ТОП

Баладан жәрдемақыны артық көретіндер бар

Балауса ҚОЖАЕВА

«Кейінгі үш айда «Үміт» балалар үйі тағы да 20 баламен толықты. Дегенмен сәбиін тастап кеткен ата-ана балалардың ойында «жақсы жандар». Олар жылдар бойы күтеді, іздейді»… Мекеме басшысының дәл осы сөздерінен кейін жиылған қауым қалың ойда қалды. Өйткені залда өмір жолын бала тағдырына арнағандар жиналып отыр.

Өскеменде кезекті Аналар кеңесі өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінде жұмыс істейтін бұл кеңестің басты мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту, отбасылық құндылықтарды насихаттау және отбасылық мәселелердің алдын алу. Ресми мәліметке жүгінсек, елімізде 16 облыстық, 270 аудандық және 1239 ауылдық Аналар кеңесі жұмыс істейді. Жыл сайын кеңесте түрлі мәселе көтеріліп, жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға қорытынды жасалады.

–  Елбасымыздың «Тәуелсіздіктің күрделі уақытында сіздер үйдің тыныштығы мен берекесін батыл қорғадыңыздар, кез келген істі алып кетіп, өз отбасылық және азаматтық парыздарыңызды орындауда көптеген ер-азаматтарға үлгі көрсеттіңіздер» деген сөзі үнемі ойымда жүреді. Расымен де, әйел затының қоғамда атқарар рөлі зор. Сондықтан бүгінгі жиында отбасылық мәселелер кеңінен айтылады деген сенімдемін. Өйткені балалар үйіндегі бөбектердің саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ, – дейді «Үміт» балалар үйінің басшысы Майра Бейсеқанова.

Аналар кеңесінің кезекті отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әлеуметтік жетімдіктің алдын алуда Аналар кеңесінің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы, отбасылық құндылықтар туралы сөз қозғалды. Сондай-ақ Бесқарағай аудандық Аналар кеңесінің жұмысы жайлы айтылды.    Балалар үйінің басшысы кеңес кезінде бала асырап алу мәселесін де айналып өткен жоқ.

–  Жетімін жылатпаған халық болғандықтан, бүгінгі таңда біздің басты мәселе – ол балалар үйінің санын азайту. Осы орайда патронаттық тәрбие дегенді де енгіздік. Алайда бір рет тастанды болған баланың қайтадан балалар үйінің есігін қағуы ауыр соққы. Жетім баланың жарым көңілінен жәрдемақыны жоғары қоятын безбүйрек жандар бар. Сол үшін ең алдымен, бала тағдырын ойлауымыз қажет, – дейді Майра Бейсеқанова.

Отырыста балалар үйінің тәрбиеленушілерін жұмыспен қамту тақырыбы да көтерілді.

– Аналар кеңесі еліміздің барлық облысында бар. Бір айта кетерлігі, Шығыста кеңес мүшелерінің қатары айтарлықтай көп. Сол үшін де атқарылып жатқан шаралар да аз емес. Мәселен 2017 жылдан бастап «Отбасы – мемлекеттің негізі» атты жобаны қолға алдық. Жастарымыз қазір өте белсенді, байқауларда топ жарып жүр. Талантты тәрбиеленушілер өнерімен тамсандыруда. Осының бәрі – бірлескен жұмыстың жемісі, – дейді кеңес мүшесі Назигүл Ахметқалиева.

Кеңес соңында келер жылы көптеген жобалардың жоспарланғаны айтылды. Оларды әзірше уақыт еншісіне қалдырайық.

 

Осы айдарда

Back to top button