Қоғам

Балалар мәре-сәре болды

Облыстық ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығы қарттар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қайырымдылық жасауды ұмытқан емес. Жақында Өскемендегі «Алтай» стадионында аталған орталық мамандарының мұрындық болуымен «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған дәл осындай акцияның бірі өтіп, ол «Жан жылуы» деген атауға ие болды.

Дәлірек айтсақ, бұл күні балалар үйінің тәрбиеленушілері стадионның мұз айдынында емін-еркін коньки тебу мүмкіндігіне ие болды.

– Бұл іс-шараны қалалық денешынықтыру, спорт және туризм бөлімінің атсалысуымен өткізудеміз. Сол сияқты акцияның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының мамандары да септігін тигізді. Енді балақайларды «Нұртау» демалыс базасына апаруды жоспарлап отырмыз. Ондағы басты мақсат – балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлау. Осы бір бастамамызға қолдау білдірушілер табылып жатса, біз бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз, – дейді Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова.

Бұл күнгі іс-шараға қатысқан балалардың дені алғаш рет конькиге тұрса да, мұз айдынында ширақ қимылдағанын айту керек. Іс-шара аясында балаларға арналған көңілді старттар мен хоккей жарысы да ұйымдастырылды. Ал одан кейін балалар осы жерде жайылған дастарханнан дәм татып, мәре-сәре болды.

– Бүгін мұз айдынына шақырып, бізге осындай тамаша көңіл күй сыйлаған ұйымдастырушыларға мың алғыс айтамыз. Мұз айдынында уақыттың зуылдап қалай өте шыққанын байқамай да қалдық. Алған әсерді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жалпы, алдағы уақытта осындай іс-шаралар жиірек өткізіліп тұрса деген тілегім бар, – дейді Юлия Саламатина есімді балақай.

Еске салайық, облыста мұндай қайырымдылық акциялары жыл сайын өткізіліп келеді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button