Қоғам

Балабақша мен мұражай ашылды

Балабақша мен мұражай ашылды


Тәуелсіздік күні мерекесінде Глубокое ауданында балабақша, аудан орталығында мұражай ашылып, Секисовка ауылының 270 жылдық мерейтойы атап өтілді. Оралхан Бөкей атындағы орта мектепте оқып, спортпен шұғылданған, ШҚМТУ-да оқып жүрген кезінде оқыста қайтыс болған Мерей Сабырбекті еске алуға арналған еркін күрестен облыстық турнир болып өтті.

Оралхан Бөкей атындағы мектепте жалауын көтерген облыстық жарысқа 170 талапты балалар жиналып, жерлестері Мерей Сабырбек атындағы жүлдені сарапқа салды. Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін бұл сайысқа белгілі кәсіпкер, 400-ге тарта адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған ауданның Құрметті азаматы, «Шахан Ата» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Жаңабай Тастанбеков демеушілік жасады. Бұл жолы да Атымтай жомарт азамат жүлдегерлерге өз қолымен сыйлықтарды үлестірді. Аудан әкімі Қалихан Байғонысов, ауданның Құрметті азаматы Василий Ахаев, Мерейдің әкесі Мейрамбай Рахымжанов балаларға сәттілік тіледі.

Бұдан кейін Прогресс ауылында 25 орындық «Қарлығаш» балабақшасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы бойынша бой көтерген балабақшаның салынуына үлес қосқан «Глубочанка» шаруа қожалығының жетекшісі Алексей Дель өз сөзінде бүлдіршіндерге арналған балабақшаның келесі жылы кеңейтілетінін, тағы бірнеше адамды жұмыспен қамтамасыз ететінін тілге тиек етті. Ал аудан әкімі Қалихан Байғонысов А. Дель мен құрылысты сапалы етіп салып берген «Ремстройсервис-1994» серіктестігінің басшысы П.Герасименкоға алғысын айтып, Алғыс хатпен марапаттады.

Ата-аналар атынан сөз алған Жұлдыз Әмірова мен Мадина Үмітжанова балабақшаның қажетті жиһазбен жабдықталғанын, іші жылы, бөлмелердің кең әрі жарық екенін айтып, құрылысты салған ағаларына алғыстарын айтты. Лента қию құрметіне ауылдың байырғы тұрғындары Жамал Дүйсенова мен Виктор Грачев ие болды. Ішке енген қонақтар балалардың концертін тамашалады. Аудан әкімі сыйлығын тапсырды.

Секисовка ауылының құрылғанына 270 жыл толды. Аудан әкімі Қ.Байғонысов бастаған топ ауыл тұрғындарымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Қариялар ауылдың қалай құрылғаны, кешегісі мен бүгінгісі жайында қызықты деректер келтірді. Қазір ауыл тұрғындары ауыл шаруашылығымен, алтын өндірумен шұғылданады. Тұрмыстары жақсы, мал басы көбейген. Биыл шаруа қожалығының иелері әр гектардан 20 центнерге дейін астық жинаған.
Аудан әкімі ауыл озаттарына, ардагерлерге сый-сияпатын жасап, алғысын айтты. Кеш соңы көңілді әуенге жалғасты.

Глубокоедағы мұражайдың ашылуы да ел есінде қалатындай тартымды өтті. Мұражай жаңа жәдігерлермен толығыпты. Сонау көне ғасырдағы ыдыс-аяқ, сауыт-сайман, ұлттық нақыштағы жәдігерлер жиналғандарға ұнады.

Оңдасын Елубай
Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button