Қоғам

Балабақша кезегінде тұрған балғындар көп

Балабақша кезегінде тұрған  балғындар көп


Соңғы үш жылда Семейде жекеменшік мемлекеттік серіктестік аясында 22 бала бақша салынған. 2020 жылғы дейін Семейде мектеп жасына дейінгі балғындардың барлығы балабақшамен қамтылмақ. Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко бізге осындай мәлімет берді.

Бұл жерде, ең бастысы, семейлік кәсіпкерлердің «Қазақстан-2050» стратегиясына үлес қосамыз деген белсенділіктері басты рөл атқарып отыр. Елбасының биылғы Жолдауы мен «Қазақстан-2050» стратегиясы негізгі жеті бағытты айқындайды. Оның ішінде әлеуметтік кепілдемелер және жеке кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілігі ерекше орын алады.

Наталия Фесенконың айтуынша, Семейде 11 509 бала балабақша кезегінде тұр. Олардың 10 275-і үш жасқа дейінгі бүлдіршіндер. Қазіргі талап бойынша жаңа туған нәрестені бір жасқа толмай кезекке қою керек екен.

-Қаладағы ата-аналар қоғамы сәбилерді 1 жастан қабылдайтын бөбекжай ашуды көптен бері айтып келеді, – деді Наталия Фесенко, – сондықтан да біз балабақша иелеріне осы мәселені назарға алып, шешуін өтініп отырмыз. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде Семей қаласы бөбекжай топтарын қаржылай қамти алады. Ең алдымен, әрине, 3-6 жастағы балғындарды балабақшамен қамтып алуымыз қажет. Әзірше осы топтағы кезекте 1032 бала бар. Бұл көрсеткіш күн сайын өзгеріп, толығып отырады. Балабақшаларда орын болмай тұр.

Семейдің сол жақ жағалауында балабақшаның қажеттілігі өте жоғары. Қала шетіндегі Шығыс кентінде де осы көрініс. Сондықтан да балабақша ашамын деген кәсіпкерлерге білім бөлімі қаланың сол жағалауын назарға алса дейді. Юность кентіндегі 100 орындық және Цементшілер кентіндегі 300 орындық балабақшалар ата-аналар үшін үлкен қуаныш. Қарағайлы шағын ауданында жекеменшік-мемлекеттік әріптестік бойынша ашылған балабақшаның ашылу салтанатына Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың өзі қатысқан болатын. Тағы бір балабақша Ұшақтар шағын ауданында қолға алынады. Гоголь мен Чехов көшелерінде де жаңа балабақша ашылмақ.

Өткен жылы бұрынғы №3 балалар үйінің ғимараты сенімді өкілге табысталды. Қазір мұнда жөндеу-әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жерде денсаулығы дімкәс балалар тәрбиеленеді деп жоспарланған. Есту-көру қабілеттері нашар, психикалық дамуында ауытқушылық бар балаларға мұнда мейлінше қамқорлық жасалмақ. Қалалық білім бөлімінің жетекшісі Наталия Фесенконың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балғындардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Оларды балабақшамен қамту, оның ішінде дефектолог, логопед, психолог және тағы басқа арнайы мамандарды даярлау – қоғам үшін аса қажет. Қазіргі уақытта оңалту, дамыту орталықтарында қала бойынша 114 бала тәрбиеленуде. Бірақ өтініш білдірген бала саны бұдан әлдеқайда көп. Оның үстіне балабақшаға қойылатын талаптар да өзгеріп жатыр. Ата-аналар күндіз-түні жұмыста болатындықтан, тәулік бойы қалдыратын бөбекжайлар болса дейді, немесе сенбі күні баланы сенімді тәрбиешіге қалдырып отырсақ деген де ұсыныстарын айтыпты.

Қалалық мәслихаттың арнайы комиссиясы жаз айларында қаладағы бүкіл балабақшаларды аралап шықты. Тексеріп көргенде, олардың жұмысынан ақау таба алмады. Десек те, балабақшалардың айналасын көгалдандыру, гүлдендіру жұмыстары кенжелеп жатыр. Әсіресе, Кеңес үкіметі тұсында салынған ескі ғимараттардың айналасын абаттандыру керек. Асфальттарын жөндеп, ойнайтын алаңқайлары жаңартылса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазір қалалық білім бөлімі қалалық мәслихат депутаттарының ұсынысымен осы мәселелерді назарға алып отыр.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button