Қоғам

Балабақшаларды ауқымды өзгерістер күтіп тұр

Балабақшаларды ауқымды өзгерістер күтіп тұр


Еліміздегі балабақша қызметкерлері алдағы уақытта жаппай біліктілік сынақтан және медициналық тексеруден өтетін болды. Ата-аналардан құрылған қадағалаушы кеңестерді енгізудің арқасында мектептердегі келеңсіз жағдайлар біршама саябырсыған сыңайлы. Ал, жасыратыны жоқ, биыл республика бойынша балабақшалардағы тәрбиешілердің қатысуымен болған келеңсіз оқиғалар жиілеп кетті. Олардың бірі түймедей баланы тұншықтырып, күш көрсетсе, енді бірі туберкулездің ашық түріне шалдыққан науқас болса да бүлдіршіндердің арасында еш алаңсыз жұмыс істеп келген. Еліміздің әр өңірінде болып жатқан осындай сорақылықтарды тоқтату үшін Білім және ғылым министрлігі бұл іске мықтап кірісіп, білім саласын тәрбиеші-ұстаз деуге ауыз бармайтын қызметкерлерден тазартуға уәде берген еді.

Жаңа емтихандар – жаңа жалақы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керектігіне айрықша тоқталып, бұл салада біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажеттігін айтқан болатын. Осыған орай биыл сала министрлігі әкімдіктермен бірлесіп.
«Жол картасын» әзірлемек.

Алда атқарылатын қыруар шаруаның басы – бұдан былай балабақша тәрбиешілері де мектеп ұстаздары сияқты ауқымды аттестациядан өтетін болды. Сала министрлігі әзірлейтін ұлттық біліктілікті тестілеудің арнайы бағдарламасы балалармен жұмыс істеуге болмайтын тәрбиешілерді анықтап бермек.
Еліміздегі балабақшаларда еңбек етіп жүрген 55 мың маманның 45 пайызы ғана мектепке дейінгі білім беру мамандығы бойынша арнайы оқу орнын бітірген екен. Демек, қалған 55 пайызы арнаулы білімсіз бала тәрбиесімен айналысып жүр деген сөз.

Мамандар даярлауда, әсіресе бала тәрбиесіне тікелей қатысы бар тәрбиешілерді оқытуда сапаға мән беру маңызды. Сондықтан балабақшаға жұмысқа орналасқысы келетін жоғары оқу орындарының түлектері де аталған тестілеуден өтетін болады. Емтиханмен қатар тәрбиеші педагогтар медициналық тексеруден, оның ішінде психикалық жағдайы да тексерілетін болады. Есесіне, сынақтан сүрінбей өткен балабақша тәрбиешілерінің жалақысы өседі. Әрине, ол балалардың саны, балабақша үлгісі, тағы да басқа көптеген параметрлерге де байланысты. Мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиешілер арнайы аттестациялық тестілеуден өтуді 2019 жылдың мамыр айынан бастайды.

Барлық балабақшада бейнекамералар орнатылады

Алдағы жылы еліміздегі балабақшаларда қосымша 62 мың жаңа орын ашылады. Республика бойынша балабақша кезегінде 325 мың адам тұр. Ал облыста 28 607 бүлдіршін кезекте тұр.

Өңірде 206 мемлекеттік, 118 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Сала министрлігінің бұйрығы негізінде мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезекті қалыптастыру мен оның қызметін және жолдамаларды беру үдерісі Өскемен, Семей, Курчатов, Риддер қалаларында автоматтандырылған. Қалған 15 ауданда аталған қызметтерді автоматтандыру жұмысы жалғасып жатыр.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдағы екі жылда еліміздегі барлық балабақшалар мен шағын орталықтарды бейнебақылау камераларын орнатуға міндеттейтін болады.

Тәрбиешілердің 31 пайызында ғана арнайы білімі бар

Өңірімізде мектепке дейінгі білім мамандығы бойынша мамандарды Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде даярлайды.

Ағымдағы жылы Шәкәрім университетін аталған мамандық бойынша 40 маман, С.Аманжолов университетін 61 жас маман бітіріп шықты.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанованың айтуынша, балабақша тәрбиешілерін жұмысқа қабылдауда біліктілікке қойылатын талаптар – жоғары педагогикалық немесе техникалық және кәсіптік педагогикалық білімнің болуы.

Бүгінгі күні өңіріміздегі мектепке дейінгі ұйымдарда 4562 маман жұмыс атқарады, соның ішінде арнайы мамандығы бар тәрбиешілер саны – 1440, яғни 31 пайыз.

-Балабақша – бүлдіршіндерге білім беру мен ортаға бейімдеудің алғашқы баспалдағы болса, тәрбиеші – сол балабақшаның жүрегі, яғни олардың қолында баланың тағдыры тұрады. Тәрбиеші мамандығының басты мақсат – жас ұрпаққа сапалы тәрбие беру,- дейді Айгүл Оралғазықызы. –Бүгінге дейін білім басқармасына мектепке дейінгі ұйымдарда баланы ұрып-соғу, психологиялық қысым көрсету жағдайларының орын алғандығы туралы шағымдар, мәліметтер келіп түскен жоқ. Егер де балаға қысым көрсету жағдайы орын алса, ата-аналар білім беру мекемесінің басшысына барып, мән-жайды айтуы қажет.

Дегенмен, бұл өңір балабақшаларында ондай келеңсіз оқиғалар мүлдем болмайды деген сөз емес. Көп жағдайда ата-аналар тәрбиеші жұмысынан айырылып қалмасын деп жай ескерту жасап, кешіріммен қарап, қазақылыққа салынып жатады. Мемлекеттік мекеме болса да, мектептердегі шағын орталықтарға баланы орналастыру кезінде немесе керек-жарақтарға заңсыз ақша жиналатындығы да рас. Бірақ мұндай жағдайларды ата-аналар балаға кесірі тимесін деген ниетпен барынша жасыруға тырысады. Дегенмен, «Сын түзелмей, мін түзелмейтіндігін» де ұмытпауымыз керек.

Балабақшаларды ауқымды өзгерістер күтіп тұр

Облыста балабақша саны артып келеді

Өңіріміз мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберіндегі жобаларды іске асыру жөнінен елімізде алғашқы орында тұр. Аталған бағыттағы шаралар нәтижесінде облыс экономикасын арттыруға 25 миллиард теңгеден астам қаржы құйылған. Әріптестік әсіресе әлеуметтік саладағы нысандар құрылысында ерекше қарқын алды.

Мұндай жобалар әлеуметтік мәселелерді шешуге оң ықпалын тигізіп отыр. Мәселен, Зайсан ауданында ғана осы бағытта ашылған балабақшалар саны алтыға жеткен. Ал алдағы жылы тағы үшеуі ашылмақшы. Жақында ғана есігін айқара ашқан жаңа балабақшада 75 бүлдіршін тәлім-тәрбие алып жатыр. Ата-аналардың алаңсыз болуы үшін мұнда балаларға барынша жағдай жасалыпты. Жергілікті жиырма тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Кәсіпкер келесі жылы балабақша ғимаратын кеңейтіп, тағы да екі топ ашуды жоспарлап отыр.

– Мемлекет тарапынан бізге қаншама қолдау көрсетіліп отыр. Әр балаға тиісті мөлшерде қаражат бөледі,- дейді балабақша меңгерушісі Жайнагүл Айтжанова. -Мұның өзі жеке кәсіпкерлерге өзінің шаруасын ары қарай алып жүруге үлкен мүмкіндік. Мемлекет тарапынан қолдаумен бірге үлкен жауапкершілік те жүктеліп отыр, оны ақтауға бар күш-жігерімізді саламыз. Сондықтан бұл жобаның болашағы зор деп ойлаймын.

Мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқасында биыл Алтай ауданындағы он мың тұрғыны бар Серебрянка қаласында 120 орындық мемлекеттік тілдегі балабақша қолданысқа берілді. Бос тұрған ғимаратты жөнге келтіруге кәсіпкер 30 миллион теңге қаражат жұмсаған. Халықтың сұранысына орай ашылған бұл жаңа балабақшада 26 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмыс орындары әлі де көбеюі мүмкін, өйткені балаларға арнайы үйірмелер ашсақ деген жоспарлары да бар.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button