Қоғам

Балалар қайда демалады?

Балалар қайда демалады?


Балалардың демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру – облыстық білім басқармасының, аудандық және қалалық бөлімдер қызметінің басты бағыттарының бірі.

Жазғы сауықтыру маусымына дайындық биыл алдын ала басталды. Маусым айында облыстық білім басқармасы балалардың сауықтыру лагерьлерінің жағдайын жан-жақты зерделеді: сумен қамтамасыз ету нысандары тексерілді, санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылары мен лагерьлердің ашылуына рұхсат берген құжаттар алынды, кенеге қарсы шаралар жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы әзірленді. Білім басқармасының жанынан балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша мониторинг жүргізетін штаб құрылды. Штаб мүшелері апта сайын жүргізетін мониторингтердің қорытындылары бойынша шаралар қабылданады.

Балалардың жазғы демалысы екі бағытта ұйымдастырылады. Біріншісі – жазғы лагерьлердегі демалыс және сауықтыру, екіншісі – секциялардың жұмысына, қызығушылықтары бойынша үйірмелерге қатысу, саяхатқа шығу. Облыста 1-10 сынып оқушыларының жалпы саны 161 835 баланы құрайды.
Бірінші бағыт бойынша балалардың 96 пайызы қамтылады. Облыста 889 сауықтыру лагері мен алаңдары, 438 мектеп жанындағы лагерь, 386 бейінді, 34 – қала сыртындағы, 31 палаткалық, спорттық, киіз үйлер лагерьлері жұмыс істейді. Демалыс балалар лагерьлерінде дамытушы, сауықтыру, білім беру, мәдени және коммуникативтік функцияларын орындайды.

Екінші бағыт бойынша 63 жасөспірімдер клубы жұмыс істесе, онда қызығушылықтары бойынша 386 үйірме бар. Еңбектің барлық түрлерімен, өлкетану, шығармашылық, спорттық-бұқаралық және зияткерлік жұмыспен 97,5 пайыз оқушыны қамту жоспарланып отыр. Жалпы алғанда, балаларды жазғы демалыспен қамтуды өткен жылмен салыстырғанда сегіз пайызға арттыру межеленген.

Балаларды сауықтыру мен жазғы демалыстарын ұйымдастырудың барлық түрлері балалар мен жасөспірімдердің өз мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін жүзеге асыратын әлеуметтік ортаның бір бөлігі болып табылады.

Биыл жазғы демалыс бірнеше басым бағыт бойынша ұйымдастырылып жатыр: тілдік (қазақ тілі, ағылшын тілі, орыс тілі), шығармашылық (би, домбыра, көркемдік), экологиялық-туристік, еңбек лагері, сондай-ақ, дарынды балаларға және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған лагерьлер.

Облыстың үш ауданында 450 бала үшін үш тілде білім беруді дамытудың кешенді жоспары аясында тілдік лагерьлер жұмыстарын жалғастырады. Әр дагерьде 150 оқушы демалады. Күршім ауданындағы «Балдәурен» лагерінде орыс тілінде білім алатын балалар үшін қазақ тілін тереңдете оқытатын ауысым, Үржар ауданындағы «Үржарайым» лагерінде ағылшын тілін тереңдете оқытса, Өскемен қаласы әкімдігінің «Жігер» лагерінде мемлекеттік тілде оқитын балаларға арналған орыс тілін тереңдетіп оқытатын ауысым қызмет көрсетеді.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі колледждері студенттерінің дәстүрлі демалысы ретінде белсенді демалыс пен заманауи жағдайға еңбек дағдыларын қалыптастыру арқылы бейімдеу қарастырылған.

Өткен жылдан бастап студенттерге еңбек және демалыс лагерьлері ұйымдастырылған. Биыл олар үш колледждің негізінде: Самар аграрлы-техникалық колледжі, Шемонайха колледжі және Бесқарағай колледжінде жүзеге асады. «Мамбет», «Рауш» және «Балке» шаруа қожалықтарында 60 студент еңбек пен демалысты қатар алып жүреді. Балалар үшін барлық жағдай жасалған: жұмыстан кейін жуыну, төрт мезгіл тегін тамақтану, салауатты әрі көтеріңкі көңіл күй.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button