Руханият

Балалар динозаврды қызықтап жүр

Балалар динозаврды қызықтап жүр

Біз осы динозаврлар жайында не білеміз? Динозаврлар жер бетінде қашан өмір сүрген? Алып жануарлар жер бетінен неге жойылып кеткен? Таяуда Өскемендегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Динозаврлар әлемі» атты интерактивті көрме ашылды.
Санкт-Петербург қаласындағы музейден әкелінген динозаврлар коллекциясы шынында да өскемендіктер мен қала қонақтары үшін ерекше тарту болып отыр. Мұнда динозаврлардың тираннозавр, птеродактиль, трицератопс, стегозавр, диметродон, дейноних, плезиозавр секілді оннан астам түрі бар. Бір қарағанда, көрмені тамашалаушы кішкентай балалардың оларды нағыз динозаврлардың өзі ме деп те қалуы ғажап емес. Алып жануарлар тіпті қимылдап, түрлі қорқынышты дыбыстар да шығарады. Әсіресе, бұл көрменің мектеп оқушылары үшін пайдасы зор. Көрме олардың таным көкжиектерінің кеңеюіне әсер етіп, динозаврлар туралы білімдерін молайтады.
– Алып жануарлардың қаңқасын жасау кезінде суретшілер ғалымдармен бірге тізе қосып жұмыс істеді. Бұлардың әрқайсысы түпнұсқаға жақын, – дейді көрменің экскурсоводы Юлия Умельченко.
Болашақта музей қызметкерлері бұл роботтарды жетілдіруді де жоспарлап отырған көрінеді. Яғни, алдағы уақытта олар адамдардың жүріс-тұрысы мен дыбысына жауап қататын болады.
Жалпы, «динозавр» сөзі грек тілінен аударғанда «қорқынышты кесіртке» дегенді білдіреді. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, динозаврлар кәдімгі кесірткенің бір түрі екен. Өкінішке қарай, динозаврлар осыдан 65 миллион жыл бұрын тұқымымен құрып кеткен. Ғалымдар бұл жануарлардың жер бетінен неге жойылып кеткенін әлі толық зерттеп болған жоқ. Зерттеушілер динозаврлар климаттың түбегейлі өзгеруінен құрып кетті деген жорамалды да жоққа шығармайды.
Динозаврлардың ішіндегі ең алыбы – тираннозавр Рекс көрінеді. Бұл жануардың ұзындығы 12 метр болса, ал салмағы 6 тоннадай болады екен.
– Өскемендіктер мен қала қонақтарының көрмеге деген қызығушылықтары өте жоғары. Әсіресе, сенбі, жексенбі күні келушілердің қатары бір сәт толастамайды, – дейді Юлия Александровна.
Аталған көрме қарашаның 15-іне дейін жалғаспақ.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button