Балалар «Барбаристе» болды
Облыстық ішкі саясат басқармасының жастар бастамаларын дамыту орталығы «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне «Ulba» мәдени-сауықтыру кешені мен «Барбарис» мейрамханасында демалыс ұйымдастырды.
«25 қайырымды іс» акциясының аясында өткен бұл шара барысында балалар үйінің тәрбиеленушілері алдымен «Моана» мультфильмін тамашалады. Осы орайда, «Ulba» мәдени-сауықтыру кешенінің әкімшілігі балаларға арналған киносеанстың билеттерін 50 пайыздық жеңілдікпен ұсынғанын айта кеткен орынды. Облыстық ішкі саясат басқармасының жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Арайлым Есімбекованың айтуынша, мерекелік шара аталмыш орталықта жұмыс істейтін жастардың сыйақасының есебінен өткізілген.
– Жастардың кейінгі буынға көрсетіп жатқан қамқорлығы көңіл қуантады. Біз алдағы уақытта балаларды коньки тебуге апарсақ деп жоспарлап отырмыз. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзге немқұрайлы қарамай, мемлекеттің келешегін ойлап, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қамқорлық көрсетейік. Өйткені, балалар тәрбиесіне қазіргі кезде ұлттық тәрбие тұрғысынан да көңіл бөліп, оларды тұлға ретінде қалыптастыру мәселесі – бүгінгі заман талабы, – дейді Арайлым Есімбекова.
Киносеанстан шыққан соң, балалар «Барбарис» мейрамханасына барып, түскі үзіліс жасады. Аталмыш мейрамханада өтіп жатқан «Балалар күні» акциясының аясында Мұхтар Тойбазаров бүлдіршіндерге тегін коктейль мен торт ұсынды. Қалған ыстық тамақ өнімдері ұйымдастырушылардың есебінен төленді. Мұнда балаларға арналған түрлі ойын-сауықтық бағдарламалар ұйымдастырылып, викториналық сұрақтар қойылды. «Үміт» балалар үйінің психологы Назгүл Лунашарқызының айтуынша, еліміздегі атаулы мереке күндері бүлдіршіндерге мемлекет тарапынан түрлі форматтағы шараларға шақыртулар келіп түседі.
– Бүгінгі мерекелік шараға қатысқаныма қуаныштымын. Бізге көңіл бөліп, сыйлықтар тарту еткен жандарға алғысым шексіз. Болашақта жақсы мамандық иесі болып, Өскеменнің қарыштап дамуына үлес қосқым келеді, – дейді 8-сынып оқушысы Елнұр Кенжебеков.
Мерекелік шара соңында балалар Республика алаңында серуендеп, шырша жанында естелік суреттерге түсті.
Ажар Мұратқызы