Қоғам

Балаларға –базарлық

Өскемендегі мамандандырылған сәбилер үйінің тәрбиеленушілеріне арналған дәстүрлі жаңажылдық шырша мерекесі өтті. Оған қатысушыларға тәтті-дәмділер мен бағалы ойыншықтар, сондай-ақ қыстық киім-кешектертарту етілді.

Балалар өздеріне базарлық алып келген демеушілерге алғыс білдіріп, ән мен биден шашу шашып, өнерлерін ортаға салды. Бұдан соң бізді ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге пана болып, оларға тәлім-тәрбие беру жолында аянбай тер төгіп жүрген мекеме директоры Гүлнәр Боранғалиқызы мұндағы күнделікті жұмыс барысымен таныстырды. Бүлдіршіндер үйінде балақайлардың ой-өрісін дамыту үшін барлық жағдай жасалыпты. Олай дейтініміз, аталмыш мекемеде мүмкіндігі шектеулі сәбилерге арналған оңалту бөлмесі және мінезі қиын балалармен жұмыс істейтін психолог кабинеті сияқты заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген басқа дабөлмелер жетерлік екен.

– Әрбір баланың келер күнге үмітпен қарауы үшін оған дұрыс тәлім-тәрбие беру қажет. Ол үшін балаға, ең алдымен, ата-ананың қамқорлығы мен мейірімі, сүйіспеншілігі қажет. Әрине,бала үшін ата-анасынан жақын адамдар жоқ. Осы орайда, ағымдағы жыл басынан бері 43 бала өз отбасына қайтарылып,34 бүлдіршін қамқорлыққа алынғанын айта кеткен орынды, – деді директорГүлнәр Боранғалиқызы.

Бұл күні бүлдіршіндерге Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қызметкерлері, «Казцинк» кәсіпорны, «Востокцветмет» ЖШС, «Сбербанк» пен «Өскемен жылу жүйелері» мекемесінің мамандары, «Технология успеха» фирмасы, сондай-ақ төтенше жағдайлар басқармасы мен жеке кәсіпкер Денис Старцов базарлық алып келді. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері бүлдіршіндерге қажетті дәрі-дәрмектер мен дәрумендерді тарту етті.

– Жаңа жыл – қиял-ғажайыпқа толы мереке,өйткені бұл– барлық бала біткеннің аңсаған армандарының орындалатын күні. Сондықтан болар, осынау бір мерекені әр бүлдіршін тағатсыздана күтеді. Тіпті алаңсыз тірлік кешкен балалар үшін Аяз атадан артық жомарт жан, Жаңа жылдан артық мереке жоқ шығар, сірә! Сол себептен біз қамкөңіл балалардың көңілдеріне сәл де болса, жылулық сыйлау үшін базарлық алып келдік, – деді Денис Старцов.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button