Балалар бақыт пен шаттыққа бөленді

Жаңа жыл – қиял-ғажайыпқа толы мереке, өйткені бұл – барлық баланың ақсақ арманғақұлаш ұратын күні. Сондықтан болар, осынау бір мерекені әр бүлдіршін тағатсыздана күтеді. Тіпті алаңсыз тірлік кешкен балалар үшін Аяз атадан артық жомарт жан, Жаңа жылдан артық мереке жоқ шығар, сірә!
Кеше Өскемендегі «Ертіс концерт» залында Елбасының атынан балаларға арналған дәстүрлі жаңажылдық шырша мерекесі өтті. Оған қатысушылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке құттықтауын естіді. Бұл құттықтауды облыс әкімі Даниал Ахметов өңіріміздің әр түкпірінен жиналған балалармен бірге тамашалады.
– Қымбатты балалар, бүгінгі Жаңа жыл шыршасына еліміздегі ең үздік оқитын өнерлі өрендер жиналып отыр. Мен сендерді және еліміздің барлық балаларын мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – өздеріңді жаңа арманға жетелейтін, жаңа үміт сыйлайтын ерекше мейрам. Осы мерекелі басқосуды бүкіл балалардың жыл бойы асыға күтетіні бекер емес. Кез кезген перзенттің аппақ көңілі бұл күні айтылатын ақжолтай тілектердің орындалатынына сенеді. Шырша тойында өнер көрсетіп, сыйлық алатын бүлдіршіннің қуанышынан артық ештеңе жоқ. Балалардың алаңсыз әрі бақытты өмір сүруі үшін біз барлық жағдайды жасап келеміз. Сондықтан бәрің де саналы тәрбие мен сапалы білім алуға ұмтылуларың керек. Бүгінде дүние жүзі біздің елдің жарқын жетістіктеріне ерекше құрметпен қарайды. Айналайын балалар! Балдәурен балалықтың бақыты мен шаттығына бөленіп, өсіп-өркендей беріңдер. Жаңа жылдарың құтты болсын! – деді Мемлекет басшысы.
Бұл күні «Ертіс концерт» ғимаратының табалдырығын аттағаннан-ақ балалар сиқырлы әлемге еніп кеткендей әсерге бөленді. Жап-жасыл шырша мен төбеден жауған жылтыр қар мерекеге жиналған бүлдіршіндердің көңіл-күйін көтеріп жібергендей көрінді. Кең зал іші де әдемі безендіріліпті. Жасыл шырша жанына үйірілген балалардың бақытты жүздері де жан дүниеңізді шырайландыра түседі. Мынау өмірде баланың риясыз күлкісіне ештеңе де жетпейді екен ғой дейсіз іштей. Өңірдің әр ауданынан жиналған 200-ге жуық бүлдіршіннің жадында Президенттің жаңажылдық шыршасы мәңгі сақталып қалатыны да сөзсіз. Олардың қатарында кілең оқу озаттары, арасында жетім балалар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, аз қамтылған отбасынан немесе көпбалалы отбасынан шыққан жеткіншектер де бар.
– Президент шыршасына бірінші рет келіп тұрмын. Маған мұндағы ертегі кейіпкерлері ерекше ұнады, – деді Зайсан ауданындағы Ломоносов орта мектебінің 6-сынып оқушысы Диас Жәнібеков.
Ерекше құрметке бөленген балалардың әрқайсысына нетбук пен тәттіге толы жаңажылдық дорбалар табысталды. Бұдан соң облыс әкімі Даниал Ахметов сөз алып, шырша мерекесіне жиналған балаларға ақжарма тілегін жеткізді.
– Құрметті балақайлар, біздің елімізде көптеген мерекелер бар, бірақ соның ішіндегі біз үшін ең көңілді, ең қызықты мереке – Жаңа жыл! Сендерге бақытты, қызықты ғұмыр тілеймін, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
***
Түстен кейін дәл осы жерде облыс әкімінің шыршасы өтті. Оған өңіріміздің аудандары мен қалаларынан барлығы 150 бала қатысты. Балаларды облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Бұл күні көрсетілген барлық құрмет пен салтанат балаларға арналды. Бала көңілі ерекше жадырады. Ертең мектеп бітіріп, ержеткен соң, олар осынау сәттерді естерінде ұзақ сақтайтын болады. Ғажайыпқа сенетін бүлдіршіндердің көңілі не деген кіршіксіз десеңізші! Әне, балалар жұмыр жер бетіндегі жаңажылдық шырша мерекесін тамашалау үшін ертегілер әлемінен келген қонақтарды қолдарын шапалақтап қарсы алуда.
Қойнауы толы қазына,
Шығысыма қош келдің, – дейді олар.
Ертегілер әлемінен келген Лунтик, Маша мен аю, Кунг-Фу панда сияқты қонақтар балалармен бірге шыршаны айнала билеп, балақайлардың өнеріне тамсанып, таңдай қақты. Балдырғандардың жаңажылдық мерекеге арнайы әзірлеген киімдері көздің жауын алады. Әсіресе Жарма ауданының Бірлік ауылындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы Мұхаммедәли Акимчиновтың киімі өзіндік ерекшелігімен көз тартады. Осы киімді әзірлеу үшін ата-анасы мен мұғалімі көп тер төгіпті.
– Маған бүгінгі жаңажылдық кеш өте ұнады. Мен келер жылдан жаңа бақыт күтемін. Ең бастысы, жақындарым аман болсын! – дейді Мұхаммедәли Акимчинов.
Ал Бесқарағай ауданынан келген Бақтияр Қалқамановтың әңгімесі тіпті қызық.
– Келе жатқан жылды тағатсыздана күтіп жүрмін. Өйткені, менің 2019 жылы орындайтын арман-мақсатым көп, – дейді ол балалық көңілден ағынан ақтарылып.
Балаларға арналған шырша мерекесінде облыстық драма театрының әртістері жиналған бүлдіршіндердің көңілін көтерді.
– Мынау өмірде баланы қуантқанға не жетсін! Бала біздің болашағымыз ғой. Баланың қуанғаны – біздің қуанғанымыз. Сондықтан да бар өнерімізді салып өнер көрсетудеміз, – дейді облыстық драма театрының әртістері.
Иә, облыс әкімінің шыршасында да балаларға базарлық таратылды. Олардың әрқайсысына нетбук пен тәттіге толы жаңажылдық дорбалар тарту етілді.
Ажар Сағатбекова