Балалар қалай демалып жатыр?
Күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты балаларды сауықтыру мекемелерінің кызметі бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес тоқтатылып отыр. Осыған орай қазіргі кезде оқушылардың жазғы демалыстары онлайн форматында өтуде. Олар енді фильмдерді виртуалды кинотеатрларда тамашалап, еліміздің және әлемнің әйгілі мұражайларын қашықтан аралайды.
– 15 маусымнан бастап барлық балалар үшін Зум, Телеграм, Уатсап, Скайп, Инстаграм интернет платформалары арқылы «shko_online_kanikuly» аккаунты жасалды. Оқытушылар күнделікті интерактивті үйірме сабақтар, кітап оқу, виртуалды клубта кино көру сияқты формаларда балалармен жұмыс істейді, викториналар өткізіп, логикалық тапсырмалар береді. Министрліктің «Қазақстан балалары, жазды қуанышқа толтырайық!» тұжырымдамасына сәйкес қашықтан тақырыптық ауысымдар ұйымдастырылған. Жалпы 161 165 бала (90%) қамтылып отыр, – дейді білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қажымұқан Оспанғалиев.
Жалпы, балалардың бос уақытын ұйымдастырудың бұл форматы елімізде алғаш рет көктемгі демалыс кезінде қолданылып, балалар мен ата-аналардан оң пікір алған екен. Эпидемиологиялык жағдай тұрақталса, оқу жылының басталуына дейін жазғы сауықтыру лагерьлерінің қызметі жандануы да ықтимал.
Бүгінгі таңда облыста 176 578 мектеп оқушысы бар. Аймақта 290 сауықтыру лагері орналасқан. Әр аудан-қалада 1-ден 5-ке дейін елді мекен маңындағы лагерьлер бар. Биыл бірқатар лагерьлер жөнделген, ал төтенше жағдайлар департаменті балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы лагерлердегі шомылу орындарын тазартқан. Сондай-ақ сумен жабдықтау нысандарын залалсыздандыру, санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жұмыстары да жүргізіліпті.
Осы жылы жазғы демалыспен 176 265 баланы (99,8%) қамту, сонымен қатар, жазғы лагерьлерде және мектеп жанындагы лагерьлерде көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан барлық 48 244 баланы демалдырту жоспарланған-ды. Сондай-ақ лагерьлердің жұмысына үш мыңнан астам мұғалім, атап айтқанда 850 тәрбиеші, 880 вожатый, 1250 қосымша білім беру педагогы мен 200 медицина қызметкерін тарту көзделген болатын.
Ержан Әбіш