Балақайларға БЦЖ екпесі өте қажет
Қыркүйек айы да келіп жетті, яғни БЦЖ екпесінің ревакцинация уақыты келді. Естеріңізге сала кетейік, БЦЖ екпесі балаларда туберкулездің алдын алу үшін қойылады. Ол туберкулезді жұқтырудан қорғамайды, бірақ оның туберкулезді менингит, сүйек пен буын туберкулезі, өкпе туберкулезі сияқты ауыр түрлерінен қорғайды.
-БЦЖ екпесімен бала өмірінде екі рет егіледі. Бірінші рет перзентханада дені сау нәрестелерге 2-4 тәулігінде салынады. Ал қайта вакцинация (ревакцинация) қалыптасқан иммунитетті сақтау үшін 6-7 жастағы балаларға (бірінші класс) жүргізіледі. Сол себепті мен бірінші сыныпқа баратын балақайлардың ата-аналарына ерекше ескерткім келеді, – дейді облыстың бас фтизиопедиатры Светлана Моисеенко.
Бас фтизиопедиатрдың айтуынша, БЦЖ ревакцинациясы республиканың барлық мектептерінде жаппай жүргізіледі. Бұл үшін бір ай уақыт беріледі.
-БЦЖ салдырмас бұрын балақайға Манту сынамасы қойылады. Ол үшін мектеп дәрігері ата-анасының келісімін алады, тек келісім болған кезде ғана сынама жасалады, – деп толықтырды Светлана Моисеенко.
Манту қойылғаннан кейін, үш күннен кейін нәтижелер оқылады, егер нәтижесі теріс болса, онда бала БЦЖ ревакцинациясын алады. Егер нәтижесі оң болса, нәрестені тексеру керек. Қан мен зәр анализіндерін тапсырады, кеуде қуысының рентгенографиясын жасайды. Содан кейін ол дәрігерге, фтизиопедиатрға кеңес алуға жіберіледі.
Егер Манту сынамасы күмәнді болса, онда сынаманы үш айдан кейін – желтоқсанда немесе келесі жылдың қаңтар айында қайталайды.
БЦЖ вакцинасына жағымсыз құбылыстары бар балалар диспансерлік топта бір жыл бойы бақыланады.
Кәмал Естай