Балалар бас қатырды
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Семейдегі Назарбаев зияткерлік мектебінде Рубик текшесін уақытқа жинаудан «NIS CUBE SEMEY» қалалық чемпионаты өтті.
Бұл турнирдің мақсаты – балалар мен жасөспірімдер арасында интеллектуалдық спорт түрлерін дамыту және танымал ету болып табылды. Қазіргі уақытта балалар көбіне компьютер ойындарына сүзіліп, шахмат, дойбы, дене жаттығулары сияқты спорт ойындарынан алыс қалғандығы белгілі. Сондықтан да балалардың бос уақытын тиімді пайдалану және оқу үдерісіне шығармашылық көзқарасты дамыту үшін аталмыш жарыс ұйымдастырылып отыр.
Біріншіліктің салтанатты ашылуына Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова, Назарбаев зияткерлік мектебі директорының сыртқы істер бойынша орынбасары Бауыржан Серіков және басқа да құрметті қонақтар қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Бұл чемпионатқа қаламыздың қырықтан астам орта мектебінен 360 оқушы қатысты. Кейінгі кездері өскелең ұрпақ арасында ерекше қызығушылық тудырған ой-қиял мен жылдамдық жарысына Рубик текшесін Семейде ғана емес, елімізде насихаттап жүрген адамдардың бірі – жеке кәсіпкер Арман Машимов қолдау көрсетті, – деді аталған білім ордасының баспасөз хатшысы Ермек Исабаев.
Жарысты ұйымдастырушылардың бірі – зияткерлік мектептің кураторы Альбина Мұсабекованың айтуынша, біріншілік жеті тәртіп бойынша өткізілген. Олардың қатарында жылдамдыққа құрастыратын «Спидкубинг», «Бір қолмен» және «Рескрамбл» түрлерін ерекше атап өтуге болады. Сайыста жеңіске жету үшін ойыншылар асқан жылдамдық көрсетуі қажет.
– Қаламызда тұңғыш ұйымдастырылып отырғандықтан, біз қатысушыларға шектеу қойған жоқпыз. Алғашында шамамен 120-дай қатысушы болар деп ойлаған едік. Алайда үміткерлер саны біз ойлағаннан көп болды. Бұл шәкірттердің Рубик текшесіне деген қызығушылығының арта түскенін көрсетеді. Рубик текшесін құрастыру – баланы жылдам шешім қабылдап, тез ойлауға дағдыландырады. Ендігі меже маусымның басында мектебімізде халықаралық жарыс өткізу, – дейді Альбина Мұсабекова.
Халықаралық демекші, жеке кәсіпкер Арман Машимов биыл жазда Рубик текшесінен әлемдік деңгейдегі жарыс өткізбекші. Оған дүниежүзінің танымал спидкубингшілерін шақырып отыр. Қазіргі уақытта Семейде еліміздің Спидкубинг федерациясына тіркелуі рәсімі жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, қалалық біріншілік халықаралық жарысқа қатысу үшін балаларға арналған жаттығу болды десек те болады. Сол себептен Семейдегі жарыс қатысушылардың саны жағынан өте ауқымды болды.
– Рубик текшесі әлемдегі ең көп сатылатын басқатырғыш. Оны араластыру үшін 43 квинтиллоннан астам жол бар, – деді Ермек Исабаев, – осыны ойлап тапқан өнертапқыш – венгерлік профессор Эрно Рубик басқатырғышты алғаш шешу үшін өзінің бір ай уақытын жұмсаған екен. Бұл сайыстан алғаш рет 1982 жылы Әлем чемпионаты өтті, оның жеңімпазы Рубик текшесін 22,95 секундқа жинады. Ал басқатырғышты 4.59 секундта шешіп, жеңімпаз атанған оңтүстіккореялық спидкубшының рекордын ешкім өзгерте алмай келеді.
Семейде өткен чемпионат нәтижесіне Рубик текшесін жылдам құрастырудан бес тәртіп бойынша экономикалық лицей оқушысы Әлихан Ертұрсын жеңіске жетті. Ал Пирамида түріндегі құрастырудан Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Әлішер Егінбаев үшінші орынға ие болды.
Сонымен қатар жарыс қорытындысы бойынша қалалық чемпионаттың рекордтары орнатылып, 4х4 дисциплинасында №17 мектеп оқушысы Жанат Қазез, пирамида және 2х2 дисциплинасында экономикалық лицей оқушысы Әлихан Ертұрсын, «Skewb» дисциплинасында №37 мектеп гимназиясының оқушысы Әлинұр Мұратқан жеңіске жетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтар табысталды.
Раушан Нұғманбекова
Семей.