайды. Актерлік жолды таңдау- өмірдегі ең бір қиын жолды таңдап алу деген сөз. Десе де 73 жылдық тарихы бар біздің театрдың сахнасында Байділдә Қалтаев, Әмина Өмірзақова, Мәкіл Құланбаев, Тамара Қосыбаева сынды өнердің небір тарландары еңбек етіп, тер төккен. Менің өзімнің осы театрға келгеніме 50 жылдай уақыт болса, содан бері де бес буын ауысып үлгеріпті. Қазір бар білгенімізді осы жастарға үйретіп келе жатырмыз, – деді Гүлжамал Қазақбаева.

Театрдағы жас буынның атынан Гүлбаһрам Байбосынова сөз алды.

Жалпы, 22-25 сәуір аралығында өскемендік көрермендер мен қала қонақтары аталған театр ұжымының бес қойылымын тамашалай алады. Гастрольдік сапардың шымылдығы Ш.Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» атты екі бөлімді драмасымен ашылса, 23 сәуір күні драматург-жазушы С.Балғабаевтың «Енелер мен келіндер» комедиясы, 24 сәуірде С.Мұратбековтің «Жусан иісі» драмасы, ал 25 сәуірде Г.Гориннің «Ұмытыңдар оны» атты трагикомедиясы көрермендер назарына ұсынылады. Сондай-ақ А.Байболдың «Әріптер әлеміне саяхат» атты балаларға арналған қойылымы да бар. Басталуы сағат 18.30. Билет бағасы: 600-1500 теңге аралығында.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button